«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрі Мария театрының Концерт залында әлемге әйгілі маэстро, Ресейдің халық әртісі Валерий Гергиевтің дирижерлігімен өнер көрсетті. Бұл – театр труппасының Санкт-Петербургке алғашқы сапары емес, 2014 жылғы наурызда әртістер Мария театрының ескі және жаңа сахналарында Дж.Вердидің «Аттила» және М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын ұсынған болатын. Сонымен бірге, балет труппасы ең үздік хореографиялық нөмірлер мен балет үзінділерін тарту еткен еді.
Шынын айтқанда, Ресейдің рухани астанасын классикалық музыканың жауһар туындыларымен де, орындаушылық қырымен де таңғалдыру қиын. Алайда, Қазақстанның астаналық оркестрі талғампаз Петербург жұртшылығына мазмұны ерекше бағдарлама дайындады. Мұнда қазақ, орыс және батыс еуропалық композиторлардан, атап айтқанда, Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша думан» симфониялық күйі, Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» балетінен сюита, Ян Сибелиустің оркестр мен скрипкаға арналған концерті және Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен екі сюита бар. Ал Сибелиус концертінен қазақстандық белгілі скрипкашы Ержан Құлыбаев жеке партия орындады.
Бұл ретте «Астана Опера» мен Мария театрының басшылары екі жақты мәдени қарым-қатынастарды одан ары дамытуға мейлінше мүдделі екендіктерін айтты.
Еске сала кету керек, қазақстандық музыканттарды ресейліктер үш күн бойы аншлагпен қарсы алған сондағы шат-шадыман сәттер тарихи оқиға десек те, жас оркестрдің аз уақыттағы мұншама ірі жетістігі ұжымның шығармашылық өсіп-өркендеуінің нақты дәлелі іспетті. Елордалық театрдың табысы қала қонақтары мен тұрғындарының ғана емес, ресейлік БАҚ өкілдерінің айрықша назарына іліккені бөлек әңгіме. Олар туралы «Ресей газетінде»: «Солистерді басып тастауды емес, қолдауды мақсат тұтатын оркестр амортизацияланған ерекшелігімен, жұмсақтығымен, жинақылығымен, нақтылығымен және саздылығымен қайран қалдырды. Алдымызда – биіктерді мақсат еткен нағыз пассионарлар тұрғаны айдан анық», – деп баға берілді. («РГ».09.03.2014).
– Құрамында 95 адамы бар оркестріміз, міне, тағы да Мария театры сахнасында өнер көрсетіп, өте қуанышты жайтқа кенеліп қайтқан жайымыз бар, – деді «Астана Опера» МОБТ директоры Төлеубек Әлпиев журналистерге берген сұхбатында. –Себебі, әлемдік деңгейдегі сахналарда өнер көрсету арқылы ұжым жаңадан тәжірибе жинақтайды, өз қарымыңды өзгелермен салыстырып бағалауға мүмкіндік туады, ең бастысы, төл музыкамыз бен орындаушылық шеберлігімізді таныстыру мен насихаттауға жол ашады. Гастрольдік концерттің Валерий Әбісалұлының дирижерлігімен өткенін баса айтып өткім келеді, неге десеңіз маэстроның өзге оркестрлермен өнер көрсетуі өте сирек, әдетте, оны жұрт тек өз ұжымымен бөле-жармайды. Соған орай В.Гергиевтің бағдарлама бойынша қазақ, Еуропа музыкаларын қатар орындауға келіскені бізді қуантты.
Ресейлік маэстро «Астана Опера» театрымен 2014 жылдан бері тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, 4-5 қазанда Валерий Гергиевтің жетекшілігімен Мария театрының труппасы осыған жауап ретінде Астанада Рихард Вагнердің әйгілі «Нибелунг сақинасы» тетралогиясынан опералар қойғанын һәм қазақстандық көрермен оларды зор ықыласпен қабыл алғанын атап өткен абзал.
Қаршыға КҮЛЕН.