01 Наурыз, 2016

Басты мақсат – тең жағдай туғызу

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Электораттық науқан қалай өтуде және кандидаттар мен саяси партиялар үшін тең жағдайлар қамтамасыз етілген бе? Осы сауалдарға жауап беру үшін бұрнағы күні Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Т.В.Охлопкова арнайы брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарының көптеген сауалдарына жауап берді. Сайлау органдарының үгіт-насихат науқаны кезін­дегі негізгі міндеті де бар­лық саяси партиялар мен кан­ди­дат­тарға үгіт жүргізу үшін тең жағдайлар туғызу екендігі бел­гілі. Осы орайда Орталық сай­лау комиссиясының мүше­сі Татьяна Охлопкова былай деді: «Дегенмен, сайлау үдерісіне тікелей қатысу­шы­лар ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының өздері де сайлау заңының саяси партиялар және мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін тең жағдайлар жасау жөніндегі талаптарын іске асыруға мүдделі болуы тиіс. Сондай-ақ, үгіт науқаны барысын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру үдерісінде азаматтық қоғам институттары, үкіметтік емес ұйымдар және байқаушылар маңызды рөл атқарады». Бұл ретте жалпы бақылау мәселесін сайлау органдары, Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат ко­митеті мен прокура­тура органдары жүзеге асыра­тын­дығын ерекше атап кеткен жөн. Таратып айтқанда, Орта­лық сайлау комиссиясы Бай­ланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бір­ле­сіп, күнделікті негізде 16 республикалық телеар­наға, 12 радиоарнаға, 48 рес­пуб­ликалық газетке, 15 журналға, 159 интернет-ресурсқа, 31 өңір­лік телеарнаға және 174 өңір­лік газетке мониторинг жүр­гізуді жүзеге асыратын бо­лады. ОСК мүшесінің атап кеткеніндей, қазіргі таңда саяси партиялар мен канди­дат­тардың үгіт науқанын жүр­гізуде бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол­же­тім­ділігі қамтамасыз етіліп отыр. Және өзге де тең жария ету тура­лы талаптар тұтастай сақталуда. Т.Охлопкова Ортсай­лау­ком және аумақтық сайлау комиссиялары сайлау үдері­сіне қатысушылардың үгіт нау­қанын жүргізуге байланыс­ты барлық өтініштеріне жедел түрде ден қойыларын ерек­ше атады. «Нәтижесінде сай­лау органдарының және сай­лау үдерісіне барлық қатысу­шы­лардың күші сайлау заңна­ма­сының талаптарына және халықаралық жалпыға бірдей танымал қағидаттарға сәйкес әділ және транспарентті өткі­зуге бағытталуы тиіс», деді Татьяна Витальевна. Тағы бір айта кетерлік жайт, Мәжілістің кезектен тыс сайлауына қатысатын саяси партиялардың сайлау қорына түскен қаржы көлемі белгілі болды. Саяси партиялардың сайлау қорындағы ең жоғары сома 342 885 000 теңгеден, ал мәслихат депутаттығына кандидаттардың қоры 13 715 400 теңгеден аспауы тиіс, деген Т.Охлопкова Орталық банк сәйкесінше сайлау ко­мис­сияларына арнайы уақыт­ша құрылған есепшоттар және олардың жұмсалуы туралы күн сайын есеп беріп отыра­тындығын алға тартты. Келтірілген деректерге қа­рағанда, алты саяси партия­ның уақытша есепшот­тарына 532 993 700 теңге түс­кен. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы ең жоғары шек­тегі сайлау қорын жинап үлге­ріпті. Одан кейінгі орында Қазақстанның Коммунистік халық партиясы келеді екен. Қазіргі таңда аталған саяси құрылымның есепшотында 117 083 600 теңге бар болса, «Ауыл» партиясының шотына 24 млн. теңгеден астам қаржы түскен. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясында 23 млн. теңгеден астам қаржы бар екен. Бұл жерде, сондай-ақ, «Бiрлiк» партиясының сайлау қорына 18 млн. теңге, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қорына 7 млн. теңге түскендігі жария етілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».