«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған үгіт-насихат тобы Оңтүстік Қазақстан облысына сапары барысында «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» партиялық жобасы бойынша мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындармен және «Химфарм» АҚ ұжымымен кездесіп, «Оңтүстік» индустриялық аймағында іске асырылып жатқан жобалармен танысты. Түркістан қаласында штаб мүшелері зиялы қауым өкілдерімен және аймақ ақсақалдарымен жүздесіп, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болды.
Республикалық сайлауалды штаб мүшелерінің құрамында Мәжілістің V шақырылымының депутаттары Майра Айсина, Саяси кеңес бюросының мүшесі Нұрлан Әбдіров, Халық Қаhарманы Бақытжан Ертаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, театр және кино актері Нұрлан Әлімжанов, Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай және өзге де танымал адамдар болды. Үгіт-насихат тобының мүшелері өңір шаруаларымен кездесіп, аймақтың ауылшаруашылық саласындағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін талқылады.
Оңтүстік өңірі ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша республикада екінші орында. Бес жыл ішінде өндіріс көлемі 2,1 есеге, өсімдік шаруашылығы 2,2 есеге, ал мал шаруашылығы 2 есеге артқан. «Елбасы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін қатаң тапсырып отыр. Осы тапсырмаға сәйкес, биылғы жылы Үкіметпен бірге еліміздің бес облысында қанатқақты жоба басталды. Оған 11 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған», – деді Асқар Исабекұлы.
Сондай-ақ, кездесу «Химфарм» АҚ-та жалғасты. Кәсіпорын SANTO атауымен 200-ден астам өнім түрін шығарады. Зауыттың қуаттылығы жылына 1,2 млрд. таблетка және капсула, 294 млн. ампула, 6 млн. инфузия, 40 млн. антибиотик флакондарын және 26 млн. сироп шығаруға жетеді. Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағында штаб делегациясы шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Бұл аймақ 2010 жылы құрылған. Мұндағы жобалар металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, машина жасау салаларына бағытталған.
Ал Түркістандағы тарихи-мәдени этнографиялық орталықта партияның РСҚШ өкілдері ақсақалдармен және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, еліміздің әрі қарайғы даму мәселелерін талқылады. Кездесуде туризм саласын дамыту мәселесі де сөз болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.