17 Ақпан, 2016

«Горняк» – чемпион

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сурет чемпион ГорнякХромтау қаласында өткен 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы допты хоккейден Қазақ­стан Республикасының біріншілігі мәреге жетті. Дөң тау-кен байыту комбинатының сауықтыру-дене­шынықтыру кешенінде төрт күн бойы еліміздің өңірлерінен келген бес команда ел біріншілігінің алтын жүлдесін сарапқа салды. Осы кешеннің жанындағы допты хоккей секциясының тәрбиеленушілері финалда Орал қаласының командасын, 4:2 есебімен жеңіп, ел чемпионы атанды. «Горняк» командасының алты ойыншысы еліміздің құрама командасына шақы­рылды. Енді олар 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер ара­сындағы Ресейдің Архан­гельск қаласында өтетін әлем бі­рін­­ші­лігінде ел намысын қор­ғай­тын болады. Олар – Азат Бектұрғанов, Әмір Қадыржанов, Никита Марусич, Андрей Семин, Талғат Рамазан және Дмитрий Бодиш. – Біздің балалар өте жинақы және шебер ойнады. Қарсыластарымыз да осал емес. Шәкірттерім, әсіресе, финалда әдемі ойын өрнегін көрсетті, – дейді жаттықтырушы Амансерік Ұстабаев. Допты хоккейден ел біріншілігі Дөң тау-кен байыту комбинаты сауықтыру-денешынықтыру кешені базасында 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Үстіміздегі жылы наурыз айында мұнда ең жас хоккейшілердің арасында ел біріншілігін өткізу көзделуде. Комбинат директоры Марал Бекеев допты хоккейден Қазақстан чемпио­натын Хромтауда өткізу дәстүрге айналғанын айта келе, бұл үрдістің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сендірді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.