27 Ақпан, 2016

Құбылыс

813 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
* Жамбыл − 170 012 - копия «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Анада алалық жоқ қой, қай баласын болса да мерзімді күні жарық дүниеге әкеледі. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Көне грек Гомерінің қайда туғанына осы күнге дейін жеті шаһар тала­сады. Қай елден туғаны да осы күнге дейін даулы, қазақ Гомерінің туған елі − Ұлы жүз − Екей. Туған топырағы − Жамбыл тауының баурайы», – деп ұлы жыраудың феномендік сырын тек пен топырақтан, уақыт пен кеңістіктен табатын Ғабаңның – Ғ.Мүсіреповтің «Феномен-Феникс» мақаласында осындай тамаша жолдар бар. ...1936 жыл Жәкеңнің даңқын шар­тарапқа асқақтатып жатты. Ол Алматыда өткен қазақ ақын­да­рының республикалық бірінші слетінде әйгілі «Туған елім» жырын айтып, осы жылдың көк­темінде тұңғыш рет Мәс­кеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнері­нің онкүндігіне қатысып қайтты. Жәкең туралы С.Сейфуллиннен бас­тап, М.Әуезовке дейін, олардан кейін де қаншама көрнекті тұлғалар қалам тер­беді. Бәрі де Жамбылдың ақынды­ғын, жыршылығын, әсіресе, суырыпсалма айтыскерлігін ғылыми дәйектер­мен, жан-жақты талдап, жеріне жеткі­­зіп ай­тып кеткен. Ол туралы қаншама ақын-жазушылар әдемі естеліктер ай­тып, асқақтата жыр төкпеді. Ал қара­сөзбен жа­зылған дүниелер өз алдына. Әлбетте, Жамбыл туралы прозалық шы­ғармаларды жазған авторлардың шығармашылық қарымын Әуезовпен салыстыра алмаймыз. Егер Мұхаң дарындас жазушы туып, Жамбыл өмір сүрген ор­та мен тарихи жағдайлардың тереңіне бойлай алса, онда Жетісу жерінің «Абай жолындағыдай» үлкен полотносы сөз жоқ өмірге келер еді. Оған Жәкеңнің өмір дерегі мен Жетісудың қилы-қилы тарихтары талай мағлұматтар беретініне күмән жоқ. Бұлай болғанда, Жәкең жөніндегі тарихи ақтаңдақтардың кейбіріне нүкте де қойылар ма еді... 1938 жылы «Ардақты Жәке» атты шағын мақаласында: «Кәрілік жеңбеген сені өлім жеңбейді. Сенің атың ұлы за­ман­ның ұмытылмас атының бірі еке­нінде күмән жоқ», деп ағынан жа­рыл­ған Мұхтар Әуезов тек әділетті айт­­қан. Та­­­­лант­қа та­ланттың берер бағасында қан­­шалықты мүлт болмайтыны оның ақиқатқа суарылуында болса керек. Мұхаң Жамбыл дәуіріне бүгінгілер­ден бір табан жақын тұрғанын қаперге алуымыз керек. Оның «Тарих путевкасын берген адам», «Ардақты Жәке», «Джамбул и народные акыны», «Джамбул и народ­ная поэзия», «Халықтың ғасырлық жыры», «Жамбылдың айтыстағы өнері» және «Айтыс өлеңдері» атты мақалалары тек Жамбылдың жеке басын мадақтаған жалаң сөз емес, жалпы ұлт өнерінің өт­кені мен болашағын саралаған бағалы ең­бектері болатын. Ол: «Халық ақыны Жамбыл, тек өз шығармаларымен ғана емес, тарихи-әдеби зерттеу тұрғысынан да, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен де аса зор құбылыс», деп бағалайды. Ал құбылыс деген мәртебелі атақты М.Әуезов кім кө­рінгенге қосақтап айтпаған. Жамбыл атамызға тек Мұхаң ғана емес, оның талантты шәкірті Ш.Айт­матов та осындай баға берген. Атап айтсақ: «Ауызекі поэзияның көне дәстүріне сүйене отырып, Жамбыл және оның қазақ-қырғыз замандастары шын мәнінде жаңару құбылысын, яғни совет кезінің ақындық дәстүрін ту­ғызды. Егер осыған ой сала қарасақ, мұндай құбылысты − тарихи маңызы бар жайттар дер едім», деп М.