27 Ақпан, 2016

«Қазақ қыздары, сіздерге айтамыз...»

7465 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
DSC_7129Еліміздің ар-ожданы, келбеті болып саналатын қыз балалардың орны қашанда жоғары. Қазақ халқы қыз баласына аса ерекше мейіріммен, іл­типатпен қараған. Қыз тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі, тектілігі, абыройы. Өкінішке орай, «Қызға қырық үйден тыйым» деген сан ғасырлардан мирас болып келген тамаша тәрбие тетігі бүгінде істен шығып қалғандай әсер бар. Қазіргі таңда қоғамда кейбір ұятсыз сылқымдардың, ардан безген «түнгі көбелектердің», өз баласын оп-оңай өлімге қиған безбүйрек бикештердің кесірінен бүтін «Қазақ қызы» деген ғажап атқа дақ түсіп тұрғаны қынжылдырады-ақ. Расында, бұл дабыл қағатын ұлттық мәселе. Естеріңізге сала кетсек, аға басылым «Еге­мен Қазақстан» газетінің 5 ақпандағы санында Гүлайым Шынтемірқызының «Қазақ қыздары шектен шығып жүр...» деген мақаласы жарияланған болатын. Ұлтты ұлық ететін дүниелердің қадірі қаша бастаған уақытта жазылған бұл мақала «бес саусақ бірдей емес қой» дейтін барша қазақ қыздарына ой салғаны анық. Осы жарияланымға байланыс­ты тек қана қыз балалар білім алатын, ертеңгі ұлт тәрбиешілерін, шаңырақ шырақшыларын даярлап шығаратын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы «Қыз Жібек» клубында бір топ белсенді студенттер алқақотан әңгіме барысында кеңірек талқылау өткізіп, өз ойларын ортаға салды. Енді жазылған жайға орай қыздардың пікірлерін тыңдайық... Маржан АХТАЕВА, Қаз­Мем­ҚызПУ жастар саясатын дамыту бө­лімінің басшысы: Өткеннің ен­шісіндегі жақсы дүниені келешектің кемесіне салып, ұлттың ұлылығын танытатын игіліктің барлығы да ұмыт қалмауы үшін тәрбиеге мән беру керектігін түсінеміз. Әрине, бұрынғы қазақ тұрмысындағы киім киіс, сырт келбет дәл бүгінгі қо­ғамда толықтай сақталады деп айту қиын. Бірақ ұлттық ұстаным, мінез-құлық, иман мен иба – жалпы адамдық болмыс кез келген қыз баланың бойында болуы тиіс. Біз «ұят болады», «әкеңе айтам» деген сынды «тәйт!» дейтін ескертпелермен-ақ тәрбиенің тізгінін мықтап ұстаған аналардың ұрпағы еке­німізді және сол әдісті бүгінде қол­да­нуды естен шығарып алғандаймыз. «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Қазақ қыздары шектен шығып жүр» атты мақала арқылы жеткізген жанайқай – автордың ұлтқа жанашырлығы деп білемін. «Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деген. Аттылы ай­лық жол жүретіндей жер көлемімізді айтқанда көңілімізді керемет мақтаныш қаншалықты кернесе, сол айшылық алыс жердегі ұлттың сүйегіне, барлық қа­зақ қызының арына дақ болып басылатындай суық хабарды естігенде сон­шалықты күйінетініміз анық. Сондай жан түршігерлік ақпараттың барлығын дерлік тізіп жазып, көптің көкейіндегі ойды дөп басқан мақала санасында саңылауы бар жастарға, олардың жүріс-тұрысына, өмірге деген көзқарасына әсер етсе екен деймін. Тазалаған жер ғана таза болмайды, кірлетпеген жер таза. Осыны ұмытпа­йық. Себебі, біз Қыздар педагогикалық оқу орнындамыз. «Қазақтың қыздары қандай?» дегенде жұртшылықтың назары ең алдымен бізге ауады. Біздің жүзіміз жарқын, еңсеміз тік, ар-ожданымыз таза болса, сапалы білім алуға ұмтылсақ, қатарластарымыздан бастап ізімізден еріп келе жатқан замандас әпке, құрбы, сіңлілеріміздің бәрін тек жақсылыққа үндесек, тамшыдай үлесімізбен теңіздей игілікке бастарымыз анық. Жанерке СЕРІКОВА, жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы: «Ащы болса да, шындық қымбат» дейді. Бүгінгі заманның зобалаң әрекеттері мен жаға ұстарлық жағдайлар қыздар арасында кең етек алып кеткені көңіл құлазытады. Талай