«Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев бастаған саяси ұйым белсенділері «АтырауАгроӨнімдері» серіктестігінің ұжымымен кездесу өткізді. Мұнда партия белсенділері кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын ортаға салды.
Аталған серіктестікте ешкі сүті мен өнімдерін өндіру жолға қойылып отыр. Айтқандай, серіктестікке екі жыл бұрын 150 асыл тұқымды ешкі әкелінген. Қазір мол сүт беретін ешкі саны 750-ге жеткен. Серіктестік ұжымы асыл тұқымды Шекшек ата тұқымын көбейту арқылы жылына 180 тонна ешкі сүті мен 140 тонна ешкі сүті өнімдерін өндіру межесіне жетуге талпыныс жасауда.
– Біздің сайлауалды бағдарламамыздың экономикалық тұғырнамасында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуге басым бағыт берілген. Біздің идеямызды іске асыру үшін тиісті заңға өзгерістер енгізу қажет, –дейді Т.Қуанышев. – Әрине, ол үшін жергілікті жердегі нақты ахуалмен жете танысу қажет. Сол себептен, біз бүгін Қазақстанда теңдесі жоқ серіктестік жұмысымен таныстық. Өйткені, Елбасының тапсырмасына орай «Қазақстанда жасалған» брендімен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, өз елімізде өткізуге мол мүмкіндік бар. Осы орайда, біздің партиямыз сайлауда жеңіске жетсе, ел көлемінде осындай кәсіпорындарды ашу үшін заңдық тұрғыда өзгерістер енгізе алар еді.
Айтқандай, Атырауда өндірілетін ешкі сүтінің қасиеті тек елімізде ғана емес, шетелдерде де ана сүтін 98 пайызға алмастыра алатыны дәлелденіп отыр. «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары Т.Қуанышевтің пікірінше, саяси ұйым мұндай жаңашыл жобаға қолдау білдіреді. Өйткені, мұндай жобаның елімізде кең құлаш жаюы саламатты ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді.
Т.Қуанышев, сондай-ақ, отандық шағын және орта бизнестің экономиканың тұрақты өсуінің кепілі болып табылатынын, сондықтан, «Бірлік» партиясы өз жұмысында осы мәселеге көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бүгінде шағын және орта бизнес тек экономикалық және әкімшілік қолдауға ғана мұқтаж емес, сонымен қатар, саяси қолдауға да зәру. Осыған байланысты партия жұмысты жаңадан бастаған кәсіпкерлерге жағдай жасау мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік салмағы мен беделін көтеру мақсатында өзінің алдына жаңа міндеттер қояды.
Партия белсенділері, сонымен қатар, кәсіпкерлермен «жасыл» технологияны дамыту және өнеркәсіп кәсіпорындарын экологиялық таза өндіріске ауыстыру қажеттілігі туралы пікірлерімен бөлісті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.