Әуезов пікірін қуаттап қана отырған жоқ, жоғарыдағы Ғабаңның «Феномен-Феникс» деген тұжырымымен де үндесіп жатты. Қайта туу − феникс болса, құбылысымыз − феномен емес пе?! Жалпы, М.Әуезовтің Жамбыл туралы мақаласында, сөйлеген сөздерінде, жасаған баяндамаларында, тіпті, кейбір ол турасындағы аз-маз тоқтала кеткен өзге еңбектерінде болсын, барлығында да теориялық тұжырым, жаңа зерттеушілік бағыт-бағдар жасамай кеткен шақтары аз болған. Жәкең жөнінде естеліктер айтуға академик-жазушының таланты жетпей қалған жоқ. Жамбылдың өзін әлденеше рет көріп, үйінен Л.Собо­лев екеуі дәм де татқан болатын 1940 жылғы маусым айының бас кезінде М.Әуезов, Л.Соболев, Ә.Тәжібаев үшеуі Жамбылдың жанында үш күндей болып қайтады. Ал Мұхаң үшін бір көру, көзбе-көз бірер мәрте әңгімелесу естелік қана емес, тарихи-көркем повестің өзіне айналып кететін құбылыс болуы да ғажап емес. Жазушы Жәкеңнің адами болмысын, аралас­қан ортасын, сөз саптауы мен ақындық қуат-күшін әйгілі «Абай-жолында» зор сүйіспеншілікпен көрсете отырып, оның «Сәлем айт, барсаң Абай­ға!» дейтін өлеңін келтірген. Оған деген ұлы құрметін ұлы жазушы осылай мәпелеп әкеп, өзінің даңқты эпопеясына енгізгені жайдан-жай болмаса керек. «Жамбылдың айтыстағы өнері» деген еңбегінде М.Әуезов айтыскер суырыпсалма ақындарды «ақпа-төкпе» ақын деп қарастырады. Ақпа ақындардың негізгі ерекшелігі − эпос тудырушылар екені баса айтылады. Жамбылды осы қатарға жатқызып, оның «Өтеген», «Сұраншы», «Саурық» жырларын мысал ғып атаса, бұнымен қоса оның жыршылық қы­рына жататын «Көрұғлы», «Манас», «Шораны» айтқандағы төкпелігін де даралап атайды. Кейде Жамбылдың сүре айтыстағы төкпелілігі: «Еуропада болған «Фабльо» үлгісін туғызып кетеді», деп оның өнерін­дегі шығармашылық талантының тағы бір қырын көрсетеді (Фабльо – ХІІ ғ. – ХІV ғ. басындағы француз әдебиетінде кең таралған комедиялық немесе сатиралық мазмұндағы шағын көлемді поэтикалық хикаят.). Халық өз мұңы мен мұқтаждықтарын өткір айтатын Жамбыл сияқты ақын­дарын қастерлеп отырған. Ал оған бұ­қараның өмір салты бала күнінен барлық шындығымен көз алдынан өтіп, көкейіне қатталған. Өзі де асып-тасып жатпаған ортадан шыққан, Жамбылдың жастық шағы «Шағым» дейтін өлеңінде бар. Сонымен қатар, бала күнінен ел аралап, ойын-сауық көріп, мақсатты түрде өлең-жыр жаттап, айтыс-тартысқа әуес болған оның әрбір күні болашақ ұлы ақынның шығармашылығына арқау болып қана қойған жоқ, қалың елдің ауыр тұрмысына көзін қандырып, көкірегіне құйып жатты. Оның есімі қаншалықты мәңгі болса, өлең-жырлары да соншалықты өмір­шең. Бұған өз заманында заңғар жазушы М.