Ішкі жалпы өнім өсімі – 7 пайыз
2010 жылдың алдын ала қорытындылары осылай деуге негіз қалап отыр
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық режімде Үкіметтің 2011 жылғы алғашқы отырысы болып өтті. Премьер-Министр атап көрсеткендей, 2010 жылы еліміздің экономикасы саласындағы жұмыс біршама жақсы атқарылды. Алғашқы болжамды мәліметтер бойынша, елімізде ішкі жалпы өнім көлемі 7 пайызға өсті. Біз Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді негізінен орындап шықтық, деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Алдын ала алынған деректер көрсетіп отырғанындай, өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға артқан. Құрылыс саласының өсімі 101 пайызы, сауда 112 пайыз болды. Көлік саласы бойынша өсім 7,4 пайызға, байланыс 5 пайызға өсті. Еліміздегі инфляция деңгейі белгіленген дәлізден ауытқымай, 7,8 пайыз көлемінде қалған. «Негізінен біз, – деді Премьер-Министр, – өзіміз белгілеген болжамды көрсеткіштер межесінен шықтық. Енді биылғы жылы 2010 жылы қол жеткізген жетістіктерді баянды ету мақсатында жұмыла еңбек етуіміз керек». Үкімет отырысында еліміздің ішкі рыногындағы азық-түлік бағасының негізсіз көтерілу мәселесі сөз болды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит Есенбаев баяндама жасады. Жаңа жыл меркесі күндерінде кейбір азық-түлік түрлері бағасының күрт көтерілуі қылмыстық сыбайлыстықтың салдарынан болып отырған құбылыс. Әйтпесе, жаңа жыл қарсаңында 750 теңге болған сиыр етінің 5 күн мерекеден кейін 1400 теңгеден асып кетуін қалай түсіндіруге болады. Бұл мәселемен алдағы уақытта салық комитеті және құқық қорғау органдары айналысуы керек. Біз өткен жылдың астығынан алынған ұннан пісірілген дәстүрлі бөлке нанның бағасы 41-43 теңгеден аспауы жөнінде келіскенбіз. Алайда, қазіргі күннің өзінде кейбір өңірлерде нан бағасы 60 теңгеден асып кетті, деді агенттік басшысы. Оның айтуынша, алыпсатарлар нан бағасының қымбаттауына тұрақтандыру қорынан алынатын астықтың дер кезінде жеткізілмейтіндігін және тұрақтандыру қорында сақталған астықтың сапасы алыпсатарлар қолындағы астықтың сапасынан төмен болып отырғандығын желеу етеді. Сонда бұл алыпсатарлар астықты Қазақстаннан тысқары жерден тасып әкеле ме?! Отырыста сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикамызда 9,3 миллион тонна астық бар. Оның 2,6 миллион тоннасы – қабылданған меморандумдар шеңберінде белгіленген кесімді баға бойынша ғана босатылатын тұрақтандыру қорының астығы. Қолда бар осы астық көлемі еліміздің ішкі рыногындағы нан өнімдеріне деген сұранысты алдағы егін орағының жаңа астығына дейін толық қамтамасыз етуге жетеді. Сондықтан нанның бағасының көтерілуі туралы мүлде сөз қозғауға болмайды. Ал астық сапасына келетін болсақ, республикамыздағы қазіргі барлық астық қорының 90 пайызы үшінші және жоғары класты бидай болып табылады. Сондықтан сауда ұйымдарының нан бағасының көтерілуін астық сапасымен байланыстыруы ешбір негізсіз. Өсімдік майы мен жармаларға келетін болсақ, бұл азық-түлік түрлерінің қоры да жеткілікті. Министрдің айтуынша, қазір еліміздің көкөніс қоймаларында және ірі сауда орталықтарының қоймаларында 900 мың тонна картоп, 150 мың тонна сәбіз, 100 мың тонна пияз сақталып тұрған көрінеді. Көкөністің осы мөлшері еліміздің тұрғындарын алдағы күзгі жаңа өнім алғанға дейін толық қамтамасыз етеді. Сонда бұл азық-түлік түрлерінің бағасы неліктен шарықтап барады? Мал шаруашылығы өнімдерін тұрақтандыру мақсатында бұл саланы қолдау үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылданды. Өткен жылғы құрғақшылықтың кері әсерлерін ескере