Өтеусіз грант – 20 млн. доллар, оны өңірлердегі жастардың қызметіне беру жоспарлануда.
Таяуда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Жастар корпусын дамыту жобасы бойынша келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын ҚР Парламенті Сенатында ұсынды.
Грант туралы Келісім жастарды ынталандыруға, әсіресе табысы аз, жұмыссыз, мүгедек жандар және осал топтардан шыққан жастарды әлеуметтік жобаларды іске асыруға және табыс табуға мүмкіндік беру мақсатын көздейді.
Келісім аясында 18-29 жас аралығындағы жастарға ұсынылатын қоғамдық пайдалы қызметті іске асыратын жобалар қаржыландырылады деп болжамдалуда.
Бұл жастардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға, мүгедек жандарға көмек көрсетуге, білім беруге және үйретуге, жастарға кеңес беруге, жергілікті жерді абаттандыруға, жануарларды қорғауға және т.б. жұмыстарға арналған жобалар болуы мүмкін.
Жалпы, грант бойынша 8,5 мың жасты қамтитын 1 700-ден астам жобаны қаржыландыру (жастардың басым бөлігі отбасы аз қамтылған, жұмыссыз және басқа жастардың осал топтары), сонымен қатар, 100 жастар ұйымын қамту жоспарлануда.
Осы жобаны іске асыру үшін қанатқақты өңірлер ретінде Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстары айқындалды.
Әр жобаға 4 мың АҚШ доллары бөлінеді, ол 6 ай бойы іске асырылады. Бұдан басқа, жобаларға қатысушылар ай сайын әлеуметтік стипендия алады (140-тан 325 АҚШ долл. дейін).
Жобаға қатысуға ниет білдірген жастардың (5 адамға дейін) топтары өз жобаларымен әкімдіктің жанында жұмыс жасайтын Жастардың ресурстық орталықтарына барады. Ұсынылған жобаларды ҚР БҒМ құрған қоғамдық қайраткерлерден, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын арнайы Комиссия іріктейді. Жастар конкурсқа ынталы топтардың құрамында және жастар (қабылдаушы) ұйымдары арқылы қатыса алады.
Келісім ратификацияланғаннан кейін, барлық ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыратын Үйлестіру агенттігін тарту үшін халықаралық конкурс жарияланады.
Жобаны іске асыру мерзімі 2016-2017 жылдар болып белгіленді.
Назар ҚАСЫМ.