23 Ақпан, 2016

Шыңғыс ханның көз жасы

1979 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
немесе ұлы қаған ұлағаты Genghis Khan-1Соңғы 10-15 жыл ішінде ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың әлем әміршісі атанған Шыңғыс хан туралы, оның заманы мен тұлғасы жайындағы, әлемдік және қазақ тарихындағы алар орны хақындағы ой-пайымдары мен толғаныс зерттеулері жұртшылық назарын аударып отыр. Бұл орайда зерттеуші ғалым Тілеуберді Әбенайұлының кітаптарындағы ой-тұжырымдар ұлы қаған туралы бұған дейін беймәлім болып келген көптеген деректерді алға тартады. Сондай-ақ, белгілі қаламгерлер Марал Ысқақбайұлы мен Бексұлтан Нұржекеұлының ұлы тұлға Шыңғыс хан жайындағы әр жылдары баспасөзде жарияланып келе жатқан танымдық сипатқа толы зерттеу мақалалары да оқырман көңілінен шығып отыр. Жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ғалым Зәріпбай Оразбайдың «Мыңжылдық құпиясының шешімі» аталған көлемді мақаласынан да Шыңғыс хан турасынан көп жайға қанығып, небір соны мағлұматтарға көз жеткізгендей болдық. Бұл тақырыптағы іргелі еңбек көрнекті қаламгер Мұхтар Мағауиннің төрт кітаптан тұратын «Шыңғыс хан» атты толымды, деректі хикаясы деп білеміз. Хикаяның алғашқы кітаптары оқырман қолына тиді. Басылым жайындағы байыпты әңгіме алдағы күндердің еншісінде. Зерделеп қарасақ, мұның бәрі әлемге әйгілі тұлғаның кім екенін, қайдан шық­қанын, шынымен жолындағыны жайпап, қырып-жойған жойқын жорық иесі ме, әлде... деген сауалдарға жауап табуға деген құлшыныс еді. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шың­ғыс ханның көз жасы» хикаяты туралы болмақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл шығарма да ұлы қағанды тануға деген игі мақсаттан туса керек. Әуелде хикаяттың аталуына қарап ойланып қалдық: «Шыңғыс ханның көз жасы». Не дейді?! Көз жасы несі? Жарты әлемді жаулаған ұлы қаған жылаушы ма еді? Жыласа, ол да кәдімгідей ет пен сүйектен жаратылған адам болды ғой. Неден жанарына жас толды екен? Ішкі шері ағытылып кеткен-ау!.. Жә. Не болды екен? Неден мұндай күйге түсті екен?.. Осындай ойға бастаған шығарма оқуға жетелей берді. Хикаят Шыңғыс ханның бірталай жасқа келіп, көп нәрсеге көңілі қарайып шау тартқан шағын суреттеуден басталады. Қайран заман-ай, десеңші! Жас кезіндегі ашулы қайраты бүгінде сап-сап сабырға ұласқан. Заманында табалдырықта тұрып тепсінген жауының басын допша домалатқан Темучин... Иә, ашулы қайрат – алмас қылыш екен. Шапса – турайды. Енді қараса қаншама жылдар сусып өте шығыпты. Одан бері де ұлы қаған әлемнің әр түкпірінде ат тұяғын ойнатқан. Астамсыған небір жауының мысын басқан, қияметтің қыл көпірінен өткізген. Айналасына алтын шуақ үйіріліп жүретін мейірімнің де одан кем түспесін кеш аңдады. Тағдырына таупық айтып, тәубеге келгені сосын да шығар. Ақ ордасынан адым оздырмағалы көп уақыт болыпты. Есігінен сығалап иіліп-бүгілген елшілер мен дәргейіне бас ұрған жұрттан қажып бітті. Аз қол­мен шығып аң қағуға ынтасы ауған. Құс салып, құмай тазы жүгіртіп сергіп қайтпақ-ты. Құлағына ат дүбірі, қыран шаңқылы келеді... Бірақ сергімек көңілді сел шайғандай болды-ау! Қу түлкі айласын асырып баққан. Қыран қос қанатын қусырып шүйілгенімен, жемтігіне дөп түсе алмады. Топшысын сындырды. Бұл не?! Қайда жүрсе де жеңісті сапардың жел­біреген жалауындай боп төбесінен қалмайтын ақша бұлтты Көк тәңірінің өзіне көрсеткен қуаты, демеу-дәрмені сезінетін. Одан да қайран болмағаны ма?! Бүгінгі көрініс тосын. Шыңғыс хан секем алды, таң-тамаша қалып, аспаннан көз айырар емес. Алғаш алты кез найза ұстап атқа қонғаннан желеп-жебеген Көк Тәңірінің сыйына бір нәубеттің төнгенін ұлы қаған анық сезді. Дәл төбесінде ақ бұлт пен қара бұлттың айқасы. Сұмдық-ай! Бұл не ғажап?! Қара бұлт өктемдік алыпты. Аударылып-төңкерілген ақша бұлт есін жинай алмай пышырай қашқан. Күтір-күтір аспан жарылып, шатыр-шұтыр найзағай ойнады. Жасынның бір ұшқыны ұлы қағанды ту сырттан кеп ұрған. Шыр айналған ақбоз тұлпардан ауып түскені. Тұла бойын жалын шарпып, күйіп-жанып барады. Енді, міне... «Найзағай боп ұрған дерт ес жиғызар емес. Тілден дәрмен жоқ. Тілегі үзік-үзік. Тіні үзілмеген соң ғана тірі жатыр. Тек сана түкпірінде жанып-өшіп елес қашады. Өткен күндер елесі. Өмірі түскірдің алқұлым шақта өкініші көбейіп кете ме, немене?.. Көңілдің көк дөненін шаптырып өткен күннің салауаты мен келер күндердің қанағатын таразы басына тастаса...». Автор қиын жағдайға душар болған ұлы қағанның елес шырмаған сәттеріне барлау жасап, оның басынан өткен әрқилы әрекеттерге тоқталып, сол ар­қылы оның жан-дүниесіне үңіліп, ішкі сырын ашуға ұмтылады. Шыңғыс ханның көз алдынан өтіп жататын елес-оқиғаларды әңгімелерде жазушы: «Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...» деген кіріспе тіркесті қайталай келтіріп отырады. Мұның өзі де сәтті табылған әдіс ретінде оқырманды мақұлдатады. Өйткені, өмір бойы аттан түспей әлемді шарлаған адамның мынадай жағдайда есіне дүниені дүбірлеткен мың сәйгүліктің түсуі, әрине, табиғи. Шындығында, солай. Түмендері дүниенің төрт тарабын үңгіп барады. Жеңіс буына қаралай піскен нояндарының алыс өлкеден ат шаптырып сұраған кеңесінің өзі мігір таптырмаған. Ақыл мен айланы қат-қабат жолдайды да жатады. Бірінсіз бірі жетім. Қанжардың жүзіндей қылпылдатып екеуін тең ұстар болар. Сапырылысқан елестен бас айналардай. Кейде көз алды бұлдырап кетеді. Дариға дәурен ескен желдей болып мұның ғазиз басынан өтіп бара ма?!. «Мен, ұлы қаған, жер бетінде тұтас мемлекет құрсам дедім. Осы мақсатта қан­шама қайратымды сарықтым. Төзімімді тауыстым. Дінді сыйладым. Еш пенденің сеніміне қиянат қылмадым. Бағынғанның басын қадірледім. Шаһарын қиратпадым. Мал өсірсін, бақша салсын, аң ауласын дедім. Менің әскерімнің ат тұяғы тиген жерде қатыгездік қалды ма? Әлде ізгіліктің дәнін септім бе?». Шыңғыс хан осылай толғанады. ...Жұрт не деп жатыр екен?! Аңға шығып... мертігіп... Құдай сақтасын! Ұлы жорық жолында осы жүгірген аң, ұшқан құсты талай азық еткен. Қалың түмен аш өзегін жалғаған. Кезіккенін қынадай қыруға рұқсат жоқ. Шыңғыс ханның пәрмені сондай. Жылт еткен көктемнен қара күзге дейін қару көтертпейді. Аң төлін, құс балапанын өргізер шақ. Тұқымы үзілмесін, алаңсыз аяқтансын, түбітін түсірсін деген тілек. Немене, сонда ұлы қаған аң терісіне зәру ме еді? Жо-жоқ, айта көрмеңіз. Тері-терсек тұрмақ, басы артық алтын, күміс, ақығыңды да ақ ордасына жолатпай қойған. Мұның соңында ақтарылған алтын, күміс емес, аспанды жарған атағы қалар. Енді, міне, жолбарыс жығар айбатын алпыс айлалы түлкіге қор етті. Құмайын қаңғыртты. Қыранын тасқа түсіріп талқандап кетті. Шыңғыс хан осындай бір қиналған сәттерде ылғи да әкесі Есукей өнегесін еске алады. Ол да жас кезінде осылай аңға шыққан екен. Алдынан тура көкжалдың өзі шығады. Көкжал көп бұлтаққа салмай апанға кіріп кетеді. Таяқ жүгіртіп көрсе, терең емес сияқты. Түбінде былқылдап бірдеңе жатыр. Көкжалым, өлген жерің осы деп інді қазуға кіріседі. Не керек, кеш батқанша қазады ғой. Түбі жеткізер емес. Содан шаршап, сәл тыныс алып отырса, анандай жерде бөрі қашып барады. Онымен қатарласа түлкі және бір қарсақ зыта жөнеледі. Аң-таң қалады. Сөйтсе, үшеуі де әлгі апан-іннің қосалқы үш тарам аузынан шығып кеткен екен. – Сіз қай аңның соңынан түстіңіз? – деген бұл. – Балам, менің дәуренім өтіп барады. Сен қайсысын ұстар едің? – деп Есукей Темучинге сынай қараған. – Қолымнан келсе біріне бірін ұстатар ем! Сонда Есукей өзінің үзік-үзік үмітін осы ұлы жалғардай көңіліне тоқтық бітіп, шүкірлік қайырған. Одан бәрі де небір сойқанның ортасынан өтті ғой. Енді, міне... Жазушы осылай ұлы тұлғаның күр­делі оқиғаларға толы өткен өмір белестеріне ой жіберіп, ол бастан кешкен қым-қуыт әрекеттерді саралап, оның адам ретіндегі толғаныс-тебіреністерін шынайы жеткізіп, жан әлемін аша түседі. Сонау жетім өскен балалық шағы да, жесір қалған анасының үш баласын қайтіп асыраймын деп жоқтықтың қамытын киген кезі де көз алдынан кетпейді. «Ұрпағым, алдымен байлықтың емес, жоқтықтың қадіріне жет» деп күбірледі. Бұл ойын Шыңғыс хан жорық жо­лындағы сарбаздарына ылғи да ескертіп отыратын: «Байлыққа үйір болмаңдар. Одан ашкөздік балалайды. Қызғаныштың қызыл шоғын көсейді. Басыңа төнер қауіп-қатер содан. Сүбедей баһадүр мен Мұқылай жат жұрттың көз арбаған қызыл-жасылына қызыққаннан не пайда тапты? Ата дәстүрден алшақтап барады. Аналарыңнан жалаңаш туған жоқ па едіңдер? О дүниеге не алып кетейін деп жүрсіңдер? Маған қарамайсыңдар ма? Артық дәулет жинадым ба? Иығыма жаттың киімін ілдім бе? Қолыма солар соққан қару ұстадым ба? Опасыз дүние­нің құлы болдым ба? Жоқ! Көздерің көрді ғой». Әке өнегесі дегенде бұл да тұңғышы Жошыдан көп үміт күтіп, қасынан тастамай ертіп жүріп Ұлытауға апарған. Жасанған жауға, жабысқан дауға қи­майтын, құты қашпайтын өлкені таныған. Керіліп жатқан кербез жонға алшайта тігіп ақ орданы қондырса жарасар. – Ұлым Жошы, – деген сонда бұл күміс ерден құйрық көтеріп. – Ертеңді-кеш енші алар жерің – осы өлке. Ордаңды оңтайлы жерге тік. – Ордам қонар тұсты өзіңіз белгілеңіз, әке. Жебенің алтын ұшы күн сәулесіне жарқ етіп шағылып, аспанға әуелей көтерілді де, ауаны жарып ысқыра жөнелді... – Әне, сол жер! Ұлысыңды ұста. Маңдайыңды Қарақорымнан айырма!.. Ерте толған айдай толықсып