«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың облыстық бөлімшесі жергілікті шағын және орта бизнес субъектілеріне жүйелі демеуқаржылық қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылғаннан бері бес жүзге жуық жоба игерілген. Оларға жұмсалған қаржы мөлшері 47 миллиард теңгені құрайды.
Бөлімше директоры Мереке Сыздықовтың айтуынша, соңғы төрт жыл аралығында кәсіпкерлер 3 миллиард теңге несиені жаратқан. Агроөнеркәсіп кешені, өңдеу, қайта өңдеу, орман ісі, балық өсіру салаларына басымдық берілген. Ірі жобаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысқан құрылымдарға биыл да үлкен сенім білдіріліп отыр. Олардың қатарына «DEZ», «Таткрафт-Инвест», «Рим-КазАгро», «Әділ Құс» секілді серіктестіктерді жатқызуға болады. Бұлармен 70-ке тарта келісімшарт жасалып, кепілдік сомасы 1 миллиард теңгеге жуықтаған. Кәсіпкерліктің әліппесін жаңа бастап, қыр-сырын енді игерген жандар да назардан тыс қалмайды. Олар семинарларда білімдерін жетілдіріп, арнайы нұсқаулықтар алады.
Былтыр демеуқаржыландыру бойынша 10 миллиард теңгенің 120 келісімшарты жасалса, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушылардың санын молайту басты бағдар етілген. Бұл мақсат үшін 1,4 миллиард теңге бөлініп, шағын және орта бизнесті ауылдық жерлерде кеңінен өрістету жолдары қарастырылған. Жыл басынан бері 700-ге жуық адамға бір мыңнан астам қызмет түрлері көрсетілгенін ескерсек, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңейе түсері еш күмән тудырмайды. Бұл салаға жастар жағы ерекше қызығушылық танытуда. Тіркеуге алынған 124 жеке кәсіпкерліктің басым бөлігі жастарға тиесілі. Айыртау ауданында тұратын Вера Сухова 2,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз ісін дөңгелетіп әкеткен. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеттің бастамашыл студенттері де «Даму» кәіспкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың жергілікті филиалымен ынтымақтастық меморандумына қол қойып, жаңашылдыққа бет бұрып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.