2 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған 9 кандидатты тіркеді. 6 наурыздан ҚХА-дан кандидаттар өздерінің сайлау алдындағы үгітін бастайды және ол 19 наурызда аяқталуы тиіс. Яғни, саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар бұдан бұрын кіріскен үгіттік іс-шараларына енді Қазақстан халқы Ассамблеясынан кандидаттар қосылады. Осылайша, келесі аптадан бастап үгіт барлық сайлау науқаны бойынша жүргізілетін болады.
Біздің елімізде жоғары заң шығарушы орган мен жергілікті өкілді орган депутаттарының бірлескен сайлауын өткізуде едәуір тәжірибе жиналғаны сөзсіз. Мәселен, бірлескен сайлау 2007 және 2011 жылдары өтті. Тиісінше қазір олар үшінші рет өткізілуде. Сонымен қатар, бүгіннің өзінде қазіргі сайлау науқанының бірқатар маңызды тұстарын атап өтуге болады. Біріншіден, электораттық науқан шеңберіндегі барлық іс-шаралар сайлау заңнамасында белгіленген талаптарға қатаң сәйкестікте өткізілуде.
Өздеріңізге белгілі, Ортсайлауком республиканың сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесін басқарады. Біздің басты миссиямыз – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға тікелей немесе өздерінің өкілдері арқылы еркін әрі әділ сайлау мен республикалық референдумдар өткізу жолымен қатысу құқықтарын қамтамасыз ету. Әзірше, Ортсайлауком қандай да бір заң бұзушылықтың не белгіленген нормалар мен ережелердің сақталмағаны туралы фактілерді тіркеген жоқ. Сайлау процесіне қатысушылар тарапынан шағымдар тіркелген жоқ. Барлық саяси партиялар өз іс-шараларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткізуде.
Әрине, бұрынғы электораттық жарыстарда да айтарлықтай заң бұзушылықтар болған жоқ. Алайда, кейде кейбір саяси партиялардың техникалық қателер жіберген кездері де болды. Мәселен, құжаттарды ресімдеудегі олқылықтар немесе өз үгіт материалдарында сайлау заңнамасында талап етілетін белгілі бір мәліметтерді көрсетуді ұмытып кеткен жағдайлар болды. Мұндай жағдайларда біз әдетте сайлау процесіне қатысушылардың назарын осындай кемшіліктерге аударамыз және алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанған жоқ.
Ал енді, қазіргі науқан барысында бір ғана саяси партияның өтініші тіркелді, ол үгіт материалдарын орналастыру үшін жабдықталған орындар санын ұлғайтуға қатысты. Аталған өтініш бойынша Ортсайлауком еліміздің барлық өңірлеріне қосымша құрылғыларды әзірлеудің мақсатқа сай екендігі туралы ұсынымдар жіберді. Және осы мәселені шешуге жергілікті атқарушы органдардың жедел шаралар қабылдағанын айта кеткен жөн.
Екіншіден, мәслихат депутаттарының сайлауындағы азаматтардың белсенділігі едәуір артып отыр. Атап айтсақ, 2012 жылғы сайлау науқанымен салыстырғанда, мәслихаттар депутаттығына тіркелген кандидаттар саны 18%-ға өсті. Бұл ретте мұндай өсу қарқыны өзін-өзі ұсынған адамдарға байланысты болып отыр, өткен сайлаумен салыстырғанда осы науқанда олар 32%-ға көп.
Ең жоғары бәсекелестік Шымкент қаласындағы 19-округте және Түркістан қаласындағы 18-округте тіркелген. Мұнда мәслихаттағы бір орын үшін 11 кандидат күресуде.
Сонымен қатар, осы сайлау науқанында екі үрдіс байқалады. Біріншісі – депутаттыққа кандидаттардың жас шамасының жасаруына байланысты. Бұл саяси партиялардан және Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға, сондай-ақ, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға да қатысты. Өткен сайлау науқанымен салыстырғанда айырмашылық орташа есеппен 2-3 жасты құрайды.
Екінші үрдіс – әйелдердің саяси белсенділігінің едәуір артуы. Мәселен, саяси партиялар бойынша және ҚХА-дан ұсынылған Мәжіліс депутаттығына кандидаттар арасында әйелдер саны бұрынғы деңгейінде қалып отыр. Ал енді жергілікті өкілді билік органдарына кандидаттар арасында олардың саны 4%-ға көбейді немесе 800-адамға артып отыр. Бүгінде мәслихаттар депутаттығына әрбір төртінші кандидат – әйел адам. Осыған қоса, еліміздің 9 қаласы мен аудандарында кандидат әйелдердің саны ерлерге қарағанда көп. Ал, Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы мен Қарағанды облысының Абай ауданында дауысқа түсетін кандидаттардың үштен екісі – әйелдер.
Үшіншіден, Ортсайлауком мен аумақтық сайлау комиссиялары барлық байқаушылармен конструктивті қарым-қатынас қалыптастырды. Осы уақытқа дейін отандық байқаушылар да, шетелдік байқаушылар да сайлау заңнамасының қандай да бір өрескел бұзылған фактілерін тіркеген жоқ. Барлық байқаушыларға сайлау процесіне қандай да бір қатысы бар кез келген үй-жайға, сайлау учаскесі болсын, кандидаттармен кездесуге арналған үй-жай болсын, еркін кіру мүмкіндігі берілген. Бұдан басқа, еліміздің барлық өңірлерінде байқаушыларға қажетті ақпараттық-консультативтік көмек көрсететін Жәрдемдесу орталықтары құрылған.