тұрған толағай ұлы Жошысы, арқасүйер арысы қапияда мерт болды-ау! «Жоқты – бар қылдым, барды – нар қылдым. Жанымдағы нөкердің бәрі ақсүйек атанды. Есіктегі басы төрге жетті... Сатқындықты көп көрдім. Жаттан да, жақыннан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит болғаны жаман». Жошы міне, осы сатқындықтың құрбаны болды. Мұның тепкісінен қорқып, жанына үркердей қосынын алып Қарпат тауына қашып елін де, жерін де, дінін де сатып кеткен Ақсақ Құлан батыр бұқпантайлап келіп, аң қызығына түскен Жошыны ту сыртынан оққа байлаған. Жорық жолында Шыңғыс ханның ашуы мен мейірімі қатар жүретін. Асқақтағанның аптығын басар, жақсы көрінгеннің көңілін көтеріп, төріне шығарып мейіріміне бөлер. Отырар... Қоқан... Осы тарапқа аттанған алты жүз түйеге артқан керуені тоналды. Бейбіт сапар еді. Әй, шіркіндер-ай! Бұған көрсеткен ерлігі ме, ерсілігі ме?!. Ұлы қаған өз төріндей жайлаған жердің күллісіне орнатқан өз пәрмені бар. Соның бір парасы – ел мен елді жалғап сауда жасаған, жұртқа зәру қа­зына артқан керуеннің жолын тос­пау, дұшпандық танытпау. Бұл тіршілік нәрі дарияны бөгегенмен бірдей. Кімде-кім бұл құзырды қасақана бұзса – жазасы өлім! Енді өзінен көрсін... Алты ай берілмеген қаланың қақпасын Қайыр ханның бас уәзірі ашып береді... Сонда Шыңғыс хан Қайыр ханның қай­сарлығына «Жарайсың, ер екенсің?» деп сүйсінсе, бас уәзірдің сатқындығына қаны қайнаған. «– Әй, Қайыр хан! – деген бұл сонда саңқыл қағып, – Қасыңа өмір бойы опасызды ұстапсың. Ол бүгін сені сатты. Ертең мені сатады. Дүниеде сатылмайтын нәрселердің бар екенін бұл неме ұқпас. Арманда кеттім деме. Мә, садақ. Қорамсақтағы қырғи қауырсын оқтың бірін өзің таңда. Жібер жанын жаһаннамға өз қолыңмен. Мұның арам қаны ақ ордамды былғамасын!». Келесі оқ Қайыр ханға бағытталған. Әттең!.. Тәтті өтірік пен ащы шындықтың арасында босқа кеткен екен есіл ер! Отырардың ойраны шықты. Жай халқына кеңшілік берген. Дән іздеген құмырсқаға тимеңдер дейтін. Отырардың кітапханасы... Қисапсыз кітапты өртет­пей алып қалып, әлем ақыл-ойының жинақталған қазынасы деп, тоқсан арбамен тоғыз күн тасып, Сайрамға шығар жолдағы биік төбенің басынан қойма жасатып, су шаймас, жел тимес етіп көмдірді. Ал Бұхараға... Дәтін ұстады. Аттап басқан сайын бір мешіт. Дінмен дем­алып тұрған шаһардың шаңын көтермеді. Ат тұяғын абайлап басты. Сөйте тұра, шаһардың бас мүфтиі Нәжімеден Кү­біраның басын алғанына қатты өкінеді. «Қанын бекер жүктепті. Қасиетті жан екен. Шексіз биліктің шектірер бейнеті де аз емес-ау. Әттең!..». Сол Күбіра: «– Әй, Шыңғыс хан, ажалың оттан не судан келер. Көр де тұр!» деп еді. Шынымен де, солай болды ма?!. Адамның өтірік мәймөңке мінезін, кешірімсіз кісәпірліктерін жақтырмайды Шыңғыс хан. Сарайшықта не болып еді?! Күндік жерден көрісіп, түстік жерден тәу етіп жақсысы мен жайсаңы алдынан шықты. Шаһарын шаппады. Мейірім көрсетті. Шаңырақтан түскен жыланға да ақ құйып шығарған әкесі Есукей. Ақыры не боп шықты! Жанды ерітіп, жайнаң қаққандардың жаналғыш екенін көрді. Мұның жазық қабағын, жайдары көңілін кішіктік деп ұғыпты. Арамзалықтарын