Әлеуметтік орта материалдық тұрғыдан бай-қуатты болғанымен, жанұяларда берекесіздік орын алып, отбасылық институт құлдырап жатса, ол қоғамның толық кемелділікке қол жеткізе алмағанын әйгілейді. Әдетте, «Отбасы – кішігірім мемлекет» деген тұжырым жай айтыла салған сөз емес. Отбасы – қоғам тұғырын құрайтын негізгі субъекті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі болып қала бермек.
Осы ретте бүгінгі қоғамда отбасылық қатынастар мен құндылықтарды ілгерілетуге қажетті барлық алғышарттар бар деп айтуға болады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен өзге де ведомстволардың тарапынан отбасы институтының тұрақтылығын арттыруға бағытталған көптеген бастамалар қолға алынып, іске асырылуда.
Елімізде гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында еліміздегі әрбір отбасы мен оның мүшелерін түрлі салаларда қолдау мәселелері қарастырылған.
Мемлекет басшысы Жарлығымен 2013 жылдан бастап «Отбасы күні» мерекесін атап өту қолға алынған. Бұл мереке жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісі күні тойланып келеді. Аталған мерекеге орай елімізде отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатын көздейтін көптеген мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, дәстүрлі «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Елбасының ерекше назарындағы бұл байқауға еліміздің өнегелі деп танылған жүздеген отбасылары қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде аталған байқауға отандастарымыз ерекше қызығушылық танытып, қоғам мен жұртшылық арасында оңды серпіліс-сергектік тудыруда.
Отбасылық құндылықтарды қастерлеп ілгерілету ісі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-тың және еліміздің 52 мемлекеттік театрларының өнімдері мен қойылымдарында кең орын алып отыр. Атап айтсақ, министрлік қолдауымен жарыққа шыққан «Елбасы жолы» киноэпопеясы мен «Құнанбай», «Оралу», «Кенже» көркем фильмдері, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз», «Қазақ елі», «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмдері мен «Дешті және қыпшақ», «Жеңіске құштарлық» деректі фильмдерін болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалған дүниелер десек артық емес. Сондай-ақ, еліміздің театр сахналарында қойылып жүрген «Ең әдемі келіншек», «Отыз ұлың болғанша», «Қыз мұңы», «Жұбайлар жұмбағы», «Ана бақыты», «Үйлену», «Бір түп алма ағашы», «Сен үшін», «Тіл табысқандар», «Кеш» және т.б. туындылар отбасылық тауқыметті еңсеруге үндейтін, жанұя жылулығын сезіндіруге талпындыратын тағылымды шығармалар екені сөзсіз.
Спорт саласында да отбасылық құндылықтар тиісті деңгейде насихатталуда. Еліміздің барлық өңірлерінде тұрғындардың тұрғылықты жерлері бойынша бос уақыттарын мазмұнды өткізуге арналған «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аталмыш аула клубтары отбасы мүшелері үшін көп функционалды мәдени-спорт орталықтарына айналып отыр. Жаңа үлгідегі орталықтар қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған, онда каратэ, дзюдо, бокс, күрес, таэквандо, шахмат, үстел теннисі, қолданбалы өнер, авиа үлгілеу, танкошеберлік, заманауи би, вокалдық-аспаптық музыка және т.б. үйірмелер жұмыс істейді.
Отбасы институтын нығайту үшін елімізде соңғы жылдары отбасылық спорт жарыстарын ұйымдастыру кеңінен қолға алынған. Айталық, Министрліктің қолдауымен ұйымдастырылған «Бір атаның балалары» атты мини-футболдан республикалық отбасылар сайысына еліміздің барлық аймақтарынан спортқа қабілетті отбасылар қатысқан. Еліміздің өңірлерінде өткізіліп келе жатқан «Әкем, шешем және мен» атты тәрбиелік маңызы зор отбасылық спорт ойыны оған қатысушы отбасылардың ынтымағын арттырып, күш-жігерінің бірігуіне және жанұя мүшелерін ұйыстыра түсуге белгілі бір деңгейде оң ықпал етуде.
Бұдан басқа, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге үкіметтік емес ұйымдар да өз үлесін қосып келеді. Мәселен, 2009 жылдан бері «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» ҚБ-мен «Әйелдерді саяси ілгерілету бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу» бағдарында әлеуметтік жоба іске асырылуда. Аталған ұйыммен бірнеше жылғы әріптестік аясында «Әйелдердің көшбасшылық мектебі» республикалық желісінің түрлі деңгейдегі бірлескен іс-шаралары ұйымдастырылған.
2015 жылы «Жастар кәсіпкерлігін дамыту» ҚҚ-мен ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған өңірлік оқыту семинарлары мен фокус-топтары өткізілді. Әлеуметтік жобамен еліміздің Ақмола, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының шалғай аудандары мен елді мекендері қамтылды. Соның нәтижесінде жобаға қатысқан 11 қыз-келіншекке консалтингтік қызметтер көрсетілген. Жобаға қатысушылардың 6-уы іске асыратын жобаларына инвестиция тарту мүмкіндігіне қол жеткізіп, 49-ы жұмыспен қамтылған. 250-ден астам консультациялық қызметтер көрсетілген.
Бұдан өзге, министрліктің тапсырысымен 2015 жылы алғаш рет көп балалы отбасылар әкелерін таныстыру, қоғамдағы әкелердің мерейін үстем ету мақсатында «Үлгілі әкелер» байқауы өткізілді. «Бақытты отбасы қандай болу керек?», «Мен әке болсам...» деген тақырыптарда Астана қаласы орта мектептерінің жоғары сынып оқушыларының арасында шығарма жазу байқауы ұйымдастырылды. Жалпы, алдағы уақытта да отбасылық құндылықтарды мәдениет және спорт салалары арқылы дәріптеу ісі министрліктің маңызды бір қызметі ретінде қарастырыла бермек.
Осы жерде тағы да Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қазақстандық табыстың үш кілтінің бірін қазақстандық отбасымен байланыстыратын тұжырымы еске түсіп отыр. Сол тұжырымға жүгінер болсақ: «Біздің мақсатымыз – өзгермелі әлемдегі жаңа жағдайларда тек тірі қалу емес, бұрынғы табыстарымызды нығайта, осы жаңа әлемге өзіміздің ықпал ету мүмкіндігімізді кеңейте отырып, дамуымызды жалғастыру. Тек сонда ғана біз әр қазақстандық отбасы үшін қауіпсіз және бақытты болашақ құра аламыз».
Отанымыз – балаларымыздың қарашаңырағына айналуы, ұрпағымыз еліне қалаулы азамат болып өсуі үшін олардың «тамыры», яғни отбасылары терең тағылыммен нәрленуі керек. Қазақстандық қоғамдағы әрбір отбасы әрқашанда рухани мықты және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болып қала берері сөзсіз.
Марат ӘЗІЛХАНОВ,
Мәдениет және спорт вице-министрі.