19 Ақпан, 2016

Ойластырылған жоспарлар орындалуымен құнды

270 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
VNB_7362Облыс әкімі Қанат Бозым­баев жұртшылық алдында есеп берді. Әкімнің айтуынша Индус­трия­лан­дыру картасының бірінші бес­жыл­ды­ғына енгізілген кәсіпорындар 180 млрд. теңгенің өнімін өнді­ріпті. Экс­порт көлемі 100 млрд. тең­геден асқан. Енді басталған екінші бесжылдықта облыста инвестициялар жалпы көлемі 443,2 млрд. теңгені құрайтын жаңа нысандар тізбесі қосылыпты. Жыл қорытындысында бұл кәсіпорындар құны 40 млрд. теңгені құрайтын өнімді сыртқа шығарған. Бұл күндері 800 млрд. теңгеден астам қаржы салынған 20-дан астам жоба іске асырылуда. Биыл құны 25 млрд. теңге тұратын 11 жоба жоспарлануда. Олардың арасында теміржол белдіктері мен дөңгелек жұптарын шығару, энергетикалық машина жасау өндірісі, агрохимиялық өнімдерді шығару, екі өнеркәсіп жылыжайы бар. Бұдан басқа, Қ.Бозымбаев жергілікті кәсіпорындардың қытайлық инвесторлармен бірлесіп 3 жобаны іске асыратынын айтты. Қазір облыс орталығында «Сарыарқа», «Достық» деген жаңа екі шағын аудан құрылысы жүргізілуде. Жалпы, 2015 жылы облыста құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылдың деңгейінен 1,5 есеге өскен. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында басымдықты бағдарламаларды қаржыландыруға арнайы резервтен қосымша қаражат бөлу жөнінде тапсырма берді. Сондықтан, облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде 2016 жылы 2 дәрігерлік амбулаторияның, 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің және медициналық пункттің құрылысы басталмақшы. Жұмысшы жастар үшін Қашыр, Лебяжі, Павлодар аудандары мен Ақсу кентінде 4 жатақхана салу жоспарда бар. Былтыр өңірде 2500 орынға арналған 5 мектеп салынса, 4-уі – ауылдық жерде. Екібастұзда қазақ тілінде білім беретін 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі аясын­да «ERG КӨМЕК-тің» қатысуымен 386 бүлдіршінге арналған 4 балабақша қал­пына келтірілді. Олардың бірі маман­дандырылған – мүмкіндігі шектеулі балалар үшін, екі балабақша – әлсіреген иммунитетті балалармен жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында 2015 жылдың соңында облыстық перинаталдық орталықтың ең заманауи құралдармен жабдықталған 100 орындық жаңа корпусы пайдалануға берілді. Орталықта 9300 ана ем алып, 5800 сәби дүниеге келсе, енді жылына 13 мың анаға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге және 8 мың сәбидің дүниеге келуіне мүмкіндік болады. Облыстың ауылдық аудандарында 7 дәрігерлік амбулатория салынды. Ауылдықтар үшін де өткен жыл жемісті жыл болды. Жалпы, ауылшаруашылық өнімдері өнімінің көлемі 13 пайызға артты – бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың басында егіс алқаптарын кеңейту, егістерді әртараптандыру, ылғал ресурстарын сақтау технологияларын қолдану бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Суармалы егіншілікті дамыту шаралары қабылданды. Соңғы екі жыл ішінде 10 мың гектардан аса жер енгізілді, оның ішінде 4 мыңнан аса гектар жер іске қосылды. 2018 жылға дейін бұл алқаптардың көлемін 52,4 мың гектарға дейін кеңейту жоспарлануда, деді өңір басшысы. Дәнді дақылдар 1,6 есе, майлы дақылдар– 1,8 есе көп жиналды. Инвесторлардың есебінен соңғы 10 жыл бойы тоқтап тұрған Ертіс элеваторы қайта қалпына келтірілді. Қазіргі таңда Уәлихан элеваторы мен «Павлодарская НИВА» компаниясында құрал-жабдықтар қайта қалпына келтірілуде. Сонымен бірге, 412 мың тоннадан астам немесе 1,2 есе өсіммен картоп жиналды. Қазіргі таңда еліміз бен Ресейде сату үшін 50 мың тоннадан астам картоп және 15 мың тонна сәбіз дайындалды. Бүгін картоп еліміздің бірқатар облыстарына және Ресейдің шекаралас өңірлеріне жеткізіледі. «Агросоюз» серіктестігі Грузия Республикасына 400 тонна картопты жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойды. Мал шаруашылығында етті экспорттауды дамытуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылды. Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша «Ырыс» серіктестігі Павлодар, Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында, Кашыр және Павлодар аудандарында 4 тауарлы-сүт фермаларын пайдалануға берді. Железин ауданында 1200 басқа арналған 2 ферманың құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағында 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы қолданысқа енгізіледі, «Лакталис» француз компаниясы Павлодар ауданындағы тауарлы-сүт фермасының құрылысына инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Жалпы, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыру үшін 1101 шаруашылыққа 3,2 млрд. теңге көлемінде субсидия берілді. Міне, облыс әкімінің есепті кездесуінде осындай жоспарлы жүзеге асып жатқан игі істер айтылды. Облыс әкіміне сауал қойған ауылдықтар, мысалы, баянауылдық Сансызбай Елеуов ауылдарға алдағы көктемгі су тасқыны қаупі төніп тұрғанын, соған орай әкімдік қандай шаралар жасап жатқанын сұрады. Қанат Бозымбаев су тасқынының алдын алу үшін арнайы шаралар жасалып жатқанын, алдағы уақытта ауданға арнайы комиссия баратынын жеткізді. Биыл қыста облыс орталығында болған жылу жүйелеріндегі апаттың зардабы тағы қайталанбас үшін қандай шаралар жасалуда деп сұрады тұрғындар. Бұл жұмыстар да бақылауда екені, алдағы қысқа дайындық қазірден басталғаны айтылды. Ауылдықтар әдетінше жол, таза сумен қамтамасыз ету сияқты күрделі мәселелерді көтерді. Қ.Бозымбаев ауылдықтарды қинап жүрген қиын мәселенің бірі – біз газетімізде жазған Лебяжі ауданы көлдеріндегі артемия салина құрттарын аулау үшін ол жақта зауыт салынатынын жеткізді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.