жүзеге асырмақ екен. Дастарқан жайып отырып, у ұсынды. Тағы да өз обалдары өздерінен. «Шыңғыс хан – Алланың қылышы!» дегізді. Екі үлкен елді шабасыз деген сәуегей. Мұның да ойында бар-ды. Көздегені ұлы қорғанның ығында жатқан Қытай еді. Қытай жаудың өтіне қолпаштап таңғұттарды қойыпты дейді. Таңғұт елі ежелден кектенген жау емес пе! Хандары қытайға сүйеніп мейманасы тасыпты. Өзінше алтын тақтан түспейтін ханының соңғы тоқалы Меркіт сұлуы екен. Шынына келгенде әуелден қан ұрттасқан ата жауы осы меркіт қой. Әкесі Есукей баһадүрмен ғұмыр бойы арпалысты. Айналаны алатайдай бүлдіріп, тек шабысумен өтті. Табысу жоқ. Бұл Бөртені үкілеп алған тұста. Түн жамылып, шапқын сап... Жетімнің қызығын көпсініп, қалыңдығын тартып әкетіскен. Кейін қол көтеріп барып арашалап алған. Бұл да болған істің бұрау басын шалмады. Тұңғышы Жошы туғанда да көңіліне күдік ұстамады. Дүние кезек. Бір кезде Бөрте қол­ды болса... Енді, міне, тана көзі жарқыраған меркіт қызы – Таңғұт ханының таңғажайып тоқалы мұның алдына әкелінді. Пері нәсілі араласпаса, пенде шіркінге бітпеген сұлулық. Бірақ сұлудың зымияндығына қайран қалды. Екі санының арасындағы ашамайына алмас жасырыпты. Дұшпандық ойлапты... Жымысқыдан жақсылық шыға ма? Солтүстік Цзиньге қашарда байы Таңғұт ханы берген пәрмен де. Халқын сатып кеткен кісәпірден келелі іс күте ме? Әйел жұмсап ұлы қағанның абыройын төк­пек. Бір қауіпті ертерек сезген Бөртеге рахмет. Көз алдына Бөрте елестей береді. Қараторы өңі күлім қағады. Әкесі Есукей баһадүрдің көзі тірісінде айттырған қалыңдығы. Одан бері қанша заман өтті. Бұл да қартайған. Бөртені қара. Баяғы қалпы сияқты. Е, қолына ұстағаны қара бұлғынның терісінен тіккен тон екен ғой. Болашақ күйеуіме деп өз қолыммен пішіп, тіктім деген. Бұл – бозбала үшін сол кезде иен байлық, тәңірдің тартуындай көрінген. Кейін айбарынан аспандағы ай ығысты, әлемнің әміршісі атанды. Аяғының астына алтын, күміс, көз жауын алар небір гауһар тас шашылған. Бірақ соның бәрі шешесі екеуі күнелткен қара лашықта жаурағанда жанын жылытқан қара бұлғын тондай көрінді ме? Жоқ. Барлық баптаған шақтағы бейқам байлық жоқтық таптап жатқанда көрген тырнақтай жақсылыққа татымайды екен. Замандар өтті ғой талай. Бөрі басты туын желбіретіп, жеңіс күйін тарттырып елге қайтушы еді... Таңғұт талқандалды. Бірақ осымен желді күндей іргеден ұйытқыған жау таусылып па?! Соның бірі – Күшік хан. Таян ханның нәсілі. Меркіт көсемі Тоқта бекті өзіне жақтас етіп алып доңайбаттан жазар емес. Әскер құрап, Қытайдан қайта-қайта отты қару алып құтырып барады. Меркіт – ел болмас ежелгі қарсылас. Қапысын тауып қосақтап ұрудың сәті түсті. Жау жеріне Сүбедей мен Жебенің түмендерін аттандырған. Қос түмен етектен түре кірген. Бет қаратпады. Бездіре қуды. Тоқта бектің басы алынды. Күшік хан құйрығын түйіп қашып Қытайға өтіпті. Ұлы қағанның ойлағаны да осы емес пе?! Дереу Солтүстік Цзиньге жаушы аттандырған. Қол-аяғын буып Күшік ханды қолыма бер деген. Бермесең... Олар шалқақтап тыңдағысы жоқ. Жіберген жау­шылары саудырап бос қайтты. Онда өз обалы өзіне. Ежелден