Әуе­зов те күмән келтірмеген болатын. Ол «Халықтың ғасырлық жыры» атты жыр алыбы Жамбыл қаза болғанда жазған шағын мақаласында: «Халық поэзиясының алыбы болып, жаңғырған жастықтың мол сұлу жырларын төккен Жамбылдың өз өмірі де талай әсем сөз, әдемі аңыз болуға татиды... Жүз жылдық жастығының шағында көңілі тірлік­ке, өлмеске кеткен ғасырлық жырының өзі болады», деп атап айтқан болатын және ардақтап өтті. Сөз жоқ, ол аңыз адам болды. Рас, аңыздың бойына жамайтын түрлі жамаулары да көп болады. Қалай болғанда да жүз жылдық ғұмырын Жамбыл өлеңге арнады. Соған адал қызмет етті, өмірін «ХХ ғасырдың Гомері» деген ұлы атақпен аяқтады. Ал бұндай өмір ұлт үшін, сол ұлттың әдебиеті үшін мақтаныш сезімін тудырса, сәйкесінше жерқорақ жетесіздердің күн­шілдігі мен қызғанышын да оятуға себеп болды. Қазақтың атақты ақыны, Жәкеңнің тұңғыш әдеби хатшысы болған Ә.Тәжі­баевтың естелігінде мынадай жолдар бар: «Мінеки! − деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей жайып, Импровизатордың шеберлігі деген осы. Эпостағы бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пайдаланады! Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанда тудырып отырғанда, ха­лық байлығы оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па? Бұрынғы ұлы ақындар да осылай сөйлеген. − Ырзамысың олжаңа! − деп Сәбең маған қарады. − Атамаңыз, Сәбе! − дедім, қуаны­шымды жасыра алмай. − Құдай жарыл­қады ғой бізді... − Дұрыс айтасың, Құдай жарылқады деген осы, − деп Мұхаң қайта көтеріп әкетті. − Бұл − жүз жылдарда бір-ақ кө­рі­нетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сиятын болуға керек...». Бұл сөз Ә.Тәжібаевтың үйінде Жә­кеңді тұңғыш көріп, жырын тұңғыш тыңдаған күні айтылған болатын. Оны айтқан, Жәкеңнің «шоң» баласы М.Әуезов еді. Әбекеңнің сол естелігінде тағы да мынадай жолдар бар: «Жәкең аққу мінездес екен, − деді бір жолы Мұхаң, − көл де өзінікі, көк те өзінікі екенін жақсы тү­сінеді. Бұл − Мұхаңның аузынан сирек есті­летін мақтау». * * * Жәкеңмен көзінің тірісінде екі рет жолығып, өлең-жыр, дастанда­рын көп тыңдап, жазып алып, өзінің қазақ әдебиеті жөніндегі бірінші кітабына «Жабай батыры» мен Құлмамбетпен айтысын қос­қан қазақтың дауылпаз ақыны Сәкен Сейфуллиннің жамбылтануға қосқан қо­мақты үлесі бар. Әйтсе де, ол жа­зып алған жыр-дастандардың бәрі де баспа бетін көрді дегенге толық дә­лел жоқ. Оны жамбылтанушылар да жоққа шығармайды. Н.Төреқұлов кел­тірген Кененнің әңгімесіне қарағанда, Жамбылдан жазып алған Сәкеннің жазбалары аз болмаған сияқты. Ол былай деп еске алады: «Жәкең сілтей берді, сілтей берді. Сәкен де жазғыш екен, қа­ғаздың біраз бетін аударып тастады». Жалпы, Сәкен Сейфуллин Жамбыл есімімен жиырмасыншы жылдардан таныс әрі ақынмен М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерге қара­ғанда ертерек араласқан. Оны Жәкеңмен таныстырған ұлы жыраудың шын жа­нашырлары – Ораз Жандосов пен Шамғали Сарыбаев еді. Шамғалидың 1924 жылғы «Терме» журналында жариялаған Жам­былдың өлеңдері, жыр-дастандары туралы айтқан мәліметтері мен құнды мұ­ра­лары ақынды қатты қызықтырады. Және Жамбыл есімін Сәкен де алғаш естиді, баспасөз беті де тұңғыш рет тасқа басып жазады. Жамбылдың баспасөзде танылуы, міне, осылай басталған... Осы тұрғыдан келгенде, Сәкен Жам­был жөнінде үлкен еңбек жазып, естелік қалдыра алмаса да, оның есімін әдебиет тарихының алтын тақтасына қашап жаз­ған қазақ қалам қайраткерінің бірі болды. Ал Сәкен туралы Жамбылдың мынадай сөзі бар: «...