06 Қаңтар, 2011

Ойды ой қозғайды немесе біздің де айтарымыз бар

799 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы 29 қыркүйектегі №394-397 (26240) санында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төлеубай Ермекбаевтың «Туған жердің тасы да тіл қатады» деген мақаласы жа­рия­ланды. Онда ХVІІ – ХVІІІ ға­сыр­ларда өмір сүрген үлкен тұлға, Қазақ хандығының аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, Орта жүздің ұлы биі Қаз дауысты Қазыбек Кел­ді­бек­ұлы­ның қайтыс болған жеріне бү­гінгі күнге дейін ешқандай ескерткіш-белгі қойылмай, ескерусіз жатыр деген әңгіме айтылады. Ойын түйін­дей келе Төлеубай Ермекбаев: «...Те­рек­тібұлақтағы (дұрысы: Қарағай­лы­бұлақ) би атаның қыстауы (күзеуі) басында жылдар сал­мағымен оң жамбасына жантайып бара жатқан екі сөре тас әлі күнге дейін қамсыздығымыздың белгісіндей бо­лып сол жерде қалқиып тұр. Ба­сын­да ешқандай белгі жоқ. Қоршауға да, қорғауға да алынбаған. Бұлар басында төрт тас еді. Екеуінен айы­рыл­дық. Енді осы қалқиып тұрған қал­ған қос тастан көз жазып қалма­сақ жарар еді. Онда бұл салғырт­ты­ғымыз бен салбөкселігімізді ұлы бидің аруағы кеше ме? Әй, қайдам...» дейді. Қазақ елін Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар билеген тұстарда мемлекет басқару ісіне белсене қатысып, олардың ішкі және сырт­қы саясатына үлкен ықпал жа­са­ған, жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдас­ты­ру­шы­лар­дың бірі болған Қаз дауысты Қазы­бек­тің фәниден бақиға өткен орнына ескерткіш орнату ісі билік тарапынан ескерусіз қалып келе жатқанын күйзеле айтқан Т.Ермекбаевтың жан ашуын түсінуге болады. Шынында да, үлкен тарихи мәні бар оқиға ор­ны­на орталық немесе жергілікті өкі­мет тарапынан ешқандай қамқорлық жасалған жоқ. Тіпті, ол Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерінің мем­лекеттік тізіміне де енгізілмеген («Ор­та­лық Қазақстан», №89-92 (20876), 10 маусым 2010 ж.). Алайда, Қаз дауысты Қазыбек 1764 жылы, 97 жа­сында Шідерті бойындағы жай­лауы­нан Едірейдегі қыстауына көшіп бара жатқан жолда, күзеу қонысы Қарағайлыбұлақта науқастанып қай­тыс болған, ақ жуып, арулап, ақ киіз­дің сыртынан былғарымен қапталып, баласы Бекболат жыл шыға мәйітті қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлегенге дейін, қыс бойы аманатқа сақ­тал­ған жерде 2000 жылдың тамыз ай­ында ұрпақтары сөре тастарды темір шарбақпен қоршатып, граниттен ескерткіш қойды, баба рухына тағзым етті. Ескерткіш тастың бетіне: «ХҮІІ – ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығының аса ірі мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек би осы жерде 1764 ж. қайтыс болды. Мүрдесі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне жерленген. Ұр­пақ­тарынан», – деп жазылған. Ескерткішті орнату рәсімінде жинал­ған­дарға ас беріліп, дұға бағыш­тал­ды. Аталған іс-шараға орай аймақ өңі­рінің айнасы «Орталық Қазақ­стан» газетінің 2000 жылғы 30 тамыз күнгі санында осы жолдар автор­ла­ры­ның бірі, журналист Ермек Бал­таш­ұлының «Керім