өзгенің қолымен от көсейтін әдетіне баспақ қой. Сондайдың кесірінен де әкесі Есукейдің мерт болғаны. Төрт ұлына тегіс ат шаптырған. Бөрі басты туды Төлеге көтертіп: «Ата-бабаның көз жасы әлі кепкен жоқ. Аруақ алқалады. Көк тәңірі қолдады. Алға!» деген. Жан-жақтан ағылған қалың түмен аспан астын шаңға бөктірген. Сал жалдап Сары өзеннен өткен әскер әлекедей жаланып жау сұраған. Қанды қырғын басталды. Қытай қолы бөрі тигендей бөрліккен. Табан тіреген қос шаһарына қиямет күнін туғызған. Чжундуға басшы ғып Жалайырдың жолбарысы Мұқылайды отырғызды. Ляоянды Жебенің иелігіне берді. Сүбедей ноян сол екпінмен Корей түбегіне аттанған. Өмірде аңғалдық пен сатқындық талайға сор болып жабысты. Қанжарды қатты ұстамасаң қолыңды кеседі. Мұндайға Шыңғыс ханның көзі әбден жеткен. Қалай болып еді?.. ...Күйеу баласы Тучагар парсының бай шаһарын шауыпты. Өнер ұстаған адамдарын қырыпты. О, кәззап! Ұлы қағанның жарлығын бұзуға кімнің батылы жетеді?! Бұл аруақ көтеріп алғаш қол бастағанда, қай елдің қай шаһарын алсаңдар да өнерлі адамдарына, шайыр мен пәлсапашыға, жылнамашы мен сәулетшіге, ғалым мен қару соғушыға қол көтермеңдер деген. Ерекше қамқорлыққа алып, қанаттарыңның астынан орын беріңдер. Олар – ізгі ниетті, ізетті пенделер. Кімде-кім осы жарлықтан жаза басса жанын жаһаннамға жіберем деген. Парсы елі тұтасымен мұның билігіне өткен. Бағынған елді басынып қайтадан шабу – қылмыс. Мұның астарында ашкөз аламандық, тоңмойын тоймастық жатыр. Ал өнерлі пенделерге көрсеткен қиянаты ше? Өнер – болашаққа түсер жарық сәуле. Оны өшіруге жаман-жәутік күйеу бала тұрмақ, ұлы қаған менің де құдіретім жетпес! Бақыртып жүріп басын алыңдар деген. Осындайлардан келіп Шыңғыс хан кейінгіге өсиет айтады: «Ұрпағым, мен кедейді бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды сахи еттім, өлмешіге өмір бердім. Бірақ туабітті топас боп жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым. Топас жаннан және сақтаныңдар!». Көшкен бұлттай сапырылысқан елес арасынан анасы көрінеді. Ақ жамылып алған ба? Қол бұлғайды. Онон өзенінің арғы беті ғой. Онда қайдан жүр? «О дүние мен бұ дүниенің арасы – бір-ақ аттам жер» деген рас болды ма?! Анасы мейір төге қарайды. «Қазір өзенді кешіп өтіп сізге жетемін» деп алға ұмсынған. «Асықпа, ұлым. Соңыңды сайлап кел!» дей ме? Жер жаһанның тағдырына қиялмен қайыра бір «көз тастаса...». Төрт ұлы (Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле) дүниенің төрт бұрышын еншіледі. Жебе ноян мен Сүбедей ноян да құралақан қалған жоқ. ...Енді жапон аралдары, тағалы атты тайғанатпай Солтүстік Мұзды мұхитты көру, Тынық мұхитына ентікпей жету – болашақтың еншісі... Артымда дойыр қамшы қалып барады. Бекемдігі бет қаратпас сол дойырды соңына сайлаған жоқ па? Ендеше, алаңдайтын несі бар? Өтейін өзеннен!.. Анасы арғы бетте әлі тұр ма? Баяғыда таң алдында таңғұт шапқанда мұны шапанымен бүркеп қашып еді-ау. Қалың өскен тал-бұтаны паналап аман қалған. Жесірдің тонын ерте киіп қалса да, бұған жасығанын көрсетпепті. Қайдан естіп еді? Жыландар туралы ертегі есіне түсті. ...