17 Наурыз, 2016

Қалада кеңеске үміткердің үлкені – 83, кішісі 19 жаста

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы қаласында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесін құру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазақстан Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1194 қаулысымен бекітілген «Қоғам­дық кеңес туралы» Үлгілік ере­жені басшылыққа ала отырып, 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Алматы қаласының Қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін іріктеу бойынша байқау өткізіліп, Алматы қаласы мәслихаты хат­шысының 2016 жылғы 5 ақпан­дағы өкімімен 27 адамнан тұра­тын жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамы Алматы қаласы мәслихатының және Алматы қаласы ішкі саясат бас­қармасының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған. Сонымен қатар, 12 ақпан мен 2 наурыз аралығында Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшелерін іріктеу бойынша байқау өтті. Нәтижесінде жұмыс тобына 177 өтінім келіп түсті, соның ішінде азаматтық қоғам ұйымдарының ұсынысы бо­йынша 71 адам, өз-өзін ұсынған азаматтар саны 106-ны құрады. Олардың 64-і – әйел, 113-і – ер адам. Ұлттық құрамы бойынша қазақ – 132 адам, орыс – 30 адам, ұйғыр – 6 адам, корей – 3 адам, татар – 2 адам және өзге ұлт өкілдері 4 адамды құрайды. Жас көрсеткіштері бойынша 18 адам 18-29 жас аралығында, 42 адам 30-39 жас аралығында, 31 адам 40-49 жас аралығында, 37 адам 50-59 жас аралығында, 60-тан жоғары жастағы адамдар саны – 49. Осы ретте, ең жас үміткер 19 жаста, ең ересегі – 83-те. Әлеуметтік бағытына қарай көрсеткіш келесідей: азаматтық қоғам өкілдері – 63 адам, білім саласынан – 10, ғылым және мәдениет саласынан – 7, денсаулық сақтау саласынан – 8, қаржы және экономика саласынан – 21, кәсіпкерлік саласынан – 27, өнеркәсіп саласынан – 4, бюджеттік саладан – 12, зейнеткерлер – 11 адам, жұмыссыздар – 3, спорт, БАҚ, құрылыс салаларынан, студенттер, әлжуаз топ өкілдерінен – 2 адамнан және ауылшаруашылық саласынан – 1 адам. Заңның 9-бабының 1-тар­ма­ғына сәйкес, Қоғамдық кеңес құрамы жұмыс тобымен құры­лады. Жұмыс тобының отыры­сы алдағы уақытта ұйымдас­тыры­лып, Қоғамдық кеңес мү­ше­лері дауыс беру арқылы іріктелетін болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.