19 Наурыз, 2016

Арманға ұмтылу – ұлттық ұлы мұратқа жету

1054 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
2050Қазақстан экономикасы не­гізінен шикізат және аграрлы-ин­­дустриялық даму бағытын ұстанған. Жаңа индустриялық елдер (ЖИЕ) қатарына дамушы елдердің тек 5 пайызы ғана еніп, ол топқа Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Гонконг, Тайвань, т.б. елдер жатады. Олардың ішінде Сингапур мен Малайзия ғана 20 жыл­да алдындағы жүзден астам елді басып озып, дамыған елдер қатарына кірді. Бүгін Сингапур дамыған елдердің алғашқы он­дығы санатында. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – ол жаңа индустриялық елдер қа­­­тарына кіруді міндет еткен бағ­­дарлама, яғни осы жоба сол стратегияны жүйелі, жан-жақты және қарқынды іске асыратын оның идеологиясы. Сондықтан, стратегияны іске асыру, ақпа­рат­­­­танған экономика құру үшін инновациялық экономиканы дамытып, қоғамды әлеуметтік-эко­но­микалық жаңғыртатын тактика­лық міндеттері болып табылады. БҰҰ-ның белгілі бір мемлекетті жаңа индустриялық елдер қа­та­рына кіргізетін талаптарының методикасы төмендегідей: әр адам­ға шаққандағы ішкі жалпы өнімнің мөлшері; экспортқа шығаратын өнеркәсіп өнімдерінің мөлшері және оның жалпы экспорт­тағы үлесі; экономиканың орташа жыл­дық өсу қарқыны; шеттен келетін тіке­лей инвестициялар көлемі; өң­деу өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үле­сі (ол 20 пайыздан жоғары болуы ке­рек). Жоғарыдағыларды ескеріп, Халықаралық адам институты (ХАИ) әлемдік нарықта бәсекелі жа­ңа индустриялық стратегия дайындады. Оның негізгі міндеті – үнемдеудің жоғары нормасы мен инвестицияға қол жеткізу, эко­номиканы экспортқа бағыттау, нарық капиталының ашықтығы, макроэкономикалық тұрақтылық, ұлттық валютаны АҚШ долларына таңу, экономиканың өсуін мем­­лекет жағынан ынталандыру арқылы оның тұрақты дамуы­на қол жеткізу және ұлттық эко­но­миканың әлемдік нарықта бәсекелестігін арттыру. Бұл стратегияны іске асыру үшін қазіргі өнеркәсіпті және ин­ф­ра­құрылымды, оның ішінде ақпараттық-коммуникация технологиясы саласын жаңғырту ар­­қылы қалыптасқан даму мо­делін қарқынды даму жолына салу, адам ресурстарының са­­па­­­сын көтеру және оны да­мытуға тұрақты инвестиция тарту, ғылым мен технологияны да­мы­татын жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмек беру, жергілікті халықтың менталитеті негізінде отандық экономиканы басқару моделін дайындау, қаржылық ба­қылау, экономиканың банк-қар­жы саласындағы мерзімі өткен қа­рыздарды реттеу, капи­талдың келуіне мониторинг жасап бақылау орнату арқылы кәсіпорындарды реформалап, бұл саладағы саясатты өзгерту, шағын және орта биз­нес пен ұлттық компанияларды дамыту, сапасы халықаралық стан­дарттарға сай өнім өндіру мен қызмет көрсетуді іске асыру, мемлекет пен жеке сектор арасындағы қарым-қатынастың ашық болуын қамтамасыз ету сынды өте ма­ңыз­ды жұмыстардың тізбегі шығады. Көп еңбек пен капиталды қа­жет ететін шикізат экономи­ка­сынан, ғылым мен жаңа техно­логияға бағытталып, ақпарат пен коммуникация жетістіктеріне негізделген жаңа индустриялық сая­­сатқа өту және ақпараттық технология мен инфрақұрылымды дамыту негізінде қалыптасқан ин­новациялық