Атырау мұнайшылары трансформациялау бағдарламасы аясында алғаш рет мұнай өндіруді онлайн жүйесінде бақылауды қолға алды
Иә, мұны отандық мұнай-газ өнеркәсібі үшін жаңа инновациялық бастама десек те болады. Рас, әлемдік мұнай нарығындағы ірі компанияларда мұндай инновациялық технология соңғы он жылдан бері кеңінен қолданылып келеді екен. Шетелдік компанияларда бұл жоба сан түрлі атаулармен аталады. Біздің елімізде «Шеврон» корпорациясының инвесторлығымен құрылған алғашқы бірлескен кәсіпорын – «Теңізшевройл» әйгілі «Теңіз» кенішінде осындай жаңашыл технологияны мұнай өндіру үдерісіне қолданады екен. Ал отандық мұнай-газ өнеркәсібінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Уаз» кен орнында іске қосылған инновациялық технологияның қандай ерекшелігі бар?
Алдымен айтарымыз, отандық мұнайшылар бұл жобаны «Интеллектуалды кен орны» деп атапты. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, бұл – жаңа инновациялық технология трансформациялау бағдарламасы аясындағы қанатқақты жобаның бірінші кезегі. Ал интеллектуалды кен орны –жұмыс істеп тұрған өндіру қорын оңтайлы пайдалану үшін басқару пультіне ұңғымалардан ақпаратты беруге жол ашатын инновациялық технология. Интеллектуалды ұңғымалар біріншіден, деректерді үздіксіз өңдеуді, екіншіден, жедел бақылау және шұғыл шешімдер қабылдау үшін ақпараттар мониторингін қамтамасыз етуге жол ашады. Отандық мұнай-газ өнеркәсібінде алғашқы қанатқақты жобаны іске асыру үшін «Уаз» кен орны таңдалыпты. Өйткені, бұл соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа кен орны қатарынан саналады. Яғни, «Уаз» кен орнынан мұнай алу 2012 жылдан бері үздіксіз іске асырылып келеді. Мұндағы мұнай қорының 27 пайызы өндіру жағдайында деп есептеледі. Ал өзге кен орындарына қарағанда сулану үдерісі 59 пайыздың шамасында екені анықталды. Сонымен бірге, қалдық қорының әлеуеті 971 мың тоннаны құрайды.
«Уаз» – аса үлкен кен орны емес, мұндағы ұңғымалардың 35 бірлікті құрайтындығымен оны шағын деп айтуға болады. Мұнай беріп тұрған ұңғымалар бір-біріне жақын орналасқаны да, олардағы жерүсті жабдықтары мен эксплуатациялық тізбектің техникалық жағдайы да қанағаттанарлық жағдайда болуы жаңа инновациялық технологияны іске қосуға қолайлылық туғызыпты. Айтқандай, мұнда 2012 жылы әр жыл сайын жаңартылатын геологиялық-гидродинамикалық модель құрылып, өндірілетін өнім жөнінде бөлек есеп жүргізіледі. Осылайша, қазір «Уаз» кен орнындағы 8 штангалы тереңдік сораптық ұңғымаға интеллектуалды басқару стансасы орнатылып, ақпарат жолдау тетігімен, динамографтармен және басқа да сандық құралдармен жабдықталыпты. Осындай стансалар 23 электрлі винттік сорапты ұңғымаларға да орнатылып, қажетті жабдықтармен қамтылды.
– «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесіндегі бақылау орталығына интеллектуалды кен орнындағы жұмыстар жөнінде жинақталған ақпараттың барлығы талданып, қабылдау жасалады. Мұндағы арнайы орталықта кен орнынан келіп түскен ақпараттар сақталады. Өндірістік есептерді, мониторинг жүргізетін талдау жүйесі, сонымен бірге, кен орнындағы жабдық жұмысының бұзылуы тіркеледі. Тіпті, ақпараттың барлығы үлкен экранда кен орнынан барлық өлшемдер бойынша онлайн жүйесінде көрінеді, – деп түсіндірді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев. – Интеллектуалды кен орны өндірістік қатерлерді төмендетеді, тіпті апаттық жағдайларды алдын ала ескертеді. Ең бастысы, ақпараттарды үздіксіз өңдеуді жедел басқаруды және шұғыл шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.
