03 Наурыз, 2016

Еуропада үздік футбол клубтары ғана ойнайтын суперлига құрылуы мүмкін

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
03-03-2016-superligaАСТАНА. 3 наурыз. Англияның алдыңғы қатарлы футбол клубтарының басшылары суперлига құруға ниетті миллиардермен кездесті. Бұл туралы eurosport.ru-ға сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. The Sun басылымының хабарлауынша, «Манчестер Юнайтедтің» вице-президенті Эд Вудворд, «Челсидің» президенті Брюс Бак, «Арсеналдың» атқарушы директоры Иван Газидис, «Манчестер Ситидің» атқарушы директоры Ферран Сориано және «Ливерпульдің» атқарушы директоры Иэн Эйр Лондондағы «Дорчестер» қонақ үйінде америкалық миллиардер Стивен Росспен кездесіп, құпия келіссөз жүргізген. Кездесу барысында миллиардер клуб басшыларына жаңа турнир – Еуропа суперлигасын құруды ұсынған. Оған жолдама алу үшін әр команданың ішкі чемпионаттағы нәтижелері ескеріледі екен. Мұндай ұсынысқа Англияның топ-клубтары аса қызығушылық танытып отыр. Себебі, олардың Чемпиондар лигасына жолдама ала алмай қалған жағдайда миллиондаған қаржыдан қағылатыны белгілі. Ал жаңа турнир сол олқылықтың орнын толтырмақ. Өйткені, Стивен Росс суперлигадағы командалардың табысын Чемпиондар лигасының деңгейіне дейін ұлғайтуды ұсынған. Оның ішіне телевизиялық келісімшарттардан түскен табыс та енеді. Бүгінде америкалық кәсіпкер бұл бастаманы іске асыруға белсене кірісуде. Айта кетейік, 75 жастағы Росстың қазірдің өзінде футбол саласындағы кәсібі бар. Нақты айтқанда, ол – АҚШ-тың Ұлттық футбол лигасында ойнайтын «Майами Долфинс» клубының қожайыны. Forbes-тің мәліметі бойынша, Стивен Росстың байлығы бүгінде 12 миллиард долларды құрайды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: eurosport.ru.