отырып, мал азығы үшін және ірі қара малдың аналық басын сақтау үшін еліміздің 8 облысының ауылшаруашылық құрылымдарына жалпы көлемі 3,2 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Құс шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік жемазық қорынан 43 мың тонна арпа бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл шаралардың бәрі мал шаруашылығы саласының тұрақтылығын сақтауға негіз болады. Республикамыздағы қысқы жылу беру маусымында орын алып отырған кейбір келеңсіздіктер туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы қыста Өскемен, Қостанай, Ақтөбе және Көкшетау қалаларында жылу режімінің нормалары сақталмаған. Елімізді электр қуатымен қамтамасыз ету жүйесінде осы жылу беру маусымында 40-қа жуық технологиялық келеңсіздіктер орын алған. Мәселен, Теміртау қаласындағы энергиялық жүйенің істен шығуына байланысты қала тұрғындары 6 сағат бойы жарықсыз қалған. 4 қаңтарда Қарағанды облысының Приозер қаласының бу қазанында болған апаттың салдарынан қаладағы барлық 53 көп қабатты үйлердің жылу жүйесіндегі суды ағызып жіберуге тура келген. Қала тұрғындары бірнеше күн жылусыз қалған. Қазіргі күнге дейін осы 53 көп қабатты тұрғын үйдің 14-і жылу жүйесіне қосылмаған. Жаңа жылдың 5 және 7 қаңтары күндерінде Семей қаласының №1 ЖЭО-да бірнеше апат орын алған. Осының салдарынан Семей қаласының жылу жүйесі толық істен шығудың аз-ақ алдында қалған. Әлі күнге дейін қаланың солтүстік жағалауындағы жылу жүйесінің кемшіліктері жойылмай отыр. Қаланың бұл бөлігіндегі тұрғын үйлерге берілетін жылу нормадан әлдеқайда төмендеп кеткен. Шұғыл қолға алынған шаралардың нәтижесінде қаладағы 5 бу қазаны іске қосылған. Алайда әлі күнге дейін Семейдің №5 бу қазанындағы жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Семей қаласындағы «ең жас» бу қазандары кемінде 70 жылдан бері пайдаланылып келеді. Сондықтан бұл қалада түбегейлі шаралар атқарылып, жаңа жылу орталығын салмайынша іс оңға баспайды. Семей қаласының жылу жүйесінде орын алған осы келеңсіздіктерге байланысты Үкімет басшысы өзінің орынбасары Әсет Исекешевке арнайы комиссия құрып, жағдайды толық зерттеуді жүктеді. Қысқы маусымға дайындық қарсаңында қаланың жылу жүйесін дайындауға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Жергілікті атқарушы билік қысқы маусымға сақадай саймыз деп сендірді. Енді апаттан көз ашар емес. Сондықтан істі жан-жақты тексеріп, кінәлілерге қатаң жаза қолдану керектігіне Үкімет басшысы ерекше екпін түсірді. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің басшысы Серік Нокиннің айтуынша, еліміздің кейбір өңірлерінде коммуналдық қызмет үшін төлем қарыздары өсіп кеткен. Бұл ретте Астана қаласы 1850,6 миллион теңге, Алматы қаласы 1798 миллион теңге коммуналдық қарыз көлемімен алда келеді. Облыстар бойынша коммуналдық қызметтерге қарыз бойынша Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облысы алда көрінеді. Мәселен, Ақмола облысы тұрғындарының коммуналдық қызмет түрлеріне қарызы 721,3 миллион теңге көлемінде болып отыр. Селекторлық режімдегі Үкімет отырысында барлық өңір басшыларының есебі тыңдалды. Отырысты қорытындылай келіп, Премьер-Министр күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар беріп, жан-жақты талап қойды. Кәрім Мәсімов 2011 жылы Үкіметтің барлық күш-жігері инфляциямен күреске жұмылдырылатындығын атап көрсетті. 2011 жылы ең басты мәселе азық-түлік бағаларын тұрақтандыру, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасының қымбаттауына жол бермеу болып табылады, деді Үкімет басшысы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.