Қазір «Уаз» деп аталатын интеллектуалды кен орнында 18 мұнайшы еңбек етеді. Олардың барлығы жаңа технологиямен жұмыс жасауға машықтанып алыпты. Өйткені, мұндағы мұнайшылардың тәжірибелерін шыңдауына қолдау жасалып отыр. Мәселен, бөлімше басшысы Нұрлан Құтжанов модульдық бағдарлама бойынша білімін жетілдірсе, шебер Есенгелді Сәрсекеев Қытайдағы Дунин қаласында тәжірибе алмасып келген. Сол себептен, мұндағы мұнайшылар инновациялық технологияның дамылсыз жұмыс жасауын қадағалап, мұнай өндіру үдерісінің тоқтамауын бақылаудағы жауапкершілігін жете сезінеді. Мұнайшылардың бәрі де бұрынғыдай әр ұңғыманың арасында шапқылап жүрмейді. Бәрі де мұнайдың 600 метр тереңдіктен алынғанынан бастап, су, тұз секілді ілеспе қоспалардан тазартылып, пеште қыздырылуы, тіпті, құбырмен Солтүстік Жолдыбай аталатын кенішке дейін тасымалдануына дейінгі үдерістің бәрі монитор арқылы онлайн жүйесімен бақыланатынына қуанышты екенін жасырмайды. Ал кәсіпорын экологтары бұл технологияның қоршаған ортаға зияны жоқтығын алға тартады.
Отандық мұнай-газ өнеркәсібі саласында қанатқақты жоба –интеллектуалды кен орнындағы жұмыстарды онлайн жүйесінде басқару технологиясынан қандай нәтиже күтуге болады? «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің пікіріне сүйенсек, жаңа инновациялық технология арқылы «Уаз» кен орнынан мұнай өндіру қосымша 3 пайызға артатыны күтіліп отыр. Ең негізгі күтілетін сатылы нәтижелер шығынды азайтуға байланысты болмақ. Мәселен, біріншіден, жерасты жабдықтарын пайдаланудың баяу тәртібі ұңғымаларды жөндеу санын азайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, кен орнындағы ұңғымалардың тоқтауын тіркеу ұңғымалар жұмысын қалыпқа келтіру уақытын 15-20 пайызға азайтады деген болжам бар. Үшіншіден, ұңғымаларда жұмсалатын электр энергиясын 30-40 пайызға үнемдеуге жол ашады. Төртіншіден, мұнай өндіру үшін қуаттылықты азайтатын қозғалтқыштарды сатып алу бюджетін 20-25 пайызға азайтуға да ықпал етеді.
– Өндіруші компанияларда ықшамдаудың қажеттігі әр кезде де маңызды болып қала береді. Ал қазіргі мұнай бағасының төмендеген кезінде тіптен маңызды болып отыр. Бұл бізге қанатқақты жобамыз – интеллектуалды кен орны жобасын тезірек іске қосуымызға түрткі болды. Бұл жобаның өндірістік есеп сапасын арттыруға да септігі тиеді, – дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев. –Нақты айтқанда, мұның нәтижесін 2017 жылдың соңында материалдық-тауарлық қорды 60 пайызға қысқартуға, қаржылық тұрғыдан 3 миллиард теңгені үнемдеуге, деректердің дұрыстығы мен жеделдігін басқару есептіліктерінің сапасын жақсартуға байланысты күтіп отырмыз. Сонымен бірге, біз үшін кен орнындағы барлық ахуалды тіркеудің маңызы да айрықша болмақ. Өйткені, кен орнындағы нақты ахуалды білу арқылы кейінгі түзету жасалатын іс-қимылдарға факторлық талдау жүргізуде нақты шешім қабылдайтын боламыз.
Атырау мұнайшыларының жаңа технологияны меңгерудегі алғашқы қадамын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев онлайн жүйесінде бақылады. Оның пікірінше, «Ембімұнайгазда» қолға алынған жобаны кен орындары мен басқа компанияларға таратуға болады. Сөйтіп, осы тәжірибе арқылы бірнеше миллиард теңгені үнемдеуге жол ашылады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.