17 Наурыз, 2016

Әкім Перизат

620 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Перизат-01Алматы – Өскемен тас жо­лы­ның бойында Үшбиік атты ауыл бар. Шығыс өңірінің Жарма ауданына қарасты алақандай ауыл­дың етек-жеңі жинақы, тіршілігі бақуатты. Қасиетті Қалба жота­сын­да, тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекеннің тіз­гінін ұстауға екі жыл бұрын Перизат Оралбаева есімді қар­шадай қыз келген-ді. Аягөз ауданының тумасы еңбек жолын мамандығы бойынша туған жерінде бастады. Жер қатынастары мәселесінде тә­­­жірибе жинақтаған жас көп ұзамай аудандағы стратегиялық елді мекендердің бірі, шойын жол­­дың бойындағы Ақтоғай кенті әкімінің орынбасары болды. Бү­гінде Ақтоғайда ірі мыс кеніші игеріліп жатыр. Осындай өндіріс орнымен өңірдің экономикалық күретамырына айналған кенттегі қызметінде біраз ысылған соң газетте жарияланған байқау арқылы қазіргі жұмысына келген екен. – Мерзімді басылымнан Үшбиік ауылдық округі әкімінің лауазымына жарияланған байқауды оқыған соң, бағымды сынап көрмекке Жарма ауданының мәслихатына құжат тапсырдым. Тағы екі адам үміткер болды. Депутаттар менің бағдарламама қолдау көрсетіп, ауыл әкімдерін сайлау негізінде осы қызметке тағайындал­дым. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі гендерлік саясатты жолға қою және жас көш­­басшыларға қолдау көрсету жөніндегі саясатының жемісі деп ойлаймын, – деп бастады ауыл әкімі әңгімесін. Шынында, екі жыл бұрын өңір­­­­ге жұмыс сапарымен келген Мем­­лекеттік хатшы Гүлшара Әб­діқалықовамен өткен кездесуде 28 жастағы Перизат Ерболатқызы еліміздегі ең жас әкім ретінде таныстырылғаны есімізде. «Ауылды көтеру – Қазақстанды көтеру» деп санайтын әйел әкім ке­ңседе емес, ел арасында, ша­руашылық басында жүргенде іс өнетінін айтады. Әрине, жас қыз бастапқыда бұл жұмысты алып кете алатынына өзі де иланбапты. Ауыл тұрғындары арасында да сенімсіздікпен қарау­шылар болмай қалған жоқ. Бірақ, «көз – қорқақ, қол – батыр», «жас келсе – іске!» деген. Биыл кеңшар ре­­тінде құрылғанына 55 жыл толып отырған ауыл халқы­ның қол­дауының арқасында жас әкімнің жұмысы біртіндеп алға басып келеді. Қазір Үшбиік ауылдық ок­ругінде ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, жастар ұйымы жұмыс іс­­тейді. Таулы аймақта орналас­қан­дықтан, мал шаруашылығын да­мытуға бейімделген ауылдық ок­­ругке Үшбиік, Жанама және Еңі­рекей елді мекендері енеді. 3 мыңнан аса ірі қара, 2 мыңнан астам жылқы, 35 мың қой-ешкі өсіріп отыр. Республикаға асыл тұқымды «Байыс» қойын өсірумен танылған бұл округте 52 шаруа қожалығы, 2 асыл тұқымды қой зауыты, мал бордақылау алаңы мен мал сою пункттері бар. Өскемен, Семей қала­лары мен Жарма және Аягөз аудандарын күніне 10-20 тоннаға дейін ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Бұл – мың жарымға жуық халқы бар Үшбиік үшін ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бүгінде көптеген көрсеткіштері жағынан ауданда алдыңғы орындарда көрініп келе жатқан ауылда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде жаңадан салынған Ақтайлақ би атындағы орта мектеп, дәрігерлік амбулатория бар. Соңғы екі жылда Үшбиікке «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында төрт жас маман келіп, ауылдағы мемлекеттік қызметкерлер қатары жастармен толығуда. Мектеп директоры Ерзат Қанапиянов, амбулаторияның бас дәрігері Гүлсана Шәріпбекова, ауылдық мәдениет үйінің мең­герушісі Бейсенгелді Елемесов – 20 мен 30 жас аралығындағы жастар. Фарида Ақатқызы да Семейдегі медициналық университетті бі­тір­­ген соң аталған бағдарлама­мен ауылға келген жастардың бірі. Мәдениет үйінде ашылған кітап­­­хана меңгерушісі Шолпан Аябаеваның айтуынша, 6500 кітап қоры мен 600 тұрақты оқырман бар. Осылайша, Үшбиік ауылы жа­­лынды жастардың ордасына айналды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Үшбиік ауылы.