19 Ақпан, 2016

«Сары құрлықты» мойындатқан

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
18-02-2016-Досжан Қартықовқазақстандық балуан Досжан Қартықов грек-рим күресінен Азия чемпионы атанды Бұрнағы күні Таиланд астанасы – Бангкок қаласында күрес түрлерінен, яғни еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресінен Азия чемпионаты басталды. Сайыстың бірінші жарыс күнінде-ақ қазақстандық «классик» балуандар үш бірдей жүлдеге қол жеткізді. Нақты айтқанда, 75 кило салмақта ел намысын қорғаған Досжан Қартықов құрлық чемпионы атанса, 66 килода бақ сынаған Асхат Жаңбыров күміс медальді мойнына тақты. Сондай-ақ, 80 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Асхат Ділмұхамедов қоржынға қола медаль салды. Досжан алғашқы белдесуінде Тайпей елінің өкілі Вен Сун Линді 12:2 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Түрікменстан сенім артқан Шермет Перменовті 8:0 есебімен жеңіп, айқын басымдық танытты. Ал жартылай финалда парсы балуаны Паям Абдех Салихтен 6:4 есебімен айласын асырды. Шешуші сында отандасымыз 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері өзбекстандық Диль­шод Турдиевпен күресті. Финалда да жоғары деңгейде белдескен отандасымыз қарсыласын 4:0 есебімен жеңіп, Азия чемпиона­тының «алтынын» алды. Өз кезегінде Асхат Жаңбыров Солтүстік Корея, Жапония және Өзбекстан балуандарын жеңіп, финалға дейін сүрінбей жеткен болатын. Дегенмен, бұл сында оның оңтүстіккореялық Гиук Чолға ша­масы жетпеді. Қола жүлдегер атанған Асхат Ділмұхамедов екінші белдесуінде өзі жеңілген ирандық Солтанморад Тахерсортангтың финалға шығуына байланысты үшінші орынға таласу құқына ие болды. Аталған айқаста ол бар бол­ғаны 31 секундта Вьетнамнан келген Дин Хиу Ниемнің жауырынын жер иіскетіп, жүлдеге қол жет­кізді. Өкінішке қарай, бұл күні кілемге шыққан тағы бір қазақстандық, 98 килода күрескен Жанарбек Қабдолов бірінші белдесуінде жеңгенімен, келесі айналымда Оңтүстік Корея балуанына жол берді. Айта кетейік, құрлық чемпионаты 21 ақпанда аяқталады. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».