Қазақтың атақты сөз зергерлерінің бірі Асекең – Асқар Сүлейменовтің: «Қазақ болу қызық, әсіресе, Шымкентте», деген қанатты сөзі бар. Созақтың азаматы, оңтүстікті жанындай жақсы көреді. Бірақ, басқа өңірдегі қазақтарға ұқсай қоймайтын мінезін міней де жүреді.
Бұл пысық мінез, әсіресе, сайлау кезінде қатты аңғарылады. Мақтаарал ауданында облыстық мәслихаттан үміткер азамат үш жерде қазан асып, ақсақалдарға төре табақ ет тартып, шапан жауып, бата алғанға ұқсайды... Үгіт-насихат жұмыстары басталмай жатып.
«Нұрсәт» шағын ауданындағы сайлау учаскесінен облыстық мәслихатқа үміткердің өкілдері әрбір минут, секундтардың қадірін білетін болуы керек, 23 ақпан күні түнгі сағат 11-дің шамасында самаладай жарқыраған көшелерге баннерлер іліп тастаған.
Бәсекелес үміткердің өкілдері сол баннерлерді бірге ілісіп жүрді ме, сол мезетте суретке түсіріп, хаттама толтырып таңғы сағат 8.00-де облыстық сайлау комиссиясы төрағасының алдына қойған. Орталық сайлау комиссиясына да арыз жөнелткен. Міне, осындай қызықтар басталып кетті.
Мұны Орталық коммуникациялар қызметінің оңтүстіктегі филиалында өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді.
– Өздеріңізге белгілі, Орталық сайлау комиссиясының алдағы, 20 наурыздағы болатын сайлауды әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бойынша сайлауға дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда, – деді Әлібек Кәденұлы. – Айтар болсақ, қазіргі кезде облыстағы округтік сайлау комиссияларында барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығынан үміткерлерді тіркеу жұмыстары аяқталды.
«Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қағидалары» туралы сөз қозғаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы барлығы 1532 үміткер ұсынылғанын айтты. Оның ішінде тіркелгені – 1358. Құрамы жағына қарайтын болсақ, «Нұр Отан» партиясынан ұсынылғаны – 314, тіркелгені 312 үміткер, «Ақ жол» партиясынан ұсынылғаны – 14, тіркелгені 14, Бірлік партиясынан ұсынылғаны – 1, тіркелгені – 1, Ауыл партиясынан ұсынылғаны – 29, тіркелгені – 29 үміткер. Ал партияда жоқ үміткерлер – 261 адам, оның ішінде тіркелгендері – 187, азаматтығын көрсетпегендері – 915, тіркелгендері – 815.
Асекең айтпақшы, Шымкентте өмір сүрудің тағы да жалғасы бар. Құдай адастырайын десе оңай ғой, облыста абыройлы қызмет атқарған азамат «Ауыл» партиясы атынан 13 ақпанда Түркістандағы №48 сайлау учаскесіне құжаттарын өткізеді. Арада шамалы уақыт өткеннен кейін, яғни 18 ақпанда Отырар ауданындағы №33 сайлау учаскесіне келіп құжаттарын тағы ресімдейді. 19 ақпанда өзін ұсынып отырған «Ауыл» саяси партиясына ескертпей, Түркістандағы құжаттарын қайтып алады. Осы қылығымен ол сайлау заңнамасының 103-бабы, 5-тармақшасы бойынша тәртіп бұзған болып табылып, Орталық сайлау комиссиясының шешімімен үміткерлер қатарынан алынып тасталды.
Жоғарыда мысалға келтірілген адамдардың барлығы елге сыйлы, беделді азаматтар.
Тағы бір айта кететін жайт, Сарыағаш ауданынан жасы 87-ге келген Бейсенәлі Қырғызәлиев ақсақалдың сайлау додасына түсуі. Аламаннан жастар да қалмапты. Түркістандық Жаңабай Жұменов пен Жасұлан Байұланов 26 жаста.
Сайлау көрігі осылайша көтеріліп, басылып тұр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.