18 Наурыз, 2016

Жол құрылысы жалғаса береді

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-850Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық бағдарламасының жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімеледі. Төраға орынбасарының айтуына қарағанда, бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін жалпы құны 2,4 трлн. теңгеге тең 11 автожолды салып бітіру көзделіп отыр екен. «Нақты айтар болсам, 7 мың шақырымнан астам автожолдарды қайта жаңғыртып, түпкілікті жаңғыртуды қолға алып отырмыз. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасында жалпы бағасы 2,4 трлн. теңге болатын 11 автожол құрылысын 2020 жылға дейін толық жүзеге асыру көзделген. Бүгінгі таңда осы жұмыстар жоспардағы кестеге сай жалғасып жатыр. Жолдарды салуға соңғы үлгідегі технологиялар пайдаланылып, әлемдік стандарттарға сай жүргізілуде», деді ол. Айтылған автожолдар Астанадан бастау алып, Орталық – Оңтүстік, Орта­лық – Шығыс, Орталық – Батыс болып тартыла береді. Ауқымды жұмыстардың толық аяқталуы 2020 жылға жос­пар­ланғанын жеткізген спикер, негізгі транзиттік жобаға назар аудартты. «Басты назар жүк тасымалының ағынын өткізетін халықаралық көлік дәліздері екені мәлім. Оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік автомагистралінің орны бөлек екені баршаңызға аян. Осы тұрғыда айтарым, біз өз еліміздің аумағынан өтетін аталған магистральдің жұмысын биыл толық аяқтағалы отырмыз. Осы кезге дейін Ресей шекарасы мен Оңтүстік Қазақстан облысына дейінгі жолдың бөлігі толық пайдалануға берілді. Енді бұдан былай тақтайдай тегіс магистральмен Ресейге және Орталық Азия елдеріне жүк тасы­малдай аламыз», деді Д.Потлов. Қытайдан Еуропаға қарай созылған ең қысқа жол болатын автодәліз Суэц каналы арқылы өтетін теңіз жолынан 3,5 есе қысқа. Осыны айтқан спикер, қазіргі уақытта елімізде 6 халықаралық көлік дәлізі қалыптасып, жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. «Халықаралық көлік дәліздерін дамыту экономикалық өсудің, өңірлер арасындағы сауда операциялары мен байланысты оңай­латудың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Қазір еліміз Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік рейтингінде 30 сатыға көтерілді. Яғни, әлемдегі 140 елдің ішінде 88-ші сатыдан 58-ші орынға жоғарылады», деген Д.Потлов, бүгінде Құрық портында қуаты 4 миллион тонна паромдық кешен салу жобасы жүзеге асырылып жатқанын алға тартты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».