Ақмола облысы әкімінің есепті жиналысына 500-ден астам адам жиналуы өңір тіршілігінен ешкімнің бейтарап қалмайтынын білдіреді. Алтын көпір кездесудің маңыздылығы осында.
Есепті кездесу халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен басталатын дәстүр бар. Оның тақырыбы да, мазмұны да жыл сайын өзгертіліп отырылады. Бұл жолы облыстың индустриялық-өнеркәсіптік дамуына тың леп алып келген 22 кәсіпорынның брендтік өнімдері қойылған екен. Жаңашылдықтың жаршысындай саналатын бұл шара өңір өркенінің биіктігін көрсетумен қатар, облыс әкімінің бүгінгі кездесуінің тартымдылық ауанын байқатып тұрғандай еді.
Облыс әкімі Сергей Кулагин баяндамасының беташарында, бұған дейін барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен 685 есепті кездесуі өткізіліп, оған 71 мыңдай адамның қатысқанын атап өтті. Онда айтылған ұсыныс-тілектер өңір дамуының құбылнамасы ретінде басшылыққа алынғаны ішкі белсенділікті арттырып отыр. Атқарылған істердің нәтижесі Ақмоланың бүгінгі бет-бейнесінен көрініс тапқандай. Әкім баяндамасының жоғары екпінде жасалуы осыны аңғартады.
Сергей Витальевич баяндамасында облыс тұрғындары былтырғы жылды экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша жақсы көрсеткіштермен қорытындылады, деп атап көрсетті. Өнеркәсіп тұрақты жұмыс істеуде, ірі индустриялық жобалар іске асырылып, жаңа технологиялар енгізілуде, тұрғын үй, білім және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілуде. Астықтың жоғары түсіміне қол жеткізілді. «Нұрлы Жол» бағдарламасының іске асырылуы құрылыс жұмыстары көлемін 106,1 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Осының арқасында 282 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 2406 отбасы өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсарта алды. Облыс экономикасына 199,3 миллиард теңге инвестиция, соның ішінде сырттан 14,2 миллиард теңге қаржы тартылды. Нақты сектордағы көрсеткіштердің өсуі орташа айлық еңбекақының өсуіне және халықтың жұмыспен қамтылуының жақсартылуына жағдай туғызды.
Мұндай жиындарда экономиканың дамуына салмақты үлес қосқан ұжымдардың аталуы жігер тасытады. Есепті кезеңде 313 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өңірді республикамыздағы алдыңғы қатарға шығарыпты. Металлургия саласы 134,6 пайыздық, ал химия өнеркәсібі 156 пайыздық өсімді қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданған кезеңде тамақ өнеркәсібінің көлемі 2 еседен астам артып отыр.
Бүгінгі күнгі маңызды қадамдар қатарына Индустрияландыру картасы шеңберінде 166 миллиард теңгенің 60 жобасы жеміс төгіп тұрғанын қосуға болады. Мұндағы 43 жоба дайын өнеркәсіп өнімдерін шығаруға және 26-сы жоғары қосымша құндағы өнімдер өндіруге бағытталған. Бұл ретте Ерейментау ауданындағы республикамыздағы бірінші жел электр стансасы (қуаттылығы 45 МВт), Степногор қаласындағы түйіршіктелген пестицидтер өндірісі және «ЕПК-Мәскеу» подщипник зауытының қуаттарын «Степногор подщипник зауытына» көшіру» жобасын ерекше атап өткен жөн. Соңғы жоба бойынша Мәскеудің жабылған зауытынан Степногорға 370 дана жабдықтың жеткізілуі арқасында, қазірдің өзінде жаңа 90 түрдегі 41,6 мың дана подщипник дайындалған. «Алтынтау Көкшетау» ЖШС, «Қазақалтын» ТМК» АҚ өндіріс көлемінде де ілгерілеушілік бар.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты міндеттерді орындау «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Мұнда 263,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Көктемгі дала жұмыстары тиісті деңгейде өткізілді. Сала бойынша 3,3 миллион гектар алқапқа немесе егістіктің жалпы көлемінің 75,3 пайызына ылғал сақтау технологиясы енгізілген. Машина-трактор паркін жоғары өнімді техникамен жаңарту жедел қарқынмен жүргізілуде. 2015 жылы 166 астық комбайны, 287 трактор, 81 егістік кешені сатып алынды. Аграрлық сектордағы шаралардың барлық кешенін орындауға мемлекеттік қолдау аясында 16,2 миллиард теңге инвестиция құйылған, ол 2014 жылғы деңгейден 2 миллиардқа артық.
Мал түлігінің барлық түрі бойынша өсім бар. Осыған сәйкес, өнім тасқыны да көңілдегідей. Қазіргі күні 27 600 ірі қараға арналған бордақылау алаңдарының жұмыс істеуі экспорттық әлеуеттің күшеюіне әсер етуде.
Есепті баяндамада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, білім және денсаулық сақтау, спорт пен мәдениетті дамыту мәселелеріне талдамалық түсінік берілді. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, бұған қатысты қолданылған шаралар кеңінен әңгімеленді. Жұртшылық дағдарысқа қарсы шаралар, көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері бойынша да нақты мәліметтер алды.
Есепті кездесудің екінші бөлімі сұрақ-жауаптарға арналды. Онда көптеген өзекті мәселелер қамтылды. Көкшетаулықтарды жаңа жылу электр орталығының құрылысы қашан басталатыны толғандырады. Атбасарлықтар мен Целиноград ауданының тұрғындарын былтырғы көктемгі су тасқынының зардаптары мазалайды. Астана маңындағы Қоянды ауылындағы тұрғын үй телімдерін заңсыз иемденуді тоқтату да толғақты мәселе болып тұр.
Жалпы, «Көкшетау» мәдениет сарайына қойылған микрофон бір сағат бойы тынымсыз жұмыс істеп тұрды. Олардың басым көпшілігіне қолма-қол қанағаттандырарлық жауаптар қайтарылды. Кездесудің еркін әрі ашық пікір алаңына айналғанын айтуға болады. Мұнда әкімнің жеке басына, жетім балаларды өз қамқорлығына алуына қатысты жайлар да әңгіме өзегіне айналды.
Әкім жекелеген мәселелер бойынша қабылдау ұйымдастыратынын, бүгін көтерілген сұрақтарға тиісті жауаптар қайтарылатынын және олардың баспасөз бен өз блогында жарияланатынын айтты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.