экономиканың өсу моделі қоғамдық өндірісті түп­кі­лікті өзгертеді. Жаңа бет-бейнесін қалыптастырады. Қоғам, ресурс шы­ғынды және ресурс үнем­ді технология арасындағы қа­таң таңдаудан «ресурсы лимиттенбе­ген» ақ­параттық экономикаға өтеді. Осындай өзгерістер ғана Қа­зақ­станның жаңа индустриялық ел қа­­тарына жақындатады және оның дамы­ған қоғамға өтуін қамтамасыз етеді. Ол үшін келесі қадамдарды іске асыру қажет: инновациялық эко­номикаға өтетін тиісті заңдар мен заңнамалық актілерді қа­был­дау арқылы экономиканы әр­тарап­тандыру; ірі өндіріс ай­мақтары мен кен орындары жанынан сала­лық инновациялық кластерлер қалыптастыру. Мы­салы, Атырау мұнай өңдеу зауыты жанынан мұнай өңдейтін және сервистік шағын және ор­та бизнес кластерін құруға болады; трансформацияның немесе өтпелі экономиканың басымды салаларының келесі міндет­­терін шешу: біріншіден, бір­келкі экономикалық дамуды қамтамасыз ететін шешімді іздеу трансформацияның негізгі міндеті болып табылады. Ол үшін жоғары қосымша құнды өндіріс өнімдерін өндіруді көбейту қажет. Отандық нарық жүйесінің ерекшелігі мен экономиканың өсу моделін трансформация тұрғысынан қайта қа­рап, екіншіден, сыртқы қарыздар мәселесін шешіп, үшіншіден, экспортқа бағытталған модельдің өсуін іске асыруда жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылу өте маңыз­ды. Оған импортты алмастыру, елдің артықшылық жақтарын түпкілікті сараптау, қаржы көз­дерін толықтыруға жұмылдыру, экспорттық бағдарламаларды қолдау, инвестициялық ахуалды жақсартуға жағдай жасау, ғылыми-технологиялық зерттеу мен жоғары сапалы мамандар дайындайтын салаларда ұзақ мер­зімді саясат жүргізу, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, т.б. жұмыстар қосылып, дұ­рыс ырғаққа түсуіне ұмтылудың маңызы айрықша. Бұл жерде дамуды қамтамасыз ету үшін екі модельді пайдаланған тиімді. Мысалы, экспортқа бағыт­талған модельді басқа елдерден келетін сондай өнімдерден жоғары сатыдағы кедендік қорғауды қам­тамасыз ету мен импортты алмастыру элементтерін үйлестіру болса, төртіншіден, елге, оның үкі­меті мен кәсіпкерлігіне деген сенімді әрқашан қолдап отыру. Ондай мақсатқа қол жеткізуді көп жағдайда аймақтардағы кә­сіп­керлерге белгілі дәрежеде еркіндік берумен қатар, орта­лықтан­дырыл­ған басқару қамта­масыз етеді. Бесіншіден, телекоммуни­кациялық және көлік инфра­құ­рылымын жетілдіру, алтыншы – ірі корпорацияларда қолданылатын алдыңғы қатарлы ғылыми әдіс­терді пайдалану, болашағы зор бағыттарға тиянақты мониторинг жүргізу, мұқият жоспарлау, жағдайдың өзгеруіне байланыс­ты жоспарды уақтылы өзгертіп, бәсе­келестерден бұрын қимылдау. Мысалы, қаржыны технологияның басымды салалары – биотехнология, компьютер өнеркәсібі, арнайы химикаттар шығаратын өн­діріс және сервис салаларына салу. Жетінші – Қазақстанды халықаралық инно­вациялық, зерттеу мен жасау базасына айналдыру және елді «цифрлық технология аймағына» трансформациялайтын операциялық орталыққа айналдыру десек, сегізіншіден, талантты ұрпақ – «Е» буынының өкілдерін тәрбиелеу және интеллектуалдық ұлт қалыптастыру, тоғызыншы – ұлт­тық мәдениет салаларын дамыту. Қа­зақстанға келетін турис­тердің санын екі есеге өсіру, онын­­­шы – ауыл шаруашылығын жоғары