19 Ақпан, 2016

Заңнама нормаларын сақтау мәселесіне – басты назар

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_3250+Кеше Орталық сайлау комиссиясында сайлауға қатысушы саяси партиялардың өкілдерімен сайлау заңнамасының нормаларын сақтау мәселелері жөнінде семинар өтті. Семинарды Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос жүргізіп отырды. ОСК төрағасының орынбасары В.Фоос алдымен сая­си партиялардың өкілдерін элек­тораттық кезеңдегі партиялар қызметіне, олардың сайлауалды үгітті жүзеге асыру тәртібі мен шарттарына қатысты сайлау заңна­масының ережелері туралы ақпа­раттандырды. «Сайлауға қатысу­шы­лардың барлығы сайлау заңна­масының ережелерін сақтап қана қоймай, сайлауалды үгітті «лас» саяси технологияларды қолданбай, әділ жүргізуі маңызды», – деп атап өтті ол осы жөнінде. Пар­ламент Мәжілісі мен мәсли­хат­тарының депутаттарын сайлау науқаны барысында сайлау заң­намасының нормаларын сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары аясында жүргізіледі. Ақпанның 20-сынан жұмыстың ең тиімді кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат шаралары басталады. Сол кезде саяси партияларда да жұмыс көбейе түседі. «Қазіргі уақытта сенім білдірілген адамдарды тіркеу жүргізілуде, – деп жалғады сөзін В.Фоос. – Өздеріңіз де білетіндей, заңға сәйкес олардың саны әрбір сайлау учаскесінде үш адамнан аспауы тиіс. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауында 9840 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Тіркеу сенім білдірілген адамдар жұмыс істейтін аумақтағы аумақтық комиссияларда жүргізіліп жатыр». Сонымен қатар, В.Фоос бүгінде барлық саяси партиялардың сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуге арналған штабтары құрылғанына тоқталды. «Егер сіздер сайлауалды штаб жұмысына сенім білдірілген адам болып саналмайтын азаматтарды тартатын болсаңыздар, онда олардың көрсеткен қызметтеріне сайлау қоры қаржысынан жалақы төлеулеріңіз қажет. Заңға сәйкес, сенім білдірілген адамдар байқаушы құқығы мен міндеттеріне ие. Яғни, олардың өкілеттіктері барынша кең және өздерінің өкілеттіктері шегінде әрекет етеді», – деді ОСК төрағасының орынбасары. Бұдан кейін сөз алған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев партиялық тізімнен Мәжіліс депутаттығына кандидаттар қатарында әйелдердің азайғаны байқалғанына назар аударды. «Өкінішке қарай, саяси партиялар осы жолғы сайлау науқанында гендерлік мәселені осыған дейінгі сайлау науқанымен салыстырғанда біршама төмен қойғаны байқалады. Егер 2012 жылы «Нұр Отан» партиясының кандидаттар тізіміне 25 әйел кірсе, 2016 жылғы тізімге 30 әйел еніп отыр. Ал басқа саяси партияларда тізімге енгізілген әйелдер қатары аз. Мысалы, 2012 жылы «Ауыл» партия­сы өз тізіміне – 4, осы жолы тек бір ғана әйелді кіргізіп отыр. Мұндай жайт «Ақ жол» партиясында да байқалады. Олардың 2012 жылғы тізімінде – 9, ал биылғы тізімінде 6 әйел бар. ЖСДП-ның партиялық тізімінде 2012 жылы 12 әйел болса, биыл небәрі 4 әйел енген. Жалпы, бұл мәселені партияның өздері шешеді. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы мәжбүрлей алмайды», – деді М.Сәрсембаев осы мәселеге байланысты. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың 75 пайызы өзін өзі ұсынғандар екен. М.Сәрсембаевтың айтуынша, қазіргі кезде мәслихаттар депутаттығына ұсынылғандардың жалпы санының шамамен 70-75 пайызын өзін өзі ұсынғандар құрайды. Ұсынылған кандидаттар бүгінде 10 мың адамнан асып отыр. Оның ішінде саяси партиялар арқылы ұсынылғандардың саны 3412 адамға жеткен. ОСК мүшесі М.Сәрсембаев мәслихаттар депутаттығына кандидат ұсынуда саяси партиялардың белсенділігі төмен болып отырғандығын да жасырмады. «Егер өткен жолғы науқанды алып қарар болсақ, ол кезде «Нұр Отанмен» қатар, басқа да саяси партиялар белсенділік танытқан еді. Ал бұл жолы «Нұр Отан» партиясынан басқаларының белсенділігі төмендеу болып тұр», – деді ол. Жиында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы 1-ші департаментінің бөлім бастығы Сәкен Сәмет үгіт жүргізу кезеңінде саяси партиялардың қызметін құқықтық реттеу мәселелеріне тоқталды. Сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу әкімшілік жауапкершілікке, партиялық тізімді немесе жекелеген кандидаттарды тіркеуден бас тартуға немесе тіркелгені туралы шешімді жоюға әкеліп соқтыратынына баса назар аударылды. Пікір алмасу барысында сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын тиімді қамтамасыз етудің, «Сайлау туралы» Заңның талаптарын бұзушылықтарды анықтау мен болдырмаудың жолдары мен әдістері қарастырылды. Ал саяси партиялардың өкілдері сайлау органдарымен және сайлау үдерісіне қатысушылармен өзара іс-қимыл тетіктеріне қатысты өздерінің ұсыныстары мен өтініштерін білдірді. Олар тарапынан қойылған сұрақтарға Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жауап қайтарды. Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.