19 Ақпан, 2016

Кәсіпкерлерге қамқорлық қолдаудан басталады

357 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
100-590Қазіргі кезде кәсіпкерлікті қолдауға барлық жағдайлар жасалуда. Соның бір көрінісі «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың Астана қаласындағы аймақтық филиалы директорының орынбасары Сәуле Әбішева, Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев және өзге де сала мамандарының қатысуымен «Кәсіпкерлерді бірыңғай қабылдау күнін» өткізу болды. Еліміздің барлық өңірлерін­де өтіп жатқан осындай іс-ша­ра­ларға үлкен маңыз беріліп отыр. Өткен жылы партияның барлық аймақтық және аумақтық филиалдарының 200-ден астам қоғамдық қабылдау бөлмелерінде кәсіпкерлік мәселелері бойынша 2 мың азаматқа жан-жақты көмек берілсе, үстіміздегі жылдың тек қаңтар айының өзінде 150-ден астам адам өз сұрақтарына жауап тауып, солардың кейбірі кәсіптерін дамытуға қаржылық қолдау алған. Жалпы, 2015 жылдың 13 нау­ры­зы мен 11 қыркүйегі күндері «Нұр Отан» партиясының барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға мүдделі және қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен даму инс­титуттары үшін алаң ұсынылып, «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» жобасы аясында мемлекеттік қолдауды беру мәселелерімен аза­маттарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясына 5 мыңнан астам адамның қатысуына жағдай жасалған. Бұл ретте, қабылдау барысында азаматтарға шағын және орта бизнесті қаржыландыру қол­­жетімдігін арттыру, кепіл­демелерді ұсына отырып, өз ісін жаңа бастап жүргендерге қолдау көрсету мен кепілді қаржыландыру жайы жан-жақты түсіндіріліп отырғанын айта кеткен жөн. Не­гізінен, мұндай қабылдаулар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкерлердің барынша қатысуы үшін оңтайлы жағдайлар жасауға өзіндік үле­сін қосып келеді. Өйткені, кә­сіпкерлерге «Өз ісіңді қалай бастау керек» атты оқу курстарынан өту және сертификат алу шарттары және бизнес жоспарларды қалай құру керектігі туралы жан-жақты ақпараттар берілген. «Нұр Отан» республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі мең­герушісінің орынбасары Жұ­ма­жан Жүкенов қазір өз ісін бас­таймын деген азаматтарға барынша жағдайлар жасалғанын айтты. «Бүгінгі таңда Елбасының шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау туралы тапсырмасына сәйкес, арнайы бағдарлама да бар. Сол бағдарлама бағыттарын кәсіпкерлерге жан-жақты жет­кізу үшін осындай іс-шаралар өткізудеміз. Егер біз жеткізбесек, онда олар қайдан біледі. Партия қабылдау бөлмелеріне келіп жат­қандығы да сондықтан», деді Жұмажан Қамкенұлы. Орта және шағын кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылай қолдауларға ие болып, өз істерін дөңгелетіп әкетуде белсенділік танытып келе жатқандығы да аталды. Оның үстіне, қолдауға қатысты және әртүрлі әкімшілік кедергілерді алып тастауда көптеген жаңа­шыл­­­дық­тар көрініс тауып, бағ­дар­ламалар да жетілдіріліп келеді екен. Бүгінде мемлекет лизингтік жолмен қаржыландыру мәселесін шешіп отыр. Қазірдің өзінде кәсібін бастаймын деген азаматтарға 20 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік беріліпті. Былтыр кейбір жерлерде кепілдік мәселесі күрделі болып келсе, енді «Даму» қоры сол тәуекелдердің кейбірін өз мойындарына ал­ғаны мәлім болды. Алайда, кә­сіп­керлердің басындағы проблемалар әлі де толық шешіл­меуде. «Юпитер» зерттеу орталығы» ЖШС бас директоры Болатхан Боранбаев қабылдау бөлмесіне «Даму» қорының қалалық филиалына шағымдана келгендігімен түсіндірді. Оның айтуынша, жарты жылға жуық уақыт ішінде қаржыға әрең дегенде қол жеткізген. Сон­дықтан да ол жоғарыда аталған қордың қалалық филиалының жинақтайтын қағаздары екінші дәрежелі банк­­­терден де көптігін айтып, тиімсіздігіне қарай қыс­қартып тас­тауды ұсынды. «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың Астана қа­ласындағы аймақтық филиалы директорының орынбасары Сәуле Әбішеваның түсіндіруінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, өткен жылдың наурызында айналымы 60 миллион теңге болатын инвестициялық жобаларға берілетін кепілдендіру жайын заңнамаға сәйкестендіру қарастырылыпты. Банк омбудсмені Ерсерік Сиырбаев өз кезегінде мәселенің мәнісіне үңіле келіп, «Даму» қоры тарапынан берілетін несие банк жүйесімен үйлестіріле жүзеге асырылып, кемшіліктер азаятынына сенім білдірді. Дей тұрғанмен, ол банк пен несие алу­шы тарапынан болуы мүмкін тәуекелдермен бөлісу жайын да тілге тиек ете кетті. Ал осыдан бір жыл бұрын теледидардан осындай қабылдаулар жүріп жатқандығын естіген Қазақ технология және бизнес университетінің 3-ші курс студенті Мәдина Фархатова өз ісін бастау үшін осында ақыл-кеңес алуға арнайы келіпті. Міне, осындай өз ісін бас­тау үшін келген азамат­тарға қоғамдық бөлмелердегі қабылдаулар тиісті кеңестер мен ұсыныстар беріп қана қоймай, оның нақты шешімін де ұсынады. Осы тұрғыдан келгенде, шағын және орта бизнес өкілдерінің түйткілді мәселелерін шешуде партия қабылдау бөлме­лерінің алар орны алабөтен. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».