26 Ақпан, 2016

Сауалдама – таңдау нәтижесінің көрсеткіші

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
цик77Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Zakon.kz» ақпараттық порталы мен «Қоғамдық келісім» зерттеу институты өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг сайлау науқаны аясында әлеуметтік зерттеулер жүргізудің барысына арналды. «Zakon.kz» ақпараттық пор­талының бас редакторы Қайрат Шайхиев: «Еліміз маңызды сая­си оқиғаның қарсаңында тұрғанын білесіздер. 20 наурыз күні Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлаулары өтеді. Бүгінде үгіт-насихат іс-шаралары басталып кетті. Осыған байланысты «Zakon.kz» ақпараттық порталы алдағы сайлауға және оның өткізілу барысына баға беру үдерісіне қатысу туралы шешім қабылдады. Біз өзімізге серіктес ретінде «Қоғамдық келісім» зерттеу институтын таңдадық», – дей келе, электоратты кезең барысында сайлаушылар арасында сауалдама жүргізілетінін, бұл ел тұрғындарының сайлауға, саяси науқанға қатысып отырған үміткерлерге қатысты хабардар болып, ақпарат алуына мүмкіндік беретінін жеткізді. «Қоғамдық келісім» зерттеу институтының атқарушы директоры Айгүл Сәдуақасова да елде маңызды саяси науқанның жүріп жатқанына тоқталды. «20 наурыз күні «Қоғамдық пікір» зерттеу институты өзінің зерттеу-сараптау жұмыстарын ұйымдастырып, сайлау учаскелерінен шыққан сайлаушылар арасында сауалдама жүргізеді. Бұл – жалпы стандартты әдіс. Қазақстанда ғана емес, барлық елде де осындай тәжірибе бар. Осы зерттеу әдісі бойынша әрбір бесінші сайлаушы сайлау учаскесінен белгілі бір кандидатқа дауыс беріп шыққаннан кейін арнайы сауалдамаға қатысып, жауап береді. Оған Қазақстан бойынша барлық облыстар және Астана мен Алматы қалаларының сайлаушылары қамтылады. Соның ішінде еліміз бойынша 110 сайлау учаскесін қамтуды көздеп отырмыз», – деді ол. Сондай-ақ, олардың арасында облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларынан 56 сайлау учаскесі, шағын қалалардан 28 сайлау учаскесі, сонымен қатар, ауылдық округтерден 26 сайлау учаскесі іріктеліп алынғанын айтты. Ал зерттеуге қатысу үшін Қазақстанның барлық өңірінен 200-ге жуық сұхбаттасушы қамтылмақ екен. «Негізгі қорытындылар жалпылама түрде заңмен бекітілген ережелерге сәйкес, сол күннің соңында ғана беріледі. БАҚ үшін 21 нау­рыз күнгі түнгі сағат 00.00-де сауалдаманың қорытындысы арнайы айтылатын болады», – деді Ә. Сәдуақасова. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.