Шымкентте осындай оқиға орын алды
Соңғы кездері елімізде автокөлікті бей-берекет жүргізіп, адам қақса, оқиға орнынан ізін суытып кететін, енді бірде тал түсте өздерін тасжолдың бір қожайындары санап, астына мінген темір тұлпарын ерсілі-қарсылы жүргізіп ерекшеленгісі келетін адамдарға қатысты қылмыстық не әкімшілік істердің қозғалып жатқанын көріп жүрміз.
Жақында Шымкентте сондай оқиғалардың бірі орын алды. Бұған біз де, жол тәртібінің сақшылары да таңғалған жоқпыз. Ал оқиғаның өзі былай болған. Тепсе темір үзетін бір топ жас бір күнде алты бірдей «Lada Priora» автокөлігіне «031» деген мемлекеттік нөмірді тағып, жолға серуендеуге шығады. Мұны жол сақшылары жастардың YouToube сайтына орналастырған бейнетаспасы арқылы анықтаған. Осыдан кейін оларды полиция қызметкерлері учаскеге шақырып, оқиғаның анық-анығын тексереді. Учаскеде Нұрдәулет есімді жігіт жол ережесін бұзбағанын, тек достарымен көлікті бірдей нөмір тағып жүргізгісі келгенін айтса, полиция қызметкерлері «Lada Priora» автоиелерін тоқтатуға барлық негіздерінің болғанын жеткізді.
– Көліктердің барлығы бөлімге әкелінді. Олар жол ережесінің 190-бабының 2-тармағын бұзған. Өйткені, көліктерін қайта жабдықтаған. Егер жүргізушілер көшеде адам соқса, оны қатты жарақаттайтын еді. Сондықтан біз көліктердің бәріне айыппұл салуға шешім қабылдадық,– деді жол полициясының взвод командирі.
Полицейлердің айтуынша, енді қаладағы басқа да көліктерге тексеру қатаң түрде жүргізіледі. Ал алты бірдей Ресейдің көлігін жүргізіп, елден ерекшеленіп, мақтанғысы келген бір топ жасқа айыппұл төлеп қана қоймай, темір тұлпарларын қайта бастан-аяқ жабдықтауға тура келеді.
Рүстем ЖҰМАН.