Ертеде ағайынды екі жылан өмір сүріпті. Бірі – бір басты, көп құй­рықты екен. Ал екіншісі көп басты, бір құйрықты болыпты. Жаз бойы рахат, күнге қыздырынып жүре береді. Ал аязды қыста інге кіріп, көктемге дейін ұйықтау керек. Сонда бір басты жылан бірден інге кіріп кетеді. Ал көп басты жыланның әр басы өзінше билік айтып, талас-тартыс туып, ақыры інге кіре алмай, сыртта қалып, үсіп өліпті... «Мұны мен неге айтып отырмын? Ойлан, ұрпағым! Және ғұмыр бойы ұмытпа!». Тынысы тарылып бара ма?! Бір түйіншек лықсып кеп жұтқыншағына қадалды. ...Дүниені болашақта қара күш емес, асылы ақыл билер. Шығыс – даналық кітабы. Оқып алыңдар. Отырардың кітап қазынасын өртетпей, кейінгілерге тастап кеткенім содан емес пе! Батыстан үлгі алмаңдар. Олар іштерінен іріп-шіріп барады. Көк темірді игергенмен, ауызбірлігі жоқ. Сол себепті, бізден жеңілді. Ұрпағым! Қай қиырда жүрсеңдер де маңдайларыңды қасиетті Қарақорымнан ажыратпаңдар. Бұрхан-Халдун тауы қаңырап қалмасын. Сендерді таба алмай Онон өзені аңырап жатпасын. Онда сенің алтын бесігің тербетулі тұр. Елестер сөне бастағандай ма?.. Күн сәулесі де өшіп бара ма?.. Көз алды мұнарланып кеткендей болды. «Ашыңдар жолымды! Жарылыңдар екіге! Мен кетіп бара жатқан жоқпын ба?! Мен кеткен соң... Молама алтын мен күмісті, гауһар мен жауһарды салмаңдар. Аспан астын даң қылған атағым онсыз да алысқа кетер. Ел сонымен ауызданар. Бірі мақтаныш тұтар. Бірі қанішер қатыгез дер. Бәрібір менің рухым мұқалмас. Өйткені, мен мәңгіліктің жалғыз атты жолаушысымын ғой». Осылай деген ұлы қаған о дүниеге аттанып кете барады. «Ононның арғы бетіндегі анама жетейін. Зарығып көп күтті. Әкеліңдер алтын табытты. Тосыңдар алдыма дегісі келді. Дәмеге дәрмен ермеді. Санадағы жарқылдаған көп сурет біртіндеп сөне берді, сөне берді» деп аяқтайды автор да шығармасын. «Сөне берді» деп аяқтала сала, керісінше, Шыңғыс хан тұлғасы жарқырай көрініп, зорая түскендей болды. Әңгімеміздің басында атап өткен зерттеу-зерделеу, саралау-сараптау еңбектерден біз әйгілі тұлға туралы біраз беймағлұм мәліметтер мен деректерге қанық болсақ, енді, міне, аталмыш хикаяттан оның адам ретіндегі бітім-болмысы мен жаратылыс тұрғысын, ой-толғанысы мен қиналыс-тебіренісін, күйініш-сүйініші мен арман-аңсарын, яғни жан-дүниесі мен ішкі әлемін тани түскендейміз. Ұлы қағанның ұрпақтарына көрсеткен өнегесі мен қалдырған ұлағат-өсиеті де бізді өзіне баурай түсіп, жақындата берді. Қаламгер мақсаты да осы болса керек. Сөзіміздің тобықтай түйінін үлкен суреткер Мұхтар Мағауиннің: «Шыңғыс хан деген – анау айтқандай, жабайы мақұлық емес екен, ақымақ, топас, жауыз, қанішер емес екен, көлеңкелі, келеңсіз сыпаттары болса, ол – замана таңбасы; шын мәнісінде парасатты, дана кісі, ұлы қолбасы, ғажайып саясаткер, адамзат тарихында өзгеше орны бар, айтулы, бірегей қайраткер...» деген сөзімен аяқтағанды жөн көрдік. Осы негізде зерделесек, Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятын ұлы даланың әлем әміршісі атанған ұлы перзентін тануға қосылған үлес деп білеміз. Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.