Қазақ елі, Мәңгілік Ел, Ұлы Дала елі деген киелі ұғымдар уақыт көшімен қилы дәуірді бастан өткерген халқымыздың өткені мен бүгінгі хал-күйінен хабар беретіндей.
Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!» деген болатын.
Ғажайып ізденіс қана ғаламат серпіліске негіз бола алатынын Елбасымыз халыққа арнаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында сарабдалдықпен дәлелдеп, Қазақстан жолының ортақ мақсаты, мүддесі, болашағы қандай қорытындымен түйінделетінін, ең бастысы – қандай ел құрумен тиянақталатынын түсіндіріп, жаңа дәуірдің кемел келбетін сомдады.
Отанға деген шынайы махаббат, кейінгі ұрпақ алдындағы парасатты парыз аталарымызды Ұлы Жеңіске жеткізді. Қазақ хандығын құрудан басталған қасиетті борыш «Мәңгілік Ел» идеясына негіз болып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жол ашатын тың серпіліске бастады.
Мәңгілік Елдің негізгі тірегі – тіл. Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейлі сессиясында Елбасымыздың әлемнің ең беделді жиынының мінберінен ана тілімізде сөйлегені елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі ұлт абыройын асқақтататынын Елбасы осылай дәлелдеді.
Көпұлтты Қазақстанның бүгінгі алған асулары мен қол жеткізген биігінің бастауы – бейбітсүйгіш халқымыздың қонақжайлығы мен кішіпейілдігі, төзімділігі мен еңбекқорлығы, елімізді мекендейтін әртүрлі этностардың қазақтың дәстүрлі құндылықтарын қадірлеген өзара дос пейілдігі секілді асыл қасиеттері.
Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел – бүгінгі біздің түсінігіміздегі мемлекет. Мәңгілік Ел идеясын жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін ежелгі Ұлы Даланың мұрагері, көне ұлттық дәстүрлердің жалғастырушысы ретінде танытуда.
Дамыған, ықпалды мемлекет құруға ұмтылу, көптің бірі болып қалмау қазіргі ұрпақтың асыл мұраты болу керек. Себебі, қазіргі заманда тек белсенді, қуатты мемлекет қана әлемдік қатерлерге төтеп бере алатын өміршең ел болып қала алады.
Қазақ хандығының 550 жылдығы тарихқа тағзым ғана емес, қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің кезекті маңызды межесі, ең бастысы, болашақта ұлт ұрпақтарының ынтасын арттырып, азаматтардың жүрегінде мемлекетшілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүмкіндігі болды.
Тарихты насихаттау, бабалардың ұлы істерін ұлықтау дегеніміз – мемлекеттілік рухын бірте-бірте ұлттық идеологияға айналдыру. «Мемлекеттілік» ұғымы тек мемлекеттік құрылым емес, мемлекеттілік дегеніміз – әр мемлекеттің дамуы мен қызметін ұйымдастыруға қажет идеялар мен көзқарастардың тұтастай жүйесі. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы ұлттық-мемлекеттік идеяның іргетасы, елдің болашағына қызмет ететін жасампаз идея. «Мәңгілік Ел» идеясы – мемлекеттілік дәстүрі.
Жүз отызға жуық ұлттар мен он сегіз конфессиялық топ өкілдерінің береке-бірлігі жарасып, ынтымақтастықта өмір сүріп жатуы – еліміздің ұстанып отырған бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы ұтымды саясаты мен жүзеге асырып отырған ауқымды әрекеттерінің көрінісі.
Сан ғасырлар бойы ата-бабамыздың арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамыған 30 елдің қатарына қосылу – Мәңгілік Ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсымыздың ортақ құндылықтарға өз үлесімізді қосуымыз шарт. Мәңгілік Ел идеясы – біздің мүдделерімізге, қоғамымыздағы тыныштыққа, ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол болмақ. Сол арқылы бізді бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен толеранттылықты сақтaй отырып, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.
Алдына межелі мақсаттар қоя білетін, ертеңіне сеніммен қарайтын, ділі мен дініне берік, жастары алғыр, рухы биік, жақсылыққа жаны құштар халық қана тарихта «Мәңгілік Ел» болып қалатыны анық.
Бүгінгі қазақ елінің басты мақсаты – әлеуеті жоғары, экономикасы мығым,бірлігі жарасқан, бәсекелестікке қабілетті, ең мықты 30 елдің қатарынан көріну. Осы ретте, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» бастамасы ұлы мақсаттарға жетелейтін игі қадам болары анық.
Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – бабалар арманы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздыққа жол бермеу қажет. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жетелейтін бағыт-бағдар, мақсат-мұрат керек.
Тәуелсіздік алып, ел болып есімізді жинаған күннен бастап, қазақтың қамын жейтін перзенті – Нұрсұлтан Әбішұлы елдің жоғын жоқтап, асылын ардақтап келеді. Бүкіл әлем қызыға қарайтын еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық – Елбасымыздың сындарлы саясаткерлігінің жемісі.
Қазaқстан өз егемендігін алған алғашқы күннен бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Нaзарбaев: «Алдымен – экономика, содан соң сaясат» деп көрсеткен болaтын. Бұл бaғыттың ең дұрыс, әрі тиімді таңдау екендігін өмірдің өзі дәлелдеді. Соның нәтижесінде Қaзaқстан Республикасы – әлемдік деңгейдегі қуaтты мемлекеттермен иық теңестіріп, көптеген мемлекеттердің алдына шығып, көш бaстап отыр.
Мақсатсыз елдің тарихта қалуының неғайбыл екенін тереңнен түсінетін, ұлттың жасампаздығына ұлттық идея қажет екенін бүкіл болмысымен сезінетін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел», – деген болатын. Осы Жолдаудағы елді елең еткізген басты жаңалық – «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы еді.
10 нақты идеяны айқындаған Елбасының басты мақсаты – ата-бабамыздың арманы болған Ұлы Дала халқын «Мәңгілік Ел» етіп, тарихта қалдыру.
Бүгінде халқымыз «Мәңгілік Ел» идеясы – Түркі қағандарының, Қазақ хандарының қалауы, Абайдың арманы, Алаш қайраткерлерінің ғасырлар бойы армандаған, елді ымыраға ұйыстыратын, ірі мақсатқа жұдырықтай жұмылдыратын, ұлттық идеология екендігін ұғынды. Сондықтан да, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын әрбір азамат жалаудай желбіретіп, ұстанымдарын, бағыт-бағдарын көзінің қарашығындай сақтап, жоғалтпай, келер ұрпаққа аманат ете білуі қажет.
Бір кездері бабаларға арман болған, аталарымыздан аманатқа қалған аңызды ақиқатқа айналдыратын «Мәңгілік Ел» идеясы ұлт мұраты болып, келешек ұрпақты ізгі ниеттерге жетелейтіні анық.
«Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы, келешек ұрпаққа тағылым. Осы ұлы мұратты жүзеге асырсақ, бабалардың алдындағы қарызымыз бен балалардың алдындағы парызымыздың өтелері хақ. Қазақстан әлемдегі алып елдердің қатарынан өз орнын алса, әлемге танылған елдің ұландары ел мен жердің иесі болатындай намысты болып жетілсе, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса, «Мәңгілік Елдің» болашағы баянды, келешегі нұрлы болары айқын.
Аз уақытта дамыған елу елмен иық теңестірдік, енді отыздықтың ортасынан ойып орын алуға ұмтылудамыз. Мемлекеттік саясаттың тірегі– халықтар достығы, ел бірлігі, қоғам тұтастығы. Осы үш тұғыр бекем болса, Мәңгілік Елдің шаңырағы да биік болатыны анық.
Мәңгілік Ел – болашақтың жобасы, сондықтан ол ұрпақтар сабақтастығы мен жалғасатыны мәлім. Ұлы Дала елінің ғаламат тарихы мен қайталанбас құндылықтары туралы салиқалы ойлар айтып, ұрпаққа ұлағат болатындай игі істер атқару – бүгінгі ұрпаққа міндет, келешек ұрпаққа – аманат.
Жорабек ДӘУРЕНОВ,
Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің Мәдениеттер мен діндердің
халықаралық орталығы директорының орынбасары.
АСТАНА.