Ана бір жылы Сәкен келіп қонақ болғанда, көп өлең айтқызды. Жазып алды. Сонда өлеңің өткір екен деген болатын. Ой, ол да бір алғыр ақын еді ғой, шіркін!..». Сәкен де өз уақытында Жамбыл твор­чествосының құндылығы мен жиналып жариялануы туралы: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жат­қан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру − біздің әрқайсымыздың аза­маттық борышымыз», деп ескерткен болатын. * * * «1936 жылы мен Ұлы Отан соғысы басталудың екі арасында Жәкең 10000 жолдан артық жыр шығарды», – деп жазады С.Мұқанов өз естелігінде. Әрі қарай оқиық: «Ұлы Отан соғы­сы­ның тақырыбына соғыстың төрт жы­­лында Жәкең 3000 жолдан ар­тық жыр шығарды. Халқымыздың отан­шылдық намысын күшейте түсуде, совет адамдарының елдегі, майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жәкеңнің бұл жырларының тарихи маңызы аса зор», дегенде Сәбең жалаң статистиканы соғып отырған жоқ. Бұлар Жәкеңнің: «Елбіреп екі аяғым дірілдейді, көз жетпей тұрарыма, тұрмасыма», деп 90-нан асып кеткенде жырлаған жыр жолдарының нақты дерегі. Егер мұндай игілікті іс бері айтқанда, 20-жылдарда қолға алынып, хатталғанда біздің әдеби мұрамызға Жамбыл қосқан жырлардың көлемі қазіргіден де қомақтырақ болуы тиіс еді. Және Жәкең жырлаған көптеген жыр-өлеңдердің белгісіз боп қалуына жол бермеген де болар еді. Әлбетте, жаңа ғана патшалық бодандықтан басын азат етіп, коммунистік жаңа бодандықтың бастауындағы түрлі соғыстар мен ре­фор­­малардың өліара кезеңінде өмір сүрген Қазақстан халық ақындарын дәл біздің заманымыздағыдай ескеріп-елеуге мұр­шасы болған жоқ. Әйтсе де, Әлихан, Сәкен, Смағұл, Халел, Ахмет, Мұхтар, Сәбит сияқты сол кездегі жас ұлтшылдар өздері басқарып отырған газет-журнал­дар, қоғамдық мекемелер арқылы халық мұрасын тез және мүмкіндігінше мол жинау мақсатында түрлі қаулылар шығарып, өздері де соған тікелей араласып жатты. Соның нәтижесінде, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926), Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Халел Досмұхамедовтің «Аламаны» (1928), Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасыр ба­сындағы әдебиет» (1932) сияқты еңбектері дүниеге келді. Мұның бәрі де аталған авторлардың өлмес, өшпес құнды еңбектері болатын. Міне, осындағы Сә­кен­нің кітабына Жамбылдың біраз дүние­лері енгізілді. Жамбылтануда Ш амғали Сарыбаевтың «Фоль­­клордың білгірі» деген мақала­сының орны бөлек. Шамғали Сарыбаев Жәкеңмен тұң­ғыш жүздесіп, оның аузынан біршама дүниелерді жазып алған көрнекті ғалым, әдебиет нұсқала­рын жи­нас­тырушы және оның жамбылтануға қосқан ерен үлесі – алғаш мәлімет беруші ғана емес, әуелгі бағалаушысы, іздеушісі, насихаттаушысы болғандығында. Шамғали Сарыбаев айтады: «Мен Жамбыл ақынды 1922 жылы 9 июньде Ұзынағашта болған Қосшы ұйым мү­шелерінің мерекесінде көрдім. Сол мерекеде Жамбыл көп жас ақындардың ұстазы сияқты көрінді. Жамбыл Жабаев сол жылы 68-де еді (жылы қоян). Көп өлеңдер айтушы еді. Жамбыл жасы ұлғайған адам болса да, жаңа тұрмыспен бірге өрлеп келе жатқан ел ақыны. Жам­былдың бұрын-соңғы өлең­дерін жинап алу керек. Жамбылдың ерте уақыттағы өлеңдерінің бірқатарлары мыналар еді:
  1. Көрұғлы (15 күн ұдайымен айтады деседі).
