Қиыншылықтың заманында өлудің өзі оңайға соқпайын деп тұр. Неге десеңіз, ақтық сапарға аттандыру қызметінің бағасы аспанға шапшып кеткен. Мәселен, Қарағандыда жерлеу қызметінің бұл түрі бақандай 15 пайызға қымбаттапты.
Осы ақпараттан құлағдар болған облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков баға мониторингі бойынша арнайы топ құрып, жерлеу агенттіктері меншік иелерінің іс-әрекетінің қаншалықты дәйектілігін анықтау жөнінде тапсырма берді.
«Жерлеу қызметі неге 15 пайызға қымбаттады? Ақылға сыйымсыз! Сұраныс көбейді ме, не? Адамдардың басына қайғы келгенде, кейбіреулер бұл жағдайды пайдаланып, тиын-тебен табуға тырысады. Бұл мүлде жарамайтын қылық», – деді өңір басшысы.
Ол ол ма, Қарағандыда табыт пен азагүл ғана емес, дәрі-дәрмек те шектен тыс қымбаттап кеткен. Әсіресе, дәріхана иелері тұмау мен суық тию аурулары етек алып тұрған кезде жоғары сұранысқа ие дәрілер бағасының ноқтасын сыпырып тастаған. Облыс әкімі бұл жағдайдың да анық-қанығына жетіп, тиісті шаралар қабылдауды денсаулық сақтау басқармасының басшысына шегелеп тапсырды.
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі күнде облыс әкімінің тапсыруы бойынша жерлеу қызметі, дәрі-дәрмек және басқа да қызмет көрсету түрлері мен тауарлар бағасының жөнсіз өсуіне мониторинг жүргізетін арнайы топ құрылды. Оның құрамына кәсіпкерлік және экономиканы басқару басқармасының сарапшы-экономистері енген. Арнайы топтың мақсаты – артық ақша табамын деп бағаны шектен тыс асырып жіберген ынсапсыз кәсіпкерлерді анықтау.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.