17 Ақпан, 2016

Мәңгілік Ел идеясы – ұрпаққа ұлағат

24125 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ERA_1762Қазақ елі, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала елі деген киелі ұғымдар уақыт көшімен қилы дәуірді бас­тан өткерген халқымыздың өткені мен бүгінгі хал-күйінен хабар беретіндей. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы Қазақ­стан халқына Жолдауында «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!» деген болатын. Ғажайып ізденіс қана ғаламат серпіліске негіз бола алатынын Елбасымыз халыққа арнаған «Қа­зақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында сарабдалдықпен дәлелдеп, Қазақстан жолының ортақ мақсаты, мүддесі, бола­шағы қандай қорытындымен түйін­делетінін, ең бастысы – қандай ел құрумен тиянақталатынын тү­сіндіріп, жаңа дәуірдің кемел келбетін сомдады. Отанға деген шынайы махаббат, кейінгі ұрпақ алдындағы парасатты парыз аталарымызды Ұлы Жеңіске жеткізді. Қазақ хандығын құрудан басталған қасиетті борыш «Мәңгілік Ел» идеясына негіз болып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жол ашатын тың серпіліске бастады. Мәңгілік Елдің негізгі тірегі – тіл. Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейлі сессиясында Елбасымыздың әлемнің ең беделді жиынының мінберінен ана тілімізде сөйлегені елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі ұлт абыройын асқақтататынын Елбасы осылай дәлелдеді. Көпұлтты Қазақстанның бүгінгі алған асулары мен қол жеткізген биігінің бастауы – бейбітсүйгіш хал­қымыздың қонақжайлығы мен кішіпейілдігі, төзімділігі мен ең­бекқорлығы, елімізді мекен­дейтін әртүрлі этностардың қазақ­тың дәстүрлі құндылықтарын қадір­леген өзара дос пейілдігі секілді асыл қасиеттері. Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі біздің түсінігіміздегі мемлекет. Мәңгілік Ел идеясын жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін ежелгі Ұлы Даланың мұрагері, көне ұлттық дәстүрлердің жалғас­тырушысы ретінде танытуда. Дамыған, ықпалды мемлекет құруға ұмтылу, көптің бірі болып қалмау қазіргі ұрпақтың асыл мұраты болу керек. Себебі, қазіргі заманда тек белсенді, қуатты мемлекет қана әлемдік қатерлерге тө­теп бере алатын өміршең ел болып қала алады. Қазақ хандығының 550 жыл­дығы тарихқа тағзым ғана емес, қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің кезекті маңызды межесі, ең бастысы, болашақта ұлт ұрпақтарының ынтасын арттырып, азаматтардың жүрегінде мемлекетшілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүмкіндігі болды. Тарихты насихаттау, бабалар­дың ұлы істерін ұлықтау дегеніміз – мемлекеттілік рухын бірте-бір­те ұлттық идеологияға айналды­ру. «Мемлекеттілік» ұғымы тек мемлекеттік құрылым емес, мемлекеттілік дегеніміз – әр мем­лекеттің дамуы мен қызметін ұйым­дастыруға қажет идеялар мен көзқарастардың тұтастай жү­йесі. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасы, елдің болашағына қызмет ететін жасампаз идея. «Мәңгілік Ел» идеясы – мемлекеттілік дәс­түрі. Жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкіл­дерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтастықта өмір сүріп жатуы – еліміздің ұстанып отырған бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен жүзеге асырып отырған ауқымды әрекеттерінің көрінісі. Сан ғасырлар бойы ата-баба­мыздың арманы, бүгінгі ұрпақ­тың ақиқаты болған қасиетті тәу­елсіздігімізді, елдігімізді сақ­тап, дамыған 30 елдің қатарына қосылу – Мәңгілік Ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсымыздың ортақ құндылықтарға өз үлесі­мізді қосуымыз шарт. Мәң­гі­лік Ел идеясы – біздің мүдде­ле­рімізге, қоғамымыздағы ты­ныш­­тыққа, ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағ­дары анық жол болмақ. Сол ар­қылы бізді бейбітшілік пен келі­сімді, ұлтaрaлық татулық пен толеранттылықты сақтaй оты­рып, сындарлы сәттерден сүрін­дірмейтін ұлы мұрат. Алдына межелі мақсаттар қоя білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын, ділі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар халық қана тарихта «Мәңгілік Ел» болып қалатыны анық. Бүгінгі қазақ елінің басты мақ­саты – әлеуеті жоғары, экономи­ка­сы мығым,бірлігі жарасқан, бә­секелестікке қабілетті, ең мы­қ­­­ты 30 елдің қатарынан көрі­ну. Осы ретте, Қазақстан Республи­касының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәң­гілік Ел» бастамасы ұлы мақ­сат­­тарға жете­лейтін игі қадам бо­лары анық. Бостандық, еркіндік, тәуел­сіздік – бабалар арманы. Ал тәу­елсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздыққа жол бермеу қажет. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат керек. Тәуелсіздік алып, ел болып есімізді жинаған күннен бас­тап, қазақтың қамын жейтін перзенті – Нұрсұлтан Әбішұлы елдің жоғын жоқтап, асылын ар­дақтап келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – Елба­сымыздың сындарлы саясат­керлігінің жемісі. Қазaқстан өз егемендігін ал­ған алғашқы күннен бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Нaзарбaев: «Алдымен – экономика, содан соң сaясат» деп көрсеткен болa­тын. Бұл бaғыттың ең дұрыс, әрі тиімді таңдау екендігін өмірдің өзі дәлелдеді. Соның нәтижесінде Қaзaқстан Республикасы – әлемдік деңгейдегі қуaтты мемлекеттермен иық теңестіріп, көптеген мемлекеттердің алдына шығып, көш бaстап отыр. Мақсатсыз елдің тарихта қа­луының неғайбыл екенін тереңнен түсінетін, ұлттың жасампаздығына ұлттық идея қажет екенін бүкіл болмысымен сезінетін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жол­дауында «Мәңгілік Ел – ата-ба­бамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қа­тынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуат­ты, түтіні түзу шыққан, ұр­пағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз үшін бола­шағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жү­регі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәң­гілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұр­пақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел», – деген болатын. Осы Жолдаудағы елді елең еткізген басты жаңалық – «Мәңгілік Ел» идеясының жария­лануы еді. 10 нақты идеяны айқындаған Елбасының басты мақсаты – ата-бабамыздың арманы болған Ұлы Дала халқын «Мәңгілік Ел» етіп, тарихта қалдыру. Бүгінде халқымыз «Мәңгілік Ел» идеясы – Түркі қағандарының, Қазақ хандарының қалауы, Абай­дың арманы, Алаш қайрат­кер­лерінің ғасырлар бойы арман­даған, елді ымыраға ұйыстыратын, ірі мақсатқа жұдырықтай жұмыл­дыратын, ұлттық идеология екендігін ұғынды. Сондықтан да, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын әрбір азамат жалаудай желбіретіп, ұстанымдарын, бағыт-бағдарын көзінің қарашығындай сақтап, жоғалтпай, келер ұрпаққа аманат ете білуі қажет. Бір кездері бабаларға арман болған, аталарымыздан аманатқа қалған аңызды ақиқатқа айналдыратын «Мәңгілік Ел» идеясы ұлт мұраты болып, келешек ұрпақты ізгі ниеттерге жетелейтіні анық. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы, келешек ұрпаққа тағылым. Осы ұлы мұратты жүзеге асырсақ, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың ал­дындағы парызымыздың өтелері хақ. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің ұландары ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, «Мәңгілік Елдің» болашағы баянды, келешегі нұрлы болары айқын. Аз уақытта дамыған елу елмен иық теңестірдік, енді отыздықтың ортасынан ойып орын алуға ұм­тылудамыз. Мемлекеттік сая­саттың тірегі– халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік Елдің шаңырағы да биік болатыны анық. Мәңгілік Ел – болашақтың жобасы, сондықтан ол ұрпақтар сабақтастығы мен жалғасатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құнды­лықтары туралы салиқалы ойлар айтып, ұрпаққа ұлағат болатындай игі істер атқару – бүгінгі ұрпаққа міндет, келешек ұрпаққа – аманат. Жорабек ДӘУРЕНОВ, Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директорының орынбасары. АСТАНА.