Бір тәулікте екі зымыран ұшырылды
Солтүстік Корея жұма күні таңертең екінші баллистикалық зымыранды аспанға ұшырды. Оңтүстіккореялық әскерилерге сілтеме жасай отырып Ренхап агенттігінің хабарлауынша, зымыран ұшыру Сунчхон қаласына жақын ауданда орналасқан мобильді зымырандық қондырғы арқылы жүзеге асырылған.
Аталған агенттіктің келтірген мәліметтеріне қарағанда, екінші зымыран Пхёнан-Намдо провинциясындағы Сунчхон қаласы ауданынан ұшырылған бірінші зымыраннан кейін 22 минуттан соң көкке көтерілген. Дегенмен, екінші зымыран 17 шақырым биіктікке жеткенде радардан жоғалып кеткен көрінеді. Ол ауада жарылып кетті деген алдын ала болжам бар.
Еске сала кетейік, алғашқы зымыран 800 шақырым қашықтықты ұшып өтіп, Жапон теңізіне құлаған болатын. Оңтүстіккореялық бас штабтың мәліметтері бойынша, әңгіме орта радиуста әрекет ететін «Нодон» зымыраны туралы болып отыр. Оның ұшу қашықтығы 1300 шақырымды құрайды, ол Жапония аумағына дейін жетуге қабілетті. Болжам бойынша екінші зымыранның да «Нодон» болуы мүмкін. ҚХДР осы аттас зымыранды соңғы рет 2014 жылдың 26 наурызында ұшырған болатын. Осыған байланысты АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкциялар енгізгенін де айта кету қажет.
Босқындар мәселесінің басылар түрі жоқ
Венгрия билігі елдегі босқындарға арналған лагерлердің барлығын дерлік жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Hungary Today басылымы хабарлады.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ел билігі елдің шығыс және оңтүстік шекараларында орналасқан Надьфе, Кишкунхалаше, Бекешчабе және Ньирбатор елді мекендеріндегі күзетілетін лагерлерді жабуды ойластырып отыр.
Босқындардың қазіргі бар лагерлері мигранттарға арналған жаңа екі палаткалы қалашықтарға орын босататын болады. Олардың екеуі де Австриямен арадағы батыс шекарада орналаспақ. Жаңа лагерлерді Керменд және Сентготтхард қалаларында ашу жоспарланып отыр, деп атап көрсетілген жоғарыда аталған басылым таратқан хабарда.
Парламенттегі «Фидес» билік фракциясының басшысы Лайош Коса қазіргі уақытта басқаларының бәрінің бос қалуы екі ғана лагерь қалдыруға себеп болып отыр деген пікір білдірген.
Бұған дейін хабарлағандай, наурыз айының басында Венгрияның бүкіл аумағында босқындарға байланысты дағдарыс ахуалы режімі енгізілген болатын.
Британдықтар болса, өз кезегінде заңсыз тасымалдаушылар қызметінің жолын кеспек ниетте. Сол мақсаттар үшін британдық әскери кемелердің таяудағы бірнеше айда мигранттарды Еуропаға жеткізіп жатқан заңсыз тасымалдаушылармен күрес жүргізу үшін Ливия жағалауына бағытталуы мүмкін.
Daily Telegraph газетінің мәліметтеріне қарағанда, министрлер кабинетінің басшысы Дэвид Кэмерон Біріккен Корольдік үкіметінде Брюссельдегі самитте өз әріптестерін Ливиядан Еуропаға келетін жүз мыңдаған мигранттарды тоқтату үшін Еуроодақ мемлекеттері әскери-теңіз күштерінің Жерорта теңізіндегі миссиясын ұлғайтатындығын хабарлағанын айтқан.
Британ үкіметі Ливия жағалауынан бірнеше шақырым аймақта мигранттарды жеткізуге талпыныс жасаушылардың жолын кесу үшін кемелерді, тікұшақтарды және басқа да техникалық құралдарды тікелей іске қосудың жоспарланып отырғанын атап көрсеткен.
