Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастарымыздың ата-баба салған жолдарымыздың бағытын айқын ұғынуы үшін, олардың аға ұрпақ өкілдерімен кездесу кештерін өткізу – маңызы зор қадам. Бұл орайда, жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу ісі, Мемлекет басшысының айтқанындай, елге адал еңбек етіп, жалпыұлттық іске зор үлес қосқан жандардың өнегелі өмірін ардақтау арқылы жүзеге асырылуы кезек күттірмес мәселе. Өйткені, әсіресе, ардагерлер жолын жастарға, оқушыларға үлгі ету, олардың өнегелі ісінің мәнін ұғына білуді, үлкендерді сыйлауды, құрметтеуді, атаның батасын, ананың алғысын ала білуді үйрету және ерен еңбегімен ел есінде қалған ардагерлер есімін келешек ұрпаққа ұмыттырмау мақсатында өтетін кездесулер оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, ой-өрісін дамытып, белгілі бір мамандыққа баулитыны анық.
Міне, соның бір көрінісіндей, Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектепте осындай тақырыпта сыртқы барлау ардагерлерімен кездесу болып өтті. «Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі мен мектептің ата-аналар комитеті бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға отставкадағы полковник Бақытжан Әбсеметов қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәрбие – қиын іс, тәрбиеге жағдай жасау әр адамның ең елеулі борыштарының бірі» дегендей, аталған патриоттық шарада ардагер барлаушы Бақытжан Әбсеметов оқушыларға қазақстандық сыртқы барлау органдарының кешегісі мен бүгінгісі, барлаушыға қажетті отансүйгіштік қасиеттер төңірегінде оқушыларға түсінікті де қарапайым тілмен қызықты да, ғибратты әңгіме айтып берді. Шетелде жұмыс істегенде басынан өткен кейбір жағдайларды да есіне алуды да ұмытпады.
Сонымен қатар, әлемде болып жатқан саяси мәселелерге, жаһандық саясаттағы Қазақстанның орны туралы да өз ойларымен бөлісті. Ардагер барлаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бүгінде тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем мойындағанын, Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына қадам басқанын айта келе, «бүгінде Елбасымыз алға қойған, дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеп, ұлы істерге бастайтын маңызды шара екеніне назар аударды.
Кездесу барысында оқушылар ардагерлерге көптеген сұрақтар қойды. Тіпті, «Сіздің міңезіңіз қандай болды, мектепте балалармен төбелескен жоқсыз ба, сабақты қалай оқыдыңыз» деген сұрақтар да болды. Сұрақ қойғандардың арасында оқу озаттары Совко Илья, Бейбіт Рания, Цыбуленко Устиния, Уатаева Милена болды. Ал, 5 «в» сынып оқушысы Рахматова Сановбардың «Қыздар да барлаушы бола ала ма?» деген сұрағы ардагерге ұнап, тарихта болған небір ару-батырлар, оның ішінде барлаушы қыздар туралы әңгімелеп берді.
Кездесу кезінде оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, өлең шумақтарын оқыды. Ардагердің өнегелі өмірінен естеліктер естіген оқушылар шабыттана түсті. Балалардың ынтасынан мұндай сындарлы кездесулердің мәні мен маңызы зор екені белгілі болды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».