рентабельді және экспорт­қа бағытталған салаға айналдыру, он бірінші – жергілікті халықтың менталитетіне сай экономиканың тиімді моделін қалыптастыру мен көмірсутегі, су және басқа да та­биғи ре­сурстарды консерва­ция­лау. Адам капиталының жағдайына әсер ететін факторлар Адам капиталын жан-жақты дамыту, елдің тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз ету үшін институт (немес ІІН) Қазақстанның үш ұлттық академиясы мен 4 жетекші университетін және құрамында әлемнің 3,5 мың атақты ғалымдары (оның ішінде ТОП-500 және 87 Нобель сыйлығының лауреаттары) істейтін Әлемдік инновациялық қор (әрі қарай WIF) мен әлемдегі ТОП-50 технологиялық компанияларын біріктірді. Форбстың дерегі бойынша, WIF ғалымдары соңғы жарты ғасырда әлемдегі ғылым, технология, инновация және эко­но­микадағы жаңалықтардың 70 пайызын ашқан. Жоба «Қазақстан-2050» Стра­тегиясындағы 8 басымды салалардан тұрады (сурет). Қазақстандағы адам капиталын дамыту бағыттары мен оны іске асыратын ғылыми мекемелер мен компаниялар, міне, осылар. Жоба білім, ғылым, медицина, рухани-гуманитарлық салалармен қатар, инновацияны енгізу тетіктері, ақпараттық-коммуникациялық (АК) жүйе, агроөнеркәсіп кешені, экономиканы басқарудың жаңа жүйесі сияқты салалардан тұрады. АК мен жоғары технологияларды дамыту инновациялық экономикаға көшуді іске асырудың және жаңа индустриялық қоғамға өтудің нақты қадамдары болып табылады. Экономиканың бәсекелестік басымдығы мен оны жаңғырту мүмкіндігі жиналған және іске асқан адам капиталымен анықталады. Қоғам­дағы технологиялық, эко­но­микалық және әлеуметтік жаң­ғыр­тудың мүмкіндігі ондағы адам­­дардың білімі, кәсібилігі және мамандығының деңгейімен анықталады. Жаңа индустриялық қоғамға өту жағдайында индус­трия­ландыру жалғаса береді. Дамы­ған елдер өнеркәсіп өндірі­сін дамыта береді және оны жа­ңа өзгерістерге байланысты жаңғыр­тып отырады. Ол АК-тың базасы және шарттары болып табылады және негізгі капиталды екінші са­тыға ығыстырмай, олар өзара бірін-бірі толықтыру арқылы дамиды. Шағын және орта бизнес пен технокәсіпкерлікті дамыту Қазіргі банк жүйесі шағын және орта бизнеске (ШОБ) серік бола алмауда. ШОБ-тың экономикадағы үлесі 22 пайыз (дамыған елдерде 50 пайыздан асады). ШОБ-қа серіктес болып қарайтын қатынас қалыптаспаған, яғни ислам қаржы ұстанымына сай істейтін банк­тер жоқ болғандықтан, шағын биз­нес­тің ортаға, ал орта бизнестің іріге өтуіне мүмкіндік жасалмаған. Ислам жүйесіндегі банктің болуы микроқаржыландыруды қамтамасыз ететін қолайлы жүйе және кедейшілікпен күресетін тиімді құрал болар еді. ШОБ құ­рып кетпес үшін және шағын және орта бизнесті қолдау қорының шенеуніктеріне тәуелді болмау үшін пайызсыз немесе пайызы өте төмен несие беретін банк жүйесі қажет. Экономика саласындағы ислам моделіне сыбайлас жемқорлық, алдау, табысты жасыру, салықтан жалтару және басқа қылмыстық әрекеттер жат. Бұл модельдің қызық­­тыратын жері – ондағы материалдық пайда мен рухани құндылықтардың үйлесімінде. Ол жүйеде ресурстар табыстың нормасына бағытталу арқылы әле­уеті нарықпен неғұрлым оң бағала­натын экономиканың секторына айналатын ұстанымға негіз­­делгендіктен, тезірек ислам эконо­микалық моделіне көшу қажет. Ислам