Өткен жылы Лондон Жерорта теңізіне HMS Bulwark дессанттық кемесін аттандырып, оның экипажы 2,9 мыңнан астам мигрантты құтқарған болатын. Британдықтардың ендігі мақсаты заңсыз тасымалдаушылар қызметін тиімді түрде қадағалап, олардың жолын кесу үшін Ливия жағалауына неғұрлым жақынырақ барып әрекет ету болып отыр.
Қара алтын бағасының төмендеуіне не себеп?
Халықаралық энергетикалық агенттік 800 мың баррель «артық» мұнайдың қайда кеткенін біле алмай бас қатыруда. Егер оны сол күйі таба алмайтын болса, онда мұнай бағасының болжанғандағыдан әлдеқайда тезірек қалпына келуі мүмкін, деп жазады америкалық The Wall Street Journal басылымы.
Оның себебі, әлемдік шикізат рыногында ұсыныстың шамадан тыс болуына байланысты мұнайға рекордтық төмен бағаның белгіленуі және оның сол күйде сақталып тұруы Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) статистикалық қателігінің салдары болуы әбден мүмкін.
ХЭА-ның есебінше, 2015 жылы рынокқа әр күн сайын сұраныс талап еткендей, 1,9 млн. баррель мұнай жеткізіліп тұрған. Осы шикізаттың 770 мың баррелі қоймаларға түсіп, қалған 300 мыңдай баррелі мұнай құбырлары арқылы немесе танкерлермен тасымалданған. Сонда күніне есепке кірмеген шамамен алғанда 800 мыңдай баррель мұнай қалады, деп жазады америкалық басылым.
«Жоғалған» мұнай баррельдері қайда деген сауалға жауап мұнай өнеркәсібі үшін түйінді мәселе күйінде қалып отыр. Көптеген сарапшылар осынау жетіспейтін баррелдер іс жүзінде мүлде жоқ деген пікір білдіруде.
Егер ол солай болса, онда бағаның мейлінше төмендеуіне себеп болған ұсыныстың көптігі ойлағандағыдан әлдеқайда азырақ болып шығып, мұнай бағасының тез арада қалпына келуі мүмкін. Өйткені, ХЭА-ның ұсыныстың артықтығы туралы есебі көп жағдайда мұнай бағасын қалыптастыруға ықпал етіп жатады, деп түйіндеген өз хабарын жоғарыда аталған басылым.
Батыс Сахарадағы жағдай ушығып тұр
Марокконың корольдіктен кетуді талап етуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне Батыс Сахарадағы бітімгершілік миссия төңірегіндегі дау-жанжал тыйыла ма, миссия өз жұмысын одан әрі жалғастыра ала ма деген сауалға қатысты айтарлықтай алаңдаушылық туғызуда. Бұл туралы Анголаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Исмаэль Гаспар Мартинс хабарлаған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Батыс Сахараның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартып отыр. Сонымен бірге, халықаралық ұйым ол аймаққа Марокконың аннексия жасауын да мойындамай, осы мәселеге қатысты референдум өткізуді талап етуде. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Батыс Сахараның «басып алынғаны» туралы мәлімдегеннен кейін-ақ Марокко Батыс Сахарада референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясының азаматтық контингентін «айтарлықтай қысқарту» және оның бюджетіне тиесілі 3 миллион доллар жарнаны кері қайтарып алу жөнінде шешім қабылдады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мәселені жабық консультацияларда талқылаған. Гаспар Мартинстің айтуынша, кеңес ахуалға «айтарлықтай алаңдаушылық» білдіреді және жағдайдың тұрақтанатынына, сонымен бірге, миссия жұмысының одан әрі жалғасатынына көз жеткізу қажет болып отыр.
Біз әңгіме миссия жұмысы туралы болған кезде ахуалдың тұрақтануын қамтамасыз ету үшін бәрімізге екіжақты форