Кеше Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысты ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚХА ҒСК төрағасы Ералы Тоғжанов өзінің кіріспе сөзінде: «Кеше ғана осы ғимаратта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, әртүрлі тарихи жағдайда көп этносты бауырына жиған мемлекеттің өз саясатында үлкен мән мен мағынаға ие ерекше күнін атап өтті. Ең алдымен осында тұратын этнос өкілдері қазақ халқына, қазақтың жеріне алғыс айтты. Сонымен бірге, таршылық кезеңдерде, балапан басына, тұрымтай тұсына деген заман туғанда бас сауғалап барған қазақ баласын бауырына тартқан, 5 миллионға жуық біздің бауырларымызға пана болған мемлекеттерге, олардың халқына қазақтар атынан алғыс айтылған күн болды. Сан этнос өкілдерінің жүректерінен шыққан алғысы біздің еліміздің берекесі мен бірлігін нығайта түсері анық», деген ол оны тек бір күндік шара деп санамайтын ойын жеткізді.
Кеңестің күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылыпты. Оның алғашқысы «Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу бойынша міндеттер туралы» болса, мінберге көтерілген Ералы Тоғжанов төмендегі ойларды ортаға салды. «Болашағы бiртұтас ұлт» реформасының шеңберiнде төрт заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiліп, «Қайырымдылық туралы» арнайы заң, Мемлекет басшысының 5 Жарлығы қабылданды. Және Мемлекеттік хатшының 9 өкіміне, Үкіметтің 12 қаулысы мен Премьер-Министрдің өкімдеріне, бірнеше іс-шаралар жоспарлары мен жол картасына қол қойылды. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде Қазақстан халқының бірлігін нығайту ҚХА-ның түйінді міндеті болып табылады. Ғылыми-сарапшылық кеңес жасаған әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсеткеніндей, Қазақстан халқының басым бөлігі Елбасының бес институттық реформасын қолдайды. Соның ішінде реформаның төртінші бағыты – «Болашағы біртұтас ұлт» бағытын респонденттердің 85,4 пайызы жақтаған.
Сауалдамаға қатысқандардың басым бөлігі немесе 94,2 пайызы «Мәңгілік Ел» құндылықтарын толық қолдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға өсті», – деген Төрағаның орынбасары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын да респонденттердің 80,7 пайызы қолдағанын, ал «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын сауалдамаға қатысқандардың 78,9 пайызы жақтағанын жеткізді.
Әрі қарай ой сабақтаған ол соңғы үш жылда Қазақстанда жүргізілген ғылыми зерттеулер қоғамдық сананың өзгерістерінде оң серпін байқалғанын аңғартқанын айта келе, қоғамдық келісімнің және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін де халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағалағанына тоқталды. Қоғамдық келісім институты құрылғанынан бастап, бұл жұмыстардың аудандық, ауылдық деңгейлерге дейін жеткенін ауыз толтыра айтқан шешен осының арқасында аудандарда, ауылдарда қоғамдық ұйымдардың бастары бірігіп, олар сан-саладағы толғақты мәселелерді шешуге араласа бастағанын, оның қоғам үшін маңызы айрықша екеніне мән берді. Осылайша бейбiтшiлiк, достық пен келiсiмнiң құндылықтары Қазақстан халқының тарихи тағдырымен үндесiп отырғанын айтып, сабақтаған ойын сәтімен жеткізген Ералы Лұқпанұлынан соң мінберге көтерілген заң ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ударцев Қазақстан Конституциясындағы азаматтардың теңдігі деген баптың нақты жұмыс жасайтынына тоқталып, тіліне, сенім-нанымына байланысты ешкімнің де құқай көрмеуінің заңдық негізі қаланып, оның сақталуының мемлекеттік сарабдал саясаттың басты ұстанымы екендігіне айрықша екпін түсірді.
Күн тәртібіне шығарылған өзге мәселелер бойынша Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова, Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты Егор Каппель, Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Нелли Краснобаева, тағы басқалар сөз сөйледі.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан Омаров.