...Гүлзина Бектасова курстасым сабақты жақсы түсіндірді. «Озат оқушының» мұғалім ретінде де қамшы салдырмайтынын жақсы білеміз ғой. «Қалған уақытта не істер екен?» деп күте қалдық. Гүлзина сасқан жоқ. Айналасына барлай көз жүгіртті де, кәнігі оқытушыдай-ақ: «Кім сабақ айтады?» деп тақ етті. Күтпеген жерден үшінші қатардың шетінде отырған бозбала қол көтерді. Қырық қыздың ішінен бір жігіттің сабақ айтуға ынта білдіргені бізге қызық көрініп кетті, ішімізден мырс ете қалып, жауапқа құлақ төседік. Сары жігіт ағып тұр екен. Гүлзина түсіндірген сабақты да, өзінің білгенін де тігісін жатқызып айтып шықты.
Бұл біздің 2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің магистратурасын тәмамдар тұста тәжірибелік сабақ өткізіп, өзімізді ұстаз сезініп жүрген күндеріміз еді. Сол жолы өз ықыласымен орнынан көтеріліп, сабақ айтқан сары жігіттің аты-жөні есімізде жатталып қалыпты. Ержан Байтілес! Журфактың дәлізінде ер балалардың айдары аз көрініп, сұлулардың бұрымдары көбірек көзге шалына бастағанына он жыл шамасы еді. Ұмытпасам, Ержанның тобында ұлдардан Ерік Рақым екеуі ғана оқыды, қалғаны – кіл қыз! Аты-жөні жатталғаны – соншама бұрымдының ішінен суырыла шығып бірінші қол көтергенінен бе екен әлде?
Сөйткен Ержанымыз бұдан әрі журналистикада да суырылып шықты. Қазақы сөздің қадіріне терең тамырлаған әулеттің ұланы екен бұл Ержан. Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі, ағасы Нұртөре Жүсіптен тағылым алып өскені өз алдына, кемпір мен шалдың баласы ретінде «етекке жармасып жүріп», жиын-той, жақсылық-қуаныштардағы жақсы лебіздер мен мағыналы әңгімелерді жадына түйе беріпті. «Көкем (атасы) қайтыс болғанда, балалары мен келіндерінің бәрі жұмысқа кетіп, үйде апам, мен және інім Еламан үшеуміз қалатын едік. Үйге көңіл айтып келіп жатқан адамның санына жетіп болмайсың. Ол кезде ауылға автобус үш мезгіл ғана қатынайды. Мен есіктің алдында отырамын. Қолына дорба ұстаған адам көрсем, алдынан шығамын. Бұрын келген-келмегенін сұраймын. Келмесе, апама барып айтамын. Апам айналасын реттеп, дастарқанын дұрыстағанша далада ұстай тұрамын. Сосын ішке кіргізем. Көкемнің жылын бергенше апам екеуміз үйден аттап шыққан жоқпыз. Жыл өткен соң апамды бір туыстарымыз «көңілшайға» шақырды. Мені де ертіп алды. Жолда: «Апа, енді бізге үйден шыға беруімізге бола ма?» – деп сұрағанымда, апамның кемсеңдеп басын изегені есімде. Сол шақты апам әлі күнге айтып отырады. «Бұл менің қолдаушым болды ғой», деуді де ұмытпайды», деп жазады Ержан апасы жайында. Осындай керемет тәрбие көріп өскен ұланның қазақ сөзінің қадірін біліп қана қоймай, үлкенді құрметтеп, кішіні төбесіне көтеріп жүретіні болмысынан екені түсінікті ғой. Үлкеннің алдынан қия басып өтпейді, кішінің атына да «-ағаны» жалғап, өзімсініп тұрады. Иә, ата тәрбиесін көрген ұл ешқашан елге қарсы сөз айтпайды, қайта бірігіп жол іздейді, былайша айтқанда, өз қағынан ешқашан жерімейді.
Ержан қарашаңырақтан алған тәрбиесін ҚазҰУ-дағы академиялық біліммен тамаша ұштастырды. «Алматы ақшамы» газетінде белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың тәлімін алды, Нұржан Қуантайұлы, Әнуарбек Әуелбек, Бақыт Ойса, Құттыбек Аймахан сияқты сақа журналистерден көп нәрсе үйренді. Қали ағаның бастамасымен «Алматыға сыймай кеткен ақындар», «Қаладағы кәсіп», «Шаһар шаруашылығы», «Қала және иман» айдарлары аясында тұщымды материалдар жазды. Республикаға тарайтын қалалық газеттің белді тілшісіне айналды. Бұдан әрі «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары болып тер төкті. Қазақтың есесі кетіп жатқан тұстың бәріне үн қатып отырды.