қаржы жүйесі (ИҚЖ) нақты өндіріске инвестициялаумен байланысты болғандықтан, оны қаржы дағдарысы және дефолттан қорғайды. Ал әлемдік қаржы жүйесіндегі негізгі активтердің тек 5 пайыздайы ғана нақты ақшамен (валюта) бекітілгендіктен, ол әр­түрлі дағдарыстарға ұшырайды. Бұл жағдайда барлық ақша транс­акциясының 95 пайызы таза спе­кулятивті болғандықтан, ол коммерциялық саудаға жатпайды. ИҚЖ бірінші кезекте қажетті тауар шығаратын және базисті қызмет көрсететін салаларға екпін түсіре отырып, экономиканың барлық саласын біркелкі несиелеуді ұстанады және инвестициялық шешім қабылдағанда, әсіресе, басқа кәсіпорындардың жарғылық капиталына араласқанда ба­сымдықты ұзақ мерзімді қар­жыландыруға береді. ИҚЖ эко­но­миканың барлық саласын үйлесімді қамтамасыз ететін және экономиканың маңызды элементі болып табылатын шағын бизнесті дамытуға көп көңіл бөліп, әлеуметтік жауапкершілік және қайырымдылық негізгі орындалуы тиіс мақсаттар ретінде алға шығарылады. Сонымен қатар, инвестициялық саясаттың үйлесімділігімен өн­дірісті белсенді қаржыландыру және банк қызметінің тартым­дылығы арқасында ислам қаржы жүйесі іштен жаңарып отыра алады. Отандық кәсіпкерлікке ИҚЖ келесі жақтарымен пайдалы: банк жүйесінің пайызсыз моделін жасап, енгізу өз кезегінде шағын бизнесті ортаға және орта бизнестің ірі бизнеске айналуына, яғни бизнесті дамытуға мүмкіндік ашады және ШОБ-тың зкономикалық қатынасқа түсетін басқа субъектілермен серік­тес болуына жағдай жасайды; әкімшіліктің бизнеске қысым көрсетуі мен әлеуметтік жауапкершілікке мәжбүрлеуін жойып, бизнестің жұмысына мемлекеттің араласуын шектейді, сыбайлас жемқорлықпен күресу арқылы компанияның ашық болуын қамтамасыз етеді; адалдық, тазалық, ұқыптылық, материалдық пайда мен рухани құндылықтарды ұштастыру сияқты этностық нор­­маларды және кәсіпкерлік құры­лымдарда әлеуметтік, жауап­кер­шілікті қалыптастырып, дамытудың тірегі болады. Ұлттық компанияларды дамытып, трансұлттық компанияларға айналдыру Ол үшін Үкімет экономиканың басымды салаларында істейтін ұлттық компанияларға кен орындарын сатып алуда, шетелдік және басқа компаниялардың акцияларын (үлесін) алуда жеңілдік жасайтын шаралар қабылдап, мүмкіндік ашуы және олардың ел ішіндегі және шеттегі халықаралық жоба­ларға қатысуы үшін белсенді саясат жүргізуі қажет. Ол салалар әлемдік нарықта өз орындарын тапқан кезде (3-ші кезең) инновациялық технология өз мақсатына жетеді. Ол кезде экспортқа бағытталған жоғары технология өнімдерінің үлесі 45-50 пайызға, ел ішінде қолданылатын отандық технологияның үлесі 70 пайызға дейін көтеріледі. Им­портталатын машина, құрал-сай­ман және технологияның үлесі 40-45 пайызға кемиді. Бұл жобаның негізгі бөлім­дерінің тұсаукесері Қазақстан үкі­­­меті жанындағы салааралық ғылыми-техникалық комиссияда, Парламент Мәжілісндегі «Нұр Отанның» фракциясында, «Нұр Отанның» сарапшылар кеңесінде, Индустрия және даму министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі және т.б. ведомстволарда жасалып, қолдау тапты. Дэвид ХИЛЛ, PhD, профессор, Әлемдік инновациялық қордың атқа­ру­шы директоры (Лондон), Жанұзақ ӘКІМ, Халықаралық адам инсти­тутының президенті, «Нұр Отан» партиясы Сарапшылар кеңесінің мүшесі.