  2. Ерназар-Бекет.
  3. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы.
  4. Садыр патша мен Жамбыл патша­ның айтысы.
  5. Тезек пен Сүйінбай.
  6. Жамбылдың (өзінің) Құлмамбетпен айтысы.
  7. Шалтабай дастаны.
  8. Абылай ханның Бұқар жыраумен үш жүздің баласын аралағаны.
  9. Шежірелер.
  10. Әртүрлі термелер.
Жамбыл сынды таланттар халық фоль­клорын елінің өскеніне қарап өр­летіп отыратын тарландар», деп жазды. Жалпы, Жәкеңнің шығармашылығы жөніндегі «әттеген-ай» дегізетін тұс оның төңкеріске дейінгі дүниелерінің жиналмай, ұмытылған күйінде қалуы екенін көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісов те өкінішпен айтқан. Әбекең: «Халық сөзінің алтын қоймасы Жамбыл көкі­регіндегі қазынаны түгелдеп алып қала алмағанымыз, әсіресе, революцияға дей­ін­гі творчествосының етек-жеңін жия алмай қалғанымыз өкінішті-ақ. Сонау 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен шаттанып қайтқан ұлы ақынның өзі­­­­нің тетелесі Кенен ақсақалға «Көрұғлы» жы­­­­­­­рының өзі толғайтын нұсқасын алты күн бойына шабыттана жырлап, ақыры шетіне шыға алмай қойыпты. Ал атақты дастанның сол Жамбыл айтқан нұсқасы қайда, ақынның қай кітабына кіріп, қай ғалымның архивінде сақтаулы?..» деп жамбылтанудағы кейбір шетін жайттарға назар аудартады. Әбекең де Жәкеңді өзіне ұстаз, ардақ тұтып қана қоймай, өзін­ше зерделеп, өзінше ұлықтайды. Оны «жаңа заманның Сыпыра жырауы» деп атаған. Өте тауып айтылған теңеу. Н.Тихоновтың «Ақындардың атасы» деген эссесі қандай, шіркін! Ол қара­сөз­бен жазылған ғажап жыр ғой!.. Орыстың атақты қаламгері Тбилисиде өткен Шота Руставелидің тойында Жам­былды тұңғыш рет көргендегі әсерін қандай тебіреніспен жазса, міне, бүгін мен де соны оқып отырып, осы бір әде­мі эссені ертең де оқысам, кеудемді дәл қазіргідей шаттық кернейтініне сенім­дімін. Мен Н.Тихоновты әкемдей жақсы көріп кеттім. Ол менің бабамды, мен көрмеген тәтемді барлық болмысымен, мінезімен, қасиетімен, дарын-талантымен өзіме және өзгеге тамылжыта айтқан екен, қайта-қайта оқи бергің келеді. Жамбыл Тбилисиге қазақтың тоқ­саннан асқан кәрі шалы емес, сол қазақ­тың өзі, өнері, рухы, тілі мен ділі боп барып келді. Сол күні залда отырған қазақтың өнер қайраткерлерінің көзіне жас алмағаны кемде-кем. Иә, Жәкеңнің шатыр-шұтыр мінезі де бар ғой. Мынадай да қызық оқиға болған екен. М.Қаратаев пен Т.Жароков екеуі екі жақтап, Жәкеңе: «Тбилисиде домбырамен бірдеңе айтасыз ғой», деп әдеттегідей тықақтай бастаса керек. Соған қитығып қалған тәтем: «Жоқ! Оқыған өздерің сөйлей беріңдер!» деп шорт кесіпті. Ал Қазақстаннан барған делегаттарда зәре жоқ. Оны М.Қаратаев былай деп жазады: «Байқасам, алдыңғы қатарда блокноты мен қарындашын әзірлеп отырған Тайырдың қолы дір-дір етеді». Әрі қарай, М.Қаратаев Н.