Қостанайда «Бірлік» саяси партиясының көшбасшылары жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен кездесулер өткізді. Солардың бірі – Парламент Мәжілісі депутаттығына партия ұсынған кандидат Мұрат Қожамқұлов.
М.Қожамқұлов өзімен кездесуге келгендерге партияның сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімеледі:
– «Бірлік» саяси партиясының сайлауалды бағдарламасында негізінен үш мәселе қамтылған. Әлеуметтік әділеттілік, рухани даму және қоршаған ортаның тазалығы – партия ұстанған темірқазық. Осы жұмыстардың қай-қайсысын да жүзеге асыру үшін елімізде, ең бастысы, достық, бірлік болуы тиіс. Біздің елімізде қазақтармен қатар көптеген ұлыстар тұрады. Әр ұлыстың мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға, тілін ұмытпауға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Сондықтан бүгінде қазақстандық мәдениет пайда болды. Оның ерекшелігі барлық ұлттар мәдениетімен байытылғандығында болса керек. Оған бүкіл дүниежүзіндегі мемлекеттер қызығушылықпен қарайды, – деді ол.
Кездесуге келгендер саяси партия атынан сайлауға түскелі отырған кандидатқа сұрақтар берді, пікірлерін ортаға салды.
– Мен украин ұлты өкілдерінің этномәдени бірлестігіненмін. Еліміздегі наурыз айында өтетін сайлауға тек «Бірлік» емес, бірнеше саяси партия түсіп отыр. Елімізді бірлігінен айырмасын деп тілеймін. Қанша партия болса да олардың бір-бірін жамандауы, жала жабуы, айқасуы жоқ. Олардың барлығы да Қазақстанның дамуы үшін, халқымыздың қуатты тұруы үшін түрлі проблемаларды көтеріп жатыр. Міне, рухани даму деп осыны айтады. Біз соғыстан кейінгі ауыр жылдарды көрген ұрпақпыз, тыныштықтың қадірін білеміз. Халқымыздың бірлігінен асқан бақыт, алар биік жоқ. Қазақстанға жас кезімде тың көтеруге келгенмін. Содан қалдым, менің барлық бақытым, тағдырым тек Қазақстанмен байланысты, – деді Валентина Свиридецкая.
М.Қожамқұловқа жастар жағы да сұрақ қойды. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бірінші курс студенттері партияның жастар қанаты туралы білгісі келді. Кездесу қонағы оларға партияның жастар қанаты бар екендігін, ол туралы облыстық филиалдан біліп, партия өткізетін акцияларға, басқа да шараларға қатысуына, керек десе, партияға мүшелікке өтуіне де болатындығын айтты.
Акция демекші, «Бірлік» партиясы Қазақстан суретшілерінің байқауын өткізіп, одан жеңіп шыққан жұмыстарды сатып, оның қаржысын ақ қан ауруымен ауыратын балалар үшін аударды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдары өмірге келген жас ақындар мүшәйрасын өткізді. «Бірлік» партиясы ұлтаралық бірлік, достық, татулық болуы үшін руханиятты дамыту керек деген ұстанымды ұстанады. Партия белсендісі М.Қожамқұлов қостанайлық сайлаушыларға осы мәселені ерекше айтып түсіндірді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.