16 Ақпан, 2016

Өндірістік кооператив – даму тұтқасы

683 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
камкор1– дейді Қазталов несие серіктестігінің төрағасы Абай Бағысов Қазталов несие серіктестігінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Әрине, бұл несие серіктестігі алғашқы жылдары қиындыққа кезіккені белгілі. Алайда, Абай Бағысов жетекшілік жасаған уақыттан кейін оның жұмысы әрі қарай дамып, баяу жүрістен гөрі, желуге көшті. Былайша айтқанда, көшке ілесті. Осыған орай Қазталов несие серіктестігінің төрағасы Абай Бағысовты әңгімеге тартқан болатынбыз. Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында ауыл шаруашылығы саласын алға қарай дамытуды мін­деттегені белгілі. Қараөзен мен Сарыөзеннің ортасында ор­наласқан біздің аудан мал ша­руашылығын дамытуға өте қо­лайлы өлке, деп бастады ол әңгімесін. Несие серіктестігінің алғаш­қы жылдары жұмысының нәти­желі болмағанын жасыруға болмас. Оның да өзіндік се­беп­тері болды. Көптеген шаруа қожалығы жетекшілері осы серіктестікке мүше болып кіргенде, белгілі бір нәти­желерге жете аламыз ба, алмаймыз ба, деген күмәнді ойлардың жетегінде болғаны рас. Уақыт өте келе адамдар бұл несие серік­тес­тігінің өз шаруаларын дөңгелетуге дәрмені бар екенін түсі­не бас­тады. Соның айғағындай, қазіргі күнде несие серіктестігі 61 ша­­руа қожалығының және 1 кәсіпкердің басын біріктіріп, үлкен шаруалар тыңдыруда. Биыл тағы да оған 6 шаруа қожалығы кіруге өтініш біл­діріп отыр. 10 жылдың ішінде несие серіктестігіне 510 млн. теңге несие қаражат берілген болса, соның 450 млн. теңге несие қаражаты соңғы 3 жылда берілді. Бұл соңғы жылдары несие серіктестігі мүшелерінің мемлекеттік бағдарламаларға кеңінен қатысуын байқатады. Серіктестік мүшелері, әсіресе, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы бағдарламаларға ықылас танытуда. Осы несие серіктестігіндегі «Қамқор» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Хасанов қой малын асылдандыру жұ­мыс­тарымен айналысу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алған несие қаржысына Атырау облысы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінен 1000 бас еділбай қойын сатып алса, ал «Ақбота» шаруа қожалығының жетекшісі Мереке Қайбошев пен «Дулат» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Малаев та осындай бағдарламалармен шаруаларын дөңгелетуде. Енді бір «әттеген-ай» деп айтатын мә­селе, серіктестіктің кейбір мү­шелері әлі осындай деңгейге жете қойған жоқ. Сондықтан мемлекет қолдау көрсетіп жатқан бағдарламаларға олар қорықпай қатысса екен деймін. Ұйымдастыру және түсінік жұмыстарының нәтижесінде 2013-2015 жылдар аралығында не­сие серіктестігі 992 ірі қара, 4050 қой-ешкі, 198 бас жылқымен толықтырылса, 15 трактор, 1 экскаватор, 1 КамАЗ, 2 автокөлік және 10 ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталып отыр. Бұл алдағы уақытта серіктестік мүшелерінің өз жұмыстарын алға қарай жылжытуына мүм­кіндік береді деген сөз. Бөліп айтар бір қуанарлық жағдай, несие серіктестігінің бір мүшесі 2015 жылы 75 млн. теңге несие алуға қол жет­кізді. Бұл бұрын-соңды болып көр­меген нәтиже. Несие серіктестігі өзінің «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ алдындағы қойған міндеттерін орындауда рес­публика бойынша бірінші орында тұр. Демек, бұл несие серіктестігінің Қараөзен мен Сарыөзеннің ортасында орналасқан ауданның ауыл шаруашылығын дамытуда өзіндік ойып алар орны бар деп білеміз. Өткен желтоқсан айында Астана қаласында өткен «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ-тың 15 жылдық мерекесіне қатысып келдім. Сонда бола­шақта несие серіктестігінің жұмысын алға қарай дамытатын біраз мағлұматтар алып келсем, сонымен қатар әріп­тестеріммен де пікірлестім. Бұл алдағы уақытта біздің жұмы­сымызға жаңаша серпін береді деп санаймын. Қазіргі күнде несие серік­тестігі Аграрлық несие корпо­рациясының бастауымен округтерде ауылдық өндірістік коо­ператив құруды қолға алуда. Осы арада бір айта кетер жәйт, ауылдық жерде өндірістік коо­ператив құрмай, жеке-жеке даму болмайтынын түсінуіміз керек. Өйткені, шетелде осы үр­діс жақсы дамыған екен. Сол үр­дісті біз де пайдалануымыз қажет. Енді осы несие серіктестігі жұмысының алға басуына серіктестікте қызмет істеп жат­қан мамандардың да еңбегінің бар екенін айтуға тиіспін. Бүгінгі күнде қызмет ететін 6 маман түрлі сала бойынша се­ріктестік мүшелеріне түрлі кеңестер беріп, олардың құжат­тарын уақытылы әзірлеп отырады. Нәтижесінде шаруамен айналысып жатқан серіктестік мүшелері өз уа­қыттарын тиімді өткізуде. Жазып алғандар Гүлфия Көшбаева, журналист, Темір Құсайын, «Егемен Қазақстан».  Батыс Қазақстан облысы.