даланың кемең­гері» атты мақаласы жарияланып, оқиға орнынан түсірілген сурет қоса жарық көрді. Дәл осы мезгілде «Қа­зақстан – Қарағанды» телеар­насынан тележурналист Садық Таласбаевтың аталмыш шарадан түсірілген репор­тажы да берілді. Қаз дауысты Қазыбектің сөре тас­тарына қатысты әңгіме қозғал­ған­нан кейін оның орнатылу жағдай­ы­нан да азын-аулақ мағлұмат бере кеткеніміз артық болмас. Мәйіт сақ­тал­ған сөрені тіреп тұрған 4 таған тасты осы жерге әкеп орнатқан қара­ке­сектің Қаракемпірінен шыққан Қарабас балуан екен. Бұл дерек Қаз дауысты Қазыбектің бесінші-ал­тыншы ұрпақтары Жайсақ қажының (1854 – 1917) ұлы, Ыстамбұлдың Ая София және Уфаның Ғалия медреселерінен білім алып, өмір бойы ұстаздық еткен Камалидден (Камал) (1882 – 1954) қалдырған шежіреден белгілі. Ал жоғалып кеткен екі тас туралы оқу-ағарту ісінің үздігі, жоғары санатты ұстаз, осы күні жасы 76-ға келіп отырған зейнеткер Рауия Смағұлұлы Смақов дерек берді. Рауия Сүйіндіктің Айдабол атасынан тарайды. Әкесі Смағұл (Смақ) Жү­ніс­ұлы ел сыйлаған салиқалы ақса­қал, діндар адам еді. Қаз дауысты Қазыбек қорымының іргесіндегі Мұрынтал ауылында тұрған. Бұл жер бұрын Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты Октябрьдің 40 жылдығы атындағы шаруашылық­тың бөлімшесі болатын. Қорымның алдындағы өлкені Сеңкібай жазығы дейді. Ол қаракесек ішінде Қара-Шор атамыздан тарайтын Сеңкібай батырдың жайлауы болған. Қаз дауысты Қазыбектің жайлауы осы өңірмен шектес. Сеңкібай батырдың бір баласы Далбатау аталуы да көп нәрседен хабар бергендей. 1941-1946 жылдары Смағұл ақса­қал Сеңкібай өлкесіндегі орманның жанындағы Қарашоқының (Қара бие емес) баурайын қоныстанған. Қаз дауыс­ты Қазыбек қорымы бұл жерден бір-ақ шақырым. 1946 жылы Рауия Семізбұғы жетіжылдық мектебіне ауысып, 5-сыныпты Семізбұғы кентінде, кеңес төрағасы болып жұмыс істеген жездесі Қаппас Қалиақ­па­ров­тың үйінде жатып оқиды. Сонда 1946 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының сол кездегі қызметкері Нұркен Жаналин деген кісі Семізбұғы кенішінен «ЗИС-5» машинасы мен оншақты жұмыскер алып келіп, 4 тастың бірін Нұра темір жол стансасына апарып, сол жерден пойызбен Алматыға жө­нелткен. Рауияның бұл оқиғаны егжей-тегжейлі білетіні, жездесі Қап­пас жоғарыдағы Нұркен Жаналиннің жанында болған екен. «Төртінші тасты Семізбұғы, Шалқар немесе Қандыкөл ауылының ұсталары немесе тың игеру жылдары жаңа ұйым­дасып жатқан колхоздардың орыс­та­ры диірмен жасауға пайдалану үшін әкетуі мүмкін», деп пайымдайды Рауия. Хош, сонымен Қаз дауысты Қа­зыбектің сөресі қызметін атқарған тастардың екеуінің сыртына ұлы би­дің ұрпақтары осыдан он жыл бұрын қоршау жасатып, ескерткіш қойғаны жайлы жоғарыда айтылды. Ал оны маңызы зор тарихи-мәдени ескерт­кіш­тер қатарына қосып, қам­қор­лық­қа алу атқарушы биліктің құзы­рын­дағы мәселе. Қаз дауысты Қазыбектің ұрпақ­тары атынан: Қаби ЕСІМОВ, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор; Ермек БАЛТАШҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қарағанды қаласы.