Тихонов көрген сол сәтті былайша еске алады: «Ақын домбырасын қолға алған кезде зал іші тына қалды... Әуелі тамағын кенеп, қанатын қомдаған қырандай аз-кем құнжыңдап, екі иығын бүлкілдетіп, домбырасын қағып-қағып жіберді. Сонан соң, сөзсіз үнін созып бір қайырды да, нөсер жаңбыр секілді сөз бұрша­ғын төге жөнелді. Қарасам, Жәкең­нің бүй­­­рек бетіне күреңітіп қан жүгіріп, маңдайынан шып-шып тер шығып тұр екен. Ақынның саусағымен бірге жау­ырыны да ойнақшып, жыр тасқынын барған сайын үдете түсті. Қарт дүлдүлдің талай шабысын көріп едім, бірақ бұл секілді шабытпен, бұл секілді құшырлана да құлшына сілтегенін көруім бірінші рет. Түйдек-түйдек түскен теңеу мен образдар, үсті-үстіне төпелеген арынды өлең шумақтары басқа түгіл біздің өзімізді таңғалдырды. Бір замат алда отырған Кенен мен Тайырға көзім түсіп кетіп еді – екеуінің де көзінен жас ағып отыр екен. Жолда айтылған әңгімелер бекер кетпепті. Көбін іліп, көбін ұғып қалыпты сақ құлақ жыршы». М.Қаратаев сипаттаған сол күні Ке­нен мен Тайыр шаттықтан көзіне жас алып жылап отырса, сырт көз Н.Тихо­нов­тың көргенін, көңілге түйгенін де көз алдымызға елестетіп көрейікші. Бұл бізге өзара салыстыру үшін қажет. Шындық пен жалғандықтың аражігін ажырату үшін керек. Сол сәтті Н.Тихонов былайша сипат­тайды. «Кенет оның (Жамбылдың – У.Қ.) өзі пайда болды. Тұп-тура солай, сырттан келді деп те, орындықтан тұрды деп те айта алмайсың, шауып келген бетінде асау тұлпардан қарғып түсіп, пайда болғандай, екпінімен президиум мүшелерін ығыстыра жарып өтіп, жарқ етті. Ол мінбеге барған жоқ, құмарта көз тігіп, сілтідей тына қалған бүкіл залды бір шолып шықты да, құлашын сермеп қалып, су құйған графин мен стақандары бар подносты, айналасы қобыраған қағазға толы дәу сия сауытты столдың шетіне қарай ысырып тастады. Шынында да, қазір жасалатын ғаламатына оралғы болатын қажетсіз нәрседей тым-тырақай жағалай қуып тастады. Президиум мүшелері де екі жаққа ы­ғысып, стол басында ойға шомып ас­қар таудай ақын Жамбыл ғана қалды… Жам­был білеу-білеу қошқыл қан тамырлары торлаған етсіз әмірлі қолын алға сермеп, жиылғандарды тыныштыққа шақырды. Жақ сүйегі шығыңқы жалпақ бетінде парасатты байсалдылық ұйыған, тек екі көзінің ұшқыны екі саңылаудан себелеген сәуледей… Толқынданып ер­кін төгілген сақалы таң шапағымен шағылысқан құлама тау суындай. Осынау залда ол пайда болысымен уақыттың өзі тына қалған тәрізді. Үйдің жарлары кері серпіліп, көз алдымызға басқа бір дүниенің келбетін алып келгендей… Ақынның өктем де өр дауысы залды жаңғырта саңқ етті де, бірте-бірте қалықтап барып, қырыл аралас көмей бұрқылға көше келе, бір кезде қоңыраудай сыңғырлап қоя берді. Ол үндерді шаңқ еткен қыран саңқылы бөліп жіберді». Екі жазушы да Жәкеңнің сол күнгі арындаған шабытын жай сөзбен жаза алмайды. Оның да себебі бар, халықтың ғасырлық импровизациясының құдірет күші де сонда – оны көргенде, оны тың­дағанда арқаланбай, шабыттанбай тұра алмайсың. Сені жырау өз әлеміне магниттей тартып әкетіп, уақыт пен кеңістіктен бір сәтте, бір сәтке ажыратып тастайды. Ақпа-төк­пе ақынның нөсердей құйған құдіретті жырының көркем әлемінің тілі біреу ғана – ол өнер­дің тілі. Ол нәсіл, ұлт таңдамайды. Ол тіл – жалпыадамзаттың тілі, жалпақ әлемге түсінікті тіл. Оның мірдің оғындай тапқыр, тәм­­сіл сөздеріне таңырқап бас шай­қаған адам­дардың соңы да, басы да Н.