қызғалдақ қыздар жат қылықты әдетке айналдырып, жарқын болашақты емес, бұлдыр тұйыққа, лай тұңғиыққа бет алып бара жатқандай. Қызға тыйым жасайтын бабалар сөзінің құны түсіп, қырық үй түгілі, төрт үйден де тыйым ете алмайтын жағдайға түскен шанырақ шырғалаңы жетіп жатыр. Ұлт ұлылығын жалғастыратын ұр­пақ алып келуші жандарды жаман­дыққа жібермей, майда ұрпақ қалып­тастырмаудың жолы мен сан сұраққа жедел жауап тауып, ушыққан дерттің алдын алу қажеттілігі қай-қайсымыз үшін де парыз. Заман өзгерді дегенмен, заманды жасайтын адам екендігін естен шығармау керек. Кез келген ортада ардың бағасын ойлау керекпіз. Кез келген жас көпшілік орындарда, музыка тыңдап, демалуға, би кештеріндегі са­уық­қа қатысар, бірақ ол ішімдік ішіп, шылым шегіп ерекшеленумен жалғаспау керек. Зиян екенін дәрігер де, мұғалім де, тіпті, күнделікті ақпарат алатын интернет те айтып жатыр. Тек құлақ ассақ болғаны. Сара ЖҮНІСБЕК, жастар ісі жө­ніндегі комитет хатшысы, 2-курс студенті: Кез келген мәселені әр қы­рынан қарау керек. Қазір жалғызбасты аналар, екіге айырылған отбасылар өте көп. Әкесіз өскен ер балалар қыздардың алдындағы жауаптылықты сезінбей, өмірге тым жеңіл қарайтын шығар. Әке­нің қамқорлығынан бөлек, ер азамат етіп өсіретін, үлгі болатындай тұлғалық қасиетін сезінбеген жігіттер қыздарды ойыншықтай көретін шығар? Бәлкім, әкесіз өскен, отбасында ата-ананың тұр­­мыстық қарым-қатынасын көрмеген қыздар тұрмыс құру, отбасылы болу оп-оңай деп қарайтын шығар? Көп жағдайда ешкімге сыр білдірмей жүргенімен, ерте есейгісі келіп, еліктейтін шығар? Дегенмен, сан сауалдың барлығының жауабы тәрбиеге тірелетіні анық. Ата-әжесінің де, әке-шешесінің де тәрбиесін көріп, толық отбасында мейіріммен өскен балалардан оғаш қылық шықпайтынына сенемін. Бізде тәрбиенің осы жағы ақсап жатқандай. Себебі, әлеуметтік желі арқылы оңай та­нысу, романтика күткен жылдам кездесу, ештеңенің байыбына бармау – жас­тардың жауы, осы. «Қызды ауылдың иттері қабаған келеді» дегендей, ата-аналарда талап күшті болуы керек. Оларға көз қуаныштары қайда барғаны, не істегені жайында есеп беріп тұру керек және бұл талап бөлек отау құрып, жеке отбасылы болғанша әрдайым орындалу керек деп есептеймін. Қазына НҰРМАХАНОВА, «Қыз Жібек» клубының төрайымы: Қазақ қызы дегенде қос бұрымымен, бүрмелі көйлегімен, жүзінде иба мен ұят табы бар аруды елестететінбіз. Ал қазір ше? Ұлт­тық киімді емес, жалпы келбетті алайық. Біз нағыз қазақ қызын сақтай алдық па? Бізге қарап жақсының жалғасы деп қуана ала ма? Осы сұрақтар қыздарды қатты мазалауы тиіс. Меніңше, қыз тәрбиесіне қатысты ашық жұмыс істейтін орталар керек. Мәселен, біздің «Қыз Жібек» клубы осындай мақсаттан құрылды емес пе?! Нағыз қазақ қызын қалыптастыруда бірімізге біріміз әсер ету үшін бас қосып, пікір алмасып, өнегелі әйел тұлғалар­мен кездесіп, ақылдарын тыңдап, толған­дырып жүрген сұрақтарды ортаға салып, бірге жұмыс атқарып жатырмыз. Арудың атына кір келтірмесін деген тілекпен жүрміз. Сондықтан, бұл өзекті жайларды назардан тыс қал­дыр­май, мақалада көтерілген кереғар дүниелерді барлық университеттерде талқылауымыз керек деп есептеймін. Өйткені, біздің «Қыз Жібек» клубының идеясы көптеген өңірлерге трансформацияланып, сол жерлерде осы аттас клубтар жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Сол клубтармен бірігіп, аталған мерезді сылып тастау үшін күресуіміз қажет. Бізде қоғам емес, адам өзгерген. Өйт­кені, қоғамды жасайтын адам. Кез келген адам өзіне шаң жуытқысы келмейді. Кешке дейін қарағаны инстаграм, «қалай азамын» деп баққаны таразыдағы килограмм, жасанды кір­пік, татуаж