16 Ақпан, 2016

Әңгіме өзегі – әділ сайлау

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
16-02-2016 communicationПрезидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия облыстық бөлімшесінің мүшелері БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, онда сайлауды әділ де ашық өткізу мәселесі негізгі тақырып арқауына айналды. Ол туралы бөлімшенің же­тек­шісі Сергей Худяков әңгімелеп берді. Оның сөзіне қарағанда, Парламент Мәжілісі сайлауы мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын халықаралық талап­қа сай ұйымдастырудың мүмкін­діктері қоғамдық ұйымдар тарапынан да жіті қарастырылып отыр. Ең басты міндет саяси науқанды заңға сай өткізу, түрлі бұрмалаушылықтарға жол бермеу болып табылады. Партиялық тізім бойынша өз үміткерлерін ұсынған саяси партиялармен жүздесудің кестесі жасалған. Ол бойынша айтылған ұсыныстар мен өтініштер барынша ескерілетін болады, дей келіп, Сергей Герольдович одан әрі облыс орталығында құрылған қоғамдық комиссия құрамына тәжірибелі адамдардың тартылғанын, мұндай құрылымдар аудандарда да өз жұмысын бастағанын жеткізді. Комиссия мүшесі Ақләйлек Жаукина өз сөзінде саяси науқан кезінде заң бұзушылықтардың орын алмауын бақылау және оның алдын алу жұмыстарымен айналысудың тиімді жолдары белгіленгенін, депутаттықтан үмі­т­керлердің сайлауалды шара­ларының заңдылығын, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүр­гізілетін насихаттағы тепе-теңдікті қадағалаудың маңызына тоқталды. Комиссияға еріктілер біріктіріле отырып, бүгінде олардың саны 700-ден асқан. Олардың саяси біліктілігін жетілдіру мақсатымен нұсқаулық кітапшалар таратылып берілген. Қысқа мерзімді семинарлар, дөңгелек үстелдер жеке жауапкершіліктері мен білімдерін көтеруге бағытталған. Брифингке қатысқан Сайлауды бай­қау жөніндегі республикалық қоғам­дық комиссияның жергілікті өкілдері сайлау кезінде сайлау учас­келері бойынша байқаушылар рөлін де атқаратындарын мәлім­деді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.