Тихонов емес. Оған: Л.Соболев, П.Кузнецов, Д.Снегин, М.Тұрсын-Заде, Т.Сыдықбековті қосыңыз. Бұған, Жамбылдың қатарлас, замандас ақындарын айтпағанда, өзіміздің Мұхаң, Сәбең, Ғабаң, Әбділда, Тайыр, Ғали, Сапар­ғали, Қалмақан, Мұқаметжан, Мәлік, Бауыржан, Нұрғисаны, т.т. қосыңыз. Тізім тым ұзаққа кетеді. Ал осы Жәкең айтқан жыр туралы сөздерде қаншама тұжырымды ойлар мен пікірлер жатыр. Өнер туралы оқымаған дала академигінің ғылыми ойлары, қазіргі теориялық стильмен айтсақ, жырдың тууын, оның көтеретін жүгін, нысанын, қоғамдық мәні мен маңызын қазақтың қарапайым тілімен түсінікті ғып айтып тұрған жоқ па? Міне, біздің көкірегі қа­зына, ми қатпарлары өзгеше жетілген, өнерді өмірден алып, өмірді өнерге айналдырған дала философтарының теориялық тұжы­рымдамалары осылай қалыптасқан. Ал Н.Тихоновтың тамаша эссесінде мынадай тиянақты тұжырымдама бар. Ол: «Жамбыл– поэзияның ең асыл қа­сиетін қастерлеп сақтаушы өлең сөз­дің пірі еді, сол асыл қасиет пен адамның жұптасуы, жұптасқанда да, табиғаттың көз үйренген бір құбылысы тәрізді, кәдімгі жел мен күн, күн мен түн тәрізді түгел сіңісіп кеткен жан еді», дейді. Бұл сөз – сөз. Сараң, талантқа мұраттас бо­ла алмайтын жандардың аузынан мұндай сөздер шықпайды. Бұл – эстет-жазушының аузынан ғана төгілетін әдемі сөздер. Сон­дықтан да, адам бойынан эстетикалық құндылық іздейтін, өзі де оны әсемдікпен тани алатын кісінің қаламынан ғана осындай ғажап эсселер туады. * * * Әр заманның өз «Батырашы» болады. Сол уақытта да күдікшілдіктің күңкіл күбірі Мәскеуге дейін жетеді. Әлгіндей ақындық азаппен жыр ту­дырған Жамбылды жамандап, Орта­лыққа шапқылаған, арызданған өзге емес, өзіміздің ағайын ғой. Өзіміз айтпайтын, айта алмайтын сөздерді, керек болса өзі­мізге өзгелер айтып тұрса да, Абай айт­қандай: «Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, елді алып, Еділді алып есіредінің» желігімен Жамбылға біраз қиянат жасалды. Ақыры, Жамбылдың ақындығын енді жетпегендей, Мәскеудің алдында ақтап алу керек болды. Айыпталушы – ақын Жамбыл, қаралаушы – аноним, қор­ғаушылар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, сот – Леонид Соболев болды. Бұл қазақтың кесапаты... Л.Соболев Қазақстанға келіп, бір апта Жамбыл Жабаевтың қасында болады. Өлеңін тыңдайды, тақырыптар беріп жырлатады. Кейін Л.Соболев: «Мен қазақ болсам, тек Жамбылмен ғана бірге болар ем, аузынан шыққан сөзін жа­за берер ем, жаза берер ем...» деп ішкі сырын да жайып салады. Иә, көргенді, өнер­паз жұрттың, университеттері мен ғылымының іргетасы әбден қалыптасқан, әдебиеті әлемдік ауқымдағы ұлы орыс хал­қының білімді, мәдениетті баласы осылай сөйлейді. Ал қазақтың күншілдері қазір де ұлы Жамбылға ауыз салғылары келеді. Бірақ тістері батпайды. Өйткені, Жамбыл – «Феномен-Феникс». Ол – құбылыс! Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.