Біз 1 наурыздағы жағдай бойынша 32 елден барлығы 175 байқаушыны аккредиттедік. Қазіргі уақытта олардың кейбіреуі еліміздің әртүрлі өңірлерінде байқау жүргізуде, ал басқалары жақын арада Қазақстанға келуі тиіс. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 27 елден 113 журналисін аккредиттеді. Бұл журналистердің бір бөлігі қазіргі уақытта еліміздегі электораттық науқанның өткізілу барысы туралы репортаждар жүргізуде.
Төртіншіден, саяси партиялар өздерінің үгіттік іс-шараларын қаржыландыруды бекітілген ережелерге толық сәйкестікте өткізуде. Ортсайлауком саяси партиялардың үгіт жүргізу шеңберіндегі қаражатты мақсатқа сай пайдалануына үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Әзірше ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ.
Мәслихаттарға сайлауға қатысты айтар болсам, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларына, жалпы алғанда, бүкіл ел бойынша 114 млн. теңге келіп түсті. Қазіргі уақытта аумақтық сайлау комиссиялары кандидаттардың аталған қаражатты мақсатты пайдалануына бақылау жүргізуде. Сонымен қатар, еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрбір кандидат үшін республикалық бюджеттен қаражат көзделген. Бұл қаражат радиода, теледидар мен баспада қажетті көлемде үгіт іс-шараларын өткізу үшін мемлекет кепілдігі түрінде бөлінеді.
Бесіншіден, алты партияның барлығы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына тең дәрежедегі қолжетімділікке әрі тең жариялау мүмкіндігіне ие болып отыр. Барлық саяси партиялар алдыңғы екі кезең – ұсыну мен тіркеу шеңберінде тең жариялануға ие болғанын атап өткен жөн. Мұны уәкілетті мемлекеттік орган жүргізген күн сайынғы мониторинг нәтижелері көрсетіп отыр. БАҚ-тардағы сайлау науқанының барысын жариялаған барлық сюжеттер мен материалдар «Сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңда және ОСК бекіткен Сайлау алдындағы үгітті БАҚ арқылы жүзеге асыру қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келді.
Қазірдің өзінде де мемлекеттік және жеке барлық электрондық ресурстар мен баспа басылымдары партиялардың бағдарламалары мен үгіттік іс-шараларын тең дәрежеде барлық пішімде көрсетіп отыр. Бұл жерде БАҚ өкілдері де қатысқан сайлау процесіне қатысушыларға арналған оқыту семинарлары мен тренингтерін өткізу маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Аталған іс-шаралар барысында жалпы электораттық кезеңдегі және сайлау науқаны уақытындағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, Ортсайлауком, еліміздің заңнамасы талап етіп отырғандай, партиялардың арасында саяси пікірталас ұйымдастырып, өткізуге дайын екенін тағы бір мәрте атап өткім келеді. Осы іс-шара ұйымдастырылған жағдайда, біз олардың тең жағдайда өтуіне барлық күш-жігерімізді саламыз.
Алтыншыдан, біздің отандастарымыздың құқықтық сауаттылығының артқаны байқалады. Ағымдағы сайлау науқанының барысында мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың тарапынан келіп түсетін өтініштер санының біршама төмендегені тіркелді. Бір жағынан, біз бұл фактіні кандидаттардың құқықтық сауаттылығының артуымен, олардың өз штабтарына білікті заңгерлерді тартуымен, сондай-ақ, жалпы құқықтық мәдениет деңгейінің өсуімен байланыстырамыз. Екінші жағынан, Ортсайлауком мен аумақтық сайлаукомдар өткізіп отырған жергілікті семинарлар мен тренингтердің үлкен маңызын ерекше атап көрсеткім келеді. Мұндай жұмысты біз сайлауаралық кезеңде де өткізіп отырдық. Бұл учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің 2014 жылы жоспарлы ауыстырылуымен байланысты болды. Ол кезде барлық сайлау учаскелерінде өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты оларды жаңа сайлаукомдар мүшелерімен ауыстыру жүргізілгенін естеріңізге сала кетейін. Сондықтан да, біз өткен жылы жаңа кадрларды оқытқан болатынбыз. Оған қоса, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау жарияланғаннан кейін біз бұл жұмысты одан әрі күшейттік.
Осылайша, қазіргі уақытқа дейін біз комиссиялардың мүшелерін оқыту бойынша 600-ден астам іс-шара өткіздік. Жуық арада сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тағы да 350-ден астам жергілікті семинар өткізіледі. Нәтижесі ретінде біз науқанды ұйымдастыру және өткізу барысы жөніндегі барлық мәселелер жер-жерде, тікелей округтік комиссиялардың деңгейінде шешілетінін көріп отырмыз. Міне, соның өзі бүкіл электораттық науқанның барысына оң әсерін тигізетіні даусыз.
Жалпы, осы мәселелердің барлығы Орталық сайлау комиссиясының тұрақты назарында. Ал алдағы сайлаудың қоғамдық-саяси маңызын ескерсек, Ортсайлауком келешекте де жұртшылықты электораттық науқанның өткізілу барысы туралы, демократияның басты қағидаттары – бостандыққа, ашықтыққа және транспаренттікке сүйене отырып, ақпараттандыратын болады.
Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.