жасап, қысқа көйлек киіп қыдыруды ойлаған сылқымдар жетерлік. Сол сияқты жігіттер де бар. Қоғамдағы жайттарды естіп өз қан­дастарымды жаман атқа қимаймын. Біз еліктемейтінге елітіп, ұқсайтын жан­­ға ұмтылмай жүрген сияқтымыз. Барлығына бір жауап: ХХІ ғасыр. Заман­ды біз жасаймыз. Осы кезде жаман аты­мызбен сақталмау үшін, адам деген атқа лайық болу үшін арзан ойын-күлкімен алтын уақытты өлтіргенше, білім жолын қуайық. Бағила АҒАЙДАР, «Парасатты НЛО» пікір-сайыс клубының мү­шесі: Жаңалықтарда, әлеуметтік желі­лерде қаптаған қазақ қыздарының қыл­мысын қопара бергендерді ұлтының болашағына немқұрайлы қарайтын адам деп баға беремін. Өйткені, түзетуге тырысу, күресу дегеніміз кінәсін бетке ба­­су емес-ті. Қыз баласы болғандықтан әр қазақтың қызын ақтауға, түсінуге тырысамын. Қолында құралы бар екінің бірі даттап, қаралап жаза бергеннен қоғамдағы бұл қара дақ өшпейді. Біз алдын алуды ойлауымыз керек. Ғаламтор деген ғажайыптың ке­рі әсері бар. Ақпаратты тез алуға мүм­кіндік беретін интернетте әлеу­меттік желі­лердің жұмысы күшті. Ата-аналар бір сәт болсын, виртуалды әлемде не болып жатыр деп ойланып көру керек. Қызымен ашық әңгіме жүргізбегеннен кейін, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін өзі шешпекке ұмтылған жастар дұрыс жолдан тайып жатыр ма деп де ойлаймын. Әке мен ұлдың, шеше мен қыздың арасында сырлас қарым-қатынас болса, кез келген дүниені ақылдасу арқылы шеше алса, отбасылық мәселе жалпақ жұртқа жайылмас еді, тіпті, өкіндірер оқиғалар да болмас еді. Қазақта ер азамат қыз баласынан бір саты жоғары тұрған. Жоғары тұр­ғандығының белгісі, тектілігінің теңі ретінде қыз баласын қадірлей білуі дер едім. Ерлеріміз тектіліктен айырылмасын, жоғары тұрған сатысынан түсіп қал­масын. Ардақ ӘЗІМХАН, «Парасатты НЛО» пікір-сайыс клубының пре­зиденті: Мақалада айтылған жайттар біз өмір сүріп отырған қоғамда болып жатыр. Біз сырттай бақылаушы ғана емеспіз, сол қоғамның мүшесіміз. Өкініштісі сол, кінәлі де, айыптаушы да өз отандастарымыз, өз қазағымыз, қан­дастарымыз. Естігенде шошыдық. Бұған бала-шаға үшін деп таң атқаннан кеш батқанға дейін нан тауып жүр­ген әке-шешенің, әлде мектептегі мұ­ғалімнің қайсысын кінәлаймыз? Жоқ, бір адамның мойнына арта салумен, өзімізден алыстатумен мәселе шешіле қоймайды. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді емес пе, сәби кезінен тәрбие берілсе, көңіл бөлінсе, мүмкін бұл жағдайлар болмас па еді. Тіпті, болмағанда, өзіңді өші­ретін емес, өсіретін ортаны, достарды дұрыс таңдау керек шығар. «Ақылды қыз білімге жү­гінер, ақымақ қыз сөзге ілінер» дегендей, қазақ қы­зын абыройсыздықтан сақтауға күш салайық. Бұл оқиғалардан сабақ алып, әпке-сіңлілерімізбен, құрбыларымызбен етене жақын, өмі­ріміздің жақсы болуына себепші болайық. Міне, осындай пікірлерін ортаға салған Қыздар университетінің сту­денттері «Егемен Қазақстан» газеті бұл мақаланы дер кезінде жариялап отыр» деген тоқтамға келіп, тығырықтан шығу жолдарын қарастырды. Жастардың пайымдауынша, ұлын нарға, қызын арға балаған Алаш жұртының алдында тұрған осынау үлкен қауіптің алдын алу әр отандасымыздың міндеті. Тал­қылауды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген пікірімен қо­ры­тындылаған студенттер универ­ситеттің «Қыз Жібек» клубы се­кілді түрлі облыстарда ашылған қыздарға арналған орталықтардағы құрбыларын қыз тәрбиесіне қатысты шұғыл талқылаулар ұйымдастыруға, ағарту шараларын жүзеге асыруға ша­қы­руын біз де құп көрдік. Ал, сіз не ай­та­­сыз, ардақты оқырман, қалың көпшілік?..  Жазып алған Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ.