02 Наурыз, 2016

Ғарыштан жететін жұмбақ дыбыс

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҒарышҒалымдар олардың қайнар көздерінің қайда екенін тапты Астрономдар өздеріне көп­­тен бері маза бермей келе жатқан бір мәселе – өте жо­ғары жылдамдықты радио­жарқылдар қайнар көзінің орналасқан жерін бірінші рет анықтауға қол жеткізді. Сөйтсе, мұндай сигналдарды бізден алты миллиард жарық жылы қашықтығында орналасқан галактикадағы белгісіз нысандар шығарады екен. Бұл туралы немістің Макс Планк қоғамы радиоастрономия институтының ғалымдары жақында Nature журналының соңғы нө­мірінде жарияланған мақа­ласында кеңінен баяндап берді. Өте жоғары жылдам­дық­ты радиожарқылдар деп ұзақтығы бар болғаны бірнеше милл­и­се­кундқа созылатын радио­сигналдардың қуатты түй­дектері айтылады. Ұзақтығы қас-қағым сәттен де қысқа болғандарына қара­мастан, мұндай жарқылдар өзінің жалпы шарпу көлемі қуатының эквиваленті жа­ғынан Күннен бірнеше тәу­лік немесе апта бойы жі­берілетін сәуле күшіне тең келеді. Соңғы уақыттарға дейін тап осындай өте жоғары жыл­дамдықты 16 жарқыл тіркелген болатын. Алайда, ғалымдар оларды тап қандай нысанның жіберіп жатқанын біле алмай, әбден дағдарған еді. Ал аталмыш мақала ав­торлары осы проблеманы шешудің алғашқы қа­дам­дарын жасай білді. Бұған Австра­лияның Паркс обсер­вато­рия­сындағы 64 метрлік радиотелескоп кө­мектескен. Ол 2015 жыл­ғы 18 сәуірден бері өте жо­­ғары жылдамдықты 17-ші жарқылды тіркеуге алыпты. Ғарыш учаскесінен жет­кен жар­қыл тіркеуге алынғаннан кейін бірден әлемнің әртүрлі елдеріндегі бірнеше оптикалық радио телескоптары оған реакция білдіре бастады. Ғалымдар осының нәтижесінде си­гналдың бізден 6 миллиард жарық жылындай алыста орналасқан эл­липтикалық галактикадан кел­генін анық­тай алды. Бұл нәти­желердің дәлдігі мұның алдындағы радиожарқылы мән­бесін анықтау үшін жа­сал­ған талпыныстан 1000 есе асып түседі. Зерттеушілер өте жо­ға­ры жылдамдықты радио­жар­қылдар кеңістіктегі ма­терия­ның қалай орна­ласқанын анық­тауға мүм­кіндік береді, деп отыр. Одан өткен радиосигналдар біршама баяулайды. Сондықтан, енді жарқыл қайнар көзінің Жерден қаншалықты қашықтықта тұрғанын анықтау арқылы арадағы материяның қою­лығы қандай тығыздықта екенін білуге пайдасы тигелі тұр. Мұрат АЙТҚОЖА.