***
Ержанның отбасындағы тәрбиесін бекер айтып өткен жоқпыз. Ол үнемі жақсылық іздеп жүреді. Қазіргі «асып кетті», «атып кетті», «басып кетті», «қашып кетті» ақпараттардың «тақта отырған» заманында жақсылық іздеу, оны оқырманға жеткізуге асығу шөп арасынан ине іздегендей көрінетіні рас. Ержан сол инені тауып алып қана қоймайды, күн сәулесіне шағылыстырып, жұрттың назарын бірден аударады. Бұл тұрғыдан келгенде, яғни, қазақтың жақсысын үлгі етуге келгенде Байтілестің немересі «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дейтін көңілі бай нағыздың өзі. «Саз бен сөз» атты мақаласында ол ерте кеткен Ермұрат Зейіпханды егіле жоқтай отырып, оның «Күнес» әнін жеріне жеткізе орындайтын Ұшқын Жамалбек жайлы да терең толғанады. Бір қарасаң, бір мақаланың бойында екі тағдыр. Бірі – кешегі, бірі – бүгінгі. Екеуі бірін-бірі толықтырып тұр, екі кейіпкер бірігіп, бір әннің сағынышты болмысын паш етіп тұр.
«Американың «жаулары» ауылда жүр» деген мақаласының тақырыбы бірден-ақ көзімізге түскен-ді. Апыр-ай, қандай жау? Алыстағы Американың жаулары ауылда не бітіріп жүр? Ержанның тілінің тікені осылайша тақырыпты да түрлентеді. Оқи келсек, мәселе ауылда жүрген Бенладен мен Саддам Құсайын жайлы екен. Кейіпкерлерін таныстырғаны да, әңгімеге тартқаны да, бір отбасындағы кереғар көзқарастарды безбенге салып, езуге күлкі үйіретіні де қызық. Ержан осы екі кейіпкерді қазақ өнерінің классикасы қатарындағы «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» фильмдерінің бас кейіпкерлеріне ұқсата, тіпті бір қалыптан шыққандай етіп әдемі суреттейді. Мақаланы бір деммен оқып, түйініндегі «екеуі де осы заманның кейіпкерлері, олар туралы тұшымды деректі фильм түсіруге де болады ғой» деген ойына еріксіз қосыласыз.
Осы күні бағы жанған сұхбат жанрында да Ержанның қолтаңбасы бөлек. Шерхан Мұртазамен сұхбатында ол қарт қаламгердің болмысын айна-қатесіз алдыңызға тартады. Табиғатынан тура мінезді ұлт тұлғасының кесіп түсердей пікірлерін сәндеп, қырнап әуре болмайды. «Редакторлардың көбеюі осы үлкен лауазымның құнын түсіріп жіберген жоқ па?» деген сұрағына Шерағаң: «Мен бұл жайында қатты айтып қоюым мүмкін», – деп сақтандырады. «Сонда да айтып көрсеңізші» дейді журналист. Екеуара әңгімені өте шынайы болғанына бұдан артық қандай дәлел керек? Шындығында, сұхбат берушінің тілі шешілуі сұхбат алушыға көп байланысты. Кейіпкерін зерттеп, қай тұста қандай сұрақ қою қажеттігін Ержан жақсы біледі. Білігі жетеді. Соның арқасында Шерағаңның аузынан: «Сендер газет шығарып жатырсыңдар. Бірақ күнде сөгіс алып жатқан жоқсыңдар. Сендерді күнде Орталық Комитет шақырып жатқан жоқ қой. Ал бізді екі күннің бірінде шақырып алып, сөгіс жариялап жататын. Төбеңнен таяқ кетпейтін», – деген заман ақиқатын естіртеді. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың аузынан: «Елбасының қолынан Көк байрағымызды алып тұрып «алтынмен ораламын» деп уәде беріп едім... Айтарын айтып алып, артынан «осыны орындай аламын ба?» деп қорыққанмын», – деген ақжарылқап ақтарылуын айтқызады. Оқырман осындай тазалықты, осындай ақжүректілікті күтпей ме? Осыдан оқырман санасына сәуле төгілмей ме?
Ержанның тілі бай. «Жаһанданудың жұтқыншағы желкеңде тұрған мына заманда», «ұлтының ұлтарағы болуға дайын жігіттер», «көктемде көк қуған қойдай болған сөзі» деген ерекше тіркестер әріптесіміздің әрбір материалында жүреді. Оны саусағын сорып, айға қарап алты ай ойланып жүріп таппағанын және байқай қоясыз. Оның болмысында бар нәр неге тілінен төгілмесін...
Қысқасы, Ержан – қазақ журналистикасының барлық игі дәстүрін әдемі жалғастырушы азамат. Өткен жылы ол журналистика әлеміндегі он жылдан астам сапарын бір түйіндеп, «Пенде мен перде» атты тұңғыш кітабын жарыққа шығарды. Соқталы-соқталы мақалалары бір кітапқа бірігіп, оқырман қазынасына айналды. Кітапқа атауын берген мақаланы ол: «Жә-жә, қолыңызды бетіме қарай жүгіртпеңіз! Менің де өз бетпердем бар...» – деп аяқтайды. Ержанның бетпердесі – нағыз қазақы, жылтыры жоқ бетперде. Оны сыпырып тастасаңыз да ел деген жүрегі бар, ата тәрбиесі бар азаматты көресіз.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,
журналист.