19 Ақпан, 2016

Шыныққан шымыр болар

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ФармацевтикаЕске сала кету керек, 2010 жылғы 29 қара­шада ел Президенті «Қазақстан Респуб­ликасы­ның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту болып табылады, сонымен қатар бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруға, басқару мен қаржыландыруды жетілдіруге, медициналық, фармацевтикалық білімді жетілдіруге, инновациялық технологияларды дамытуға және медицинаға енгізуге, халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыруды жақсартуға, т.с.с мұнан да басқа көптеген маңызды салаларды қамтиды. Бағдарлама бойынша әсіресе, медициналық көмектің рөліне айрықша көңіл бөлініп, шалғай ауылдардағы, орталықпен қарым-қатынасы қиын өңірлердегі тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді болуы үшін арнайы көлік медицинасы ұйымдастырылса, соның ішінде қыстың көзі қырауда санитариялық авиацияның күшіне иек артушылар санының күрт артуы атап өтерлік жағдай. Солай дегенмен, мемлекеттік бағдарла­мадағы негізгі мәселенің бірі – тұрғындардың денсаулығын нығайтып, халықтың өмір сүру жасын барынша ұзарту десек, бұл ретте жалпы қарапайым жұртшылықтың денсаулығын жақсартуға талаптың барынша күшейтіліп отырғаны байқалады. Ол үшін мемлекеттен қыруар қаржының тікелей осы салаға бөлінуінде үлкен мән бар. Қазіргі таңда елімізде аталған жобаны жүзеге асыру үшін, азаматтардың денсаулығын жақсарту мен денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Соған орай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиа­да ойындары өткізілген болатын. Аталмыш іс-шараға «Медициналық биофизика, информатика және математика» кафедрасының оқытушылары арқан тарту, волейбол, шағын футбол ойындары бойынша сынға түсіп, облыс бойынша III орынды иеленді. Халық арасында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тамаша тәмсіл бар. Сол айтпақшы, саламатты өмір салтын сақтау ұлт денсаулығы қауіпсіздігінің бас­ты қағидасы, ұстанымы болуға тиіс. Осы әңгімеде жалпы оңтүстік жұртшылығының басқа өңірдегі ағайындарға қарағанда спортпен шұғылдануына мүмкіндіктері өте жоғары екенін айтудың орайы келіп тұр. Жазы ұзақ, қысы жұмсақ өңір үшін бұл үлкен олжа, сондықтан мұндай бастамалар мен спорттық жобаларды ұлттың денсаулығын жақсартуға мейлінше молырақ қарастырғаны абзал. Өкінішке қарай, жер-жерде әлі де денсаулыққа пайдалы мұндай мәселелерге жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Спорттық спартакиадалар мен іс-шаралардың кейде қаламен шектеліп қалып жататыны қынжылтады. Осыған орай біз Шымкент шаһары жұртшылығын ғана емес, жалпы облыс өңірлеріндегі, шалғай ауылдардағы тиісті салаға қатысты мамандардың белсенділігін арттыруға мән берілсе дейміз. Қалада да, ауыл­да да спортты дамытудың қалыптасқан дәстүрлері сақталып отырса, нұр үстіне нұр емес пе. Қысқасы, жаппай спортпен айналысатын өңір болуға атсалысуымыз керек. Мәселен, қаладағы, сондай-ақ, қаламен теңестірілген елді-мекендердегі әр ауланы, әр стадионды неге жұрттың игілігіне айнал­дырмасқа, неге жарыс алаңдарын қыздырмасқа. Бізде мұндай іс-шаралардың бастамашылары да, белсенділері де ежелден жастар болып келген десек, ал енді алдағы уақытта да ауылды жердегі өркендердің арасында бұл идея­ны кеңінен тарату өте маңызды болмақ. Сонда саламатты өмір салтын қалыптастыруға, келешек үшін өз үлесімізді қосқан болып есептелеміз. Осы арқылы қаншама өрендердің жұмыстан кейінгі уақыттары ішімдікпен, түнгі көңіл көтерулермен, жастық шақтарын босқа өткізумен сарқылмас еді. Керісінше, өздерін жақсы жақтарға қарай тәрбиелеуіне, рухани өсіп-өркендеулеріне жол ашылар еді... Адам денсаулығы, дене тәрбиесі, спорт, таза ауада дұрыс демалу, яғни саламатты өмір сүру салты қашанда қоғамдағы маңызды мәселе болып қала берері сөзсіз. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселенің өмірлік мән-маңызын тағы да ашып көрсетіп берді. Саламатты өмір сүру салты дене тәрбиесімен айналысуға, дұрыс тамақтануға, есірткіден, темекіден, алкогольді ішімдіктен аулақ болуға міндеттейді. Өкініштісі, сау кезімізде денсаулықтың бағасы мен қадіріне соншалық мән бере қоймаймыз. Дәрігерге ауру әбден асқынып, меңдегенде кешіктіріп баратын әдетіміз тағы жоқ емес. Мұндай кемшіліктің алдын алудың жалғыз жолы, ол – спорт. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, деннің саулығы өз алдына, ал әр адам өзін-өзі шынықтырып, ұдайы спортпен шұғылданса, қарапайым ғана тіршілік қағидаларын сақтап, саламатты ғұмыр кешсе, ұзақ та мәнді өмір иесі атанбақ. Мария МАХАНБЕТОВА, Жаңыл АБДРАХМАНОВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы «Медициналық биофизика, информатика және математика» кафедрасының оқытушылары.