Әйгілі астроном Ұлықбектің «аспандағы ай мен жұлдыздан гөрі қасыңдағы адамды тану қиын» дейтін сөзі бар. Солай демекші, әріптестің әріптес туралы қалам тербеуі де қиын деп жатады. Мүмкін. Кімге қалай? Алайда, жұрттың бәрі тап басып танып, кілтін тауып жазатын Бауыржан Омарұлы емес, әрине. Бірақ, сол Бауыржан айтпақшы, «көсемсөздің Қаллекиі» – Қали Сәрсенбай жөнінде жөн сөз айту қиындық тудырмайтынына шүбә жоқ.
Жуырда газетімізде Қалидың атақты, белгілі тұлғалардың көпшілік байқай, аңғара бермейтін болмысындағы, мінез-құлқындағы танымалдықтың көлеңкесіндегі пендешілігін ұңғыл-шұңғылына дейін қаузай жазған керемет әңгімесі басылды. Соны оқи отырып, Қалидың өзі психолог жазушы екен деп бір қойғанымыз бар. Ал бүгінде қазақ баспасөзінде өзіндік орны, өз жазу мәнері бар, қалыптасқан қаламгер Қали Сәрсенбайдың бұдан бұрын араға бірнеше жыл салып шыққан «Сендерді сағынғанда», «Өнер-өмір», «Тұлға-тағдыр» атты шағын әңгімелер, эсселер, ой-толғаныстардан тұратын кітаптары да бір деммен оқылып, оқырманның бағалы пікіріне ие болса, енді «ARNA-B» баспасынан жарық көрген төртінші кітабы – «Шал мен шындық» та бірден елітіп әкетіп, жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түскендей.
Мәселен, кейбір мақалаларының өзі әңгімеге бергісіз оқылатын Қалидың кітаптағы төрт бөлімнің беташарына жазылған бірауыз сөздің өзі талай жайтты аңғартса керек.
«СӨЗ СӘУЛЕСІ». Қандай әдемі тіркес. Біз Күннің зор энергия көзі, барлық дүниеге сәуле шашып, жердегі тіршілікке жарық пен жылу беретінін білеміз. Ал сөздің сәулесі ше?! Шын мәнінде сәулелі ойдан сәулелі сөз тумай ма? Яғни, сөз сәулелі, нұрлы болса, жаныңа шуақ шашады, жаныңды жадыратады, қуантады. Одан жаның семіреді.
«Ой да, сөз де бейнебір сиқыр тәрізді. Келіп, кетіп жүреді. Кейде ұстайсың, кейде ұзақ уақыт жалынан сипатпай кетеді. Жұрттың бәрі «ұшып бара жатқан сөзді ұстап алатын» (М.Қаратаев) Әлімбаев емес, әрине. Дей тұрғанмен де, оңашадағы ойлардың қағазға түскен мына нұсқасы да ұзақ жылдар бойғы ой кешулердің бірде арық, бірде семіз шыққан түрі.
Бұл да бір «жалқау» не «жедел» жанр түріне жата ма, кім білсін?! Оқи отырыңыз» дейді.
Әсіресе, кітаптағы тақырып табу, таңдау, тану және талдау өз алдына, оны берудегі мәдениет қандай! Одан зиялылық, зипалық, зияткерлік есіп тұр. Оның шығармашылығының шырайын келтіріп тұрған егіз стихиялар осы. Содан кейін де оның жазғаны назар аудартады, ойландырады, толғандырады, күрсіндіреді. Әрбір мақала, эссе, шағын ой-толғаныстардан алған әсерді талқылау үшін көлемді мақала жазу керек болар. Ал енді қысқа қайырсақ, тақырыптың өзіне зер салсаңыз да жетіп жатыр, еріксіз оқи жөнелесіз.
