Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко біздің өтінішіміз бойынша былтыр өткізілген маңызды сыртқы істермен қатар, биылғы жылдың алты айында атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.
Атқарылған маңызды істердің қатарында Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болғандығы үлкен табыс ретінде аталды. Армения мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі туралы келісімшарттың күшіне енуі де маңызды қадам болған. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанада өткен V съезі де маңызды істер қатарында көлденең тартылды.
Қазақстанның 20 шетел азаматтарынан 2015 жылдың 16 шілдесінен бастап 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге Қазақстанда 15 күн болған уақыт аралығында ешқандай виза талап етілмейтіндігі туралы шешім қабылдауы да маңызды істердің қатарына жатқызылған. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделін өсіре түскен маңызды қадам екендігі айтылды. Қазақстан мен МАГАТЭ арасында байытылмаған уран қалдықтарының банкін елімізде құру туралы келісімге қол қоюы да өткен жылдың маңызды сыртқы істер жаңалығы болып табылады.
Әрине, Елбасы Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның 70 жылдық мерейтойына арналған 70-сессиясына қатысып, сөз сөйлегені мен онда әлемдік проблемалар бойынша бірқатар жаңа бастамалар көтергенін Сыртқы істер министрлігі ең маңызды істердің қатарына қосты. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясының біздің Мемлекеттің басшысы көтерген Ядролық қарудан азат бейбіт өмірге қол жеткізу туралы жалпыәлемдік декларацияны қабылдауы да ведомствоның былтырғы жылғы үлкен табысының бірі ретінде аталды.
Сонымен бірге, Елбасы Н.Назарбаевтың Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Иран және т.б. елдерге жасаған ресми сапарларын дайындау да маңызды істер қатарында болғаны айтылды. Сол сапарлар барысында елімізге 60 млрд. доллардан артық инвестиция тарту туралы келісімдерге қол қойылды, деді Р.Василенко. Жыл аяғына таман қол жеткізілген үлкен табыс – Қазақстанның Еуроодақпен 29 сала бойынша әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойғаны да сыртқы саясат ведомствосының үлкен табысы ретінде аталды.
Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстанға Түркия, Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Жапония, Украина, Ресей басшыларының ресми сапармен келіп, табысты келісімдерге қол жеткізілгені де дипломатиялық табыстар екендігі ретінде аталып өтті.
Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында болатын маңызды халықаралық істердің қатарында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардың 2-ші жиналысының ақпан айында болатыны және жоғары деңгейдегі бірқатар сапарлар жасалатыны айтылды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».