«Ешкімді сағынбайтын баланы көрдім», «Қоғам үшін пайдалы адам – театрға өз еркімен, ынтығып барған адам», «Кішкентай шындық», «Шал мен шенеунік», «Құдайдың бергеніне қанағат деген болмай тұр», «Атқа қай жағынан мінуді білмейтіндер», «Жақсы көру сезімі дамымай қалған адамдар бар», «Өсектің өлетін күні бар ма екен?!», «Көргенсізде көз болмайды», «Ақиқат айтылған жерде өзіңді адам сезінесің», «Бізді Қадыр құтқарып жүр», «Кеңдікті теңдік деп түсінетіндер бар», «Домбыра ұстай білген бала елді де ұстай біледі», «Теледидар тойхана емес», «Моншаға галстук тағып баратын адам», «Құстан асқан әнші жоқ», «Сөз адасып жүр», «Шал мен шындық», «Әкелерімізден әулиеміз бе?», «Дилетанттар – рухани қалдықпен өмір сүретіндер», «Шіркін, шындық», «Партиялар алдымен Абайды оқысын», «Өз жаныңыз өзіңізде ме?». Осылай кете береді.
Медицинада белгілі бір дертті анықтауда оның диагнозын, яғни аурудың себебін табу шешуші рөл атқарады. Егер диагнозын дәл тапсаңыз, еміңіз жүріп, науқас тез айығады. Қоғамда да дәл солай. Егер кеселін дәл тапсаңыз, ол тез «емделеді». Міне, Қали cол қоғамның да, өмірдің де келеңсіз тұстарына, пенделердің пендешіліктеріне өз «диагнозын» қояды. Және дәл қояды. Сөйтіп, шындық пен жалғанның ара жігін ашуға, әр дүниесінің шешімін пәлсапалық оймен түйіндеуге тырысады. Осылайша, шындықтың шыңы – ақиқатқа жетуге тырысады. Ал шығармашылықта шындықтан, ақиқаттан, астарлы ойдан артық көркемдік жоқ. Осы ретте Л.Н.Толстойдың «Адамның шыншылдығының дәрежесі арқылы оның ұжданына баға беруге болады» деген дуалы сөзі ойға оралады.
Тағы ескеретін жайт, Қали шындықты жазуда қашанда аз сөзбен көп ойды білдіріп отыратыны. Сондықтан мен де көп сөйлемей қысқа қайырымдармен шектеліп көрейін. Мәселен, былай: Таңдану. Тамсану. Таңырқау. Дегдарлық. Тектілік. Оның жазуынан осы қасиеттер ұшқындап, лиризм лебі есіп отырады. Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаев айтпақшы, «Қалида әлемдік хрестоматияларға енгізіп жіберетін сөздер баршылық». Сол Мұзағаң ертеректе «Егемен Қазақстанда» Қали Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» кітабына жазған мақаласында «Қалидың кейіпкерді ашудағы ізденістері қайран қалдырады» дегені бар еді.
Осы ой тұрғысынан келіп кітаптағы «Тұлғатану» бөліміне үңілсеңіз, халқымызға белгілі, кейбір қыры мен сыры белгісіз тұлғалы азаматтардың таңғажайып өмірі, қызық та қиын тағдыры таптырмас деталь, штрихтармен әрі көркем, әрі шебер баяндалады. Елін, жерін, ұлтын жүрегімен сүйген ерлердің бекзат болмысын сөзбен саралаған, майлы бояумен бедерлеген полотнолар – парасат полотносы дерсің.
Енді бір таңырқататын жағдай бар. Әдетте, сырт көзге шенеунік көрініп ел басқарып жүрген азаматтар туралы тауып жазу да оңай шаруа емес. Бұл ретте Қали: «Үш әкімді бір кісідей болмаса да біршама біледі екенмін. Олар – Ахметжан Есімов, Иманғали Тасмағамбетов, Бердібек Сапарбаев. Әншейінде көсіліп шабатындардың мұндай тұлғалар туралы жазғанда бауырын жаза алмай қалатыны да рас. Себебі, ел басқарып отырған адам туралы жазу – қиынның қиыны. Оның үстіне олар өзін жарнамалауды көп қажетсінбейді. Ол жұрттың көз алдында жүрген өнер адамы ия саясаткер емес. Әкімдердің ерекшелігі, көзге көрінбейтін қыр-сыры көп. Меніңше, олар жайлы көбіне әбжіл, саққұлақ, көргені, түйгені көп журналистер ғана қалам тербей алады. Сондықтан, оларға біртабан жақын жүрген адамның шындыққа үйлесімді дүние жазатынына, жұртқа беймәлім қырларын аша алатынына көп негіз бар. Кейде журналистік әуесқойлыққа салып білмей жазамыз, ал білмейтін адам өзін де, өзгені де адастырады, айта береді.
Қысқасы, мынау дау-дамай, талас-тартысы көп қоғамда әкім – оң жамбасқа келетін тақырып емес. Сондай-ақ, қоғамда әкім туралы дүниені қабылдаудың да өз қиындығы бар. Ол үшін дерегің мен дәйегің үйлесіп, сыңғырлап тұруы керек.
Бұларды іштартатының, өмірге де жақын, өнерге де жақын. Бұл елге жақын деген сөз. Оларда халықтың жан дүниесін түсінуге деген ынта-ықылас зор», – деп тұлғалар туралы тосын толғанысқа кіріседі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы туралы «Елтану мен тұлғатану» атты толғанысы, «Тұлғаның толғанысы» (Қасымжомарт Тоқаев), «Тұлғаны тұлғаның тануы», «Рухани тұлғаның ел басқарғаны – екі есе бақыт» (И.Тасмағамбетов), «Тегін адам ел басқарады ма?» (А.Есімов), «Ертеде бір әкім болыпты...» (Б.Сапарбаев), «Абылайдан Ақселеудің арманына дейін», т.б. портреттердегі тапқырлыққа, танымдық жайларға тәнті болмасқа әддің жоқ.
«Бүкпесіз әңгіме» аталатын төртінші бөлімдегі сұхбаттардың аты айтып тұрғандай әңгімесі бүкпесіз. Ақжарылқап сыр ақтару, терең ой, ұтқыр ұсыныстар, көзқарастар қайшылығы, тоғысып жатқан ой кешулерді бейжай оқу мүмкін емес.
Енді кітаптың атауына келелік. Оқырманның шал мен шындықтың арасында қандай байланыс барын күтуі заңдылық. Небәрі бір жарым бетке толмайтын осы мақалада Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста саяси кеңістіктегі тартыста қазақтың намысын жыртып, құрғақ сөзбен емес, басын бәйгеге тігіп, азаматтық позициясын сөзбен емес ісіммен көрсетемін, қоғамдағы шындықты айтамын деп өз қаржысына әйелінің алтынын, басындағы баспанасын сатып «Казахская правда» газетін жалғыз өзі шығарып дүниеден шырылдап, шырқырап өткен Алдан Айымбетов туралы толғайды. Мақала «...Көше бойымен көптің бірі болып, шынашақтай ғана бір шал кетіп барады. Шындық кетіп барады. Қай жерге дейін барады екен...» деп аяқталады. Иә, бұдан Қали әрқайсымызға артымыздан осылай ертіп жүретін өз шындығымызға күнде болмаса да анда-санда бір бұрылып қарап тұрсақ деген ой тастайды.
Қысқасы, «Шал мен шындық» оқылатын кітап. Аз айттың не, көп айттың не, ең бастысы, оқып шығыңыз. Қозғалмаған тақырып жоқ. Ой дегенің орман... Ал оқырманның іздейтіні де сол – оймақтай ойлы дүние. Қалидың бұл кітабын «Парасат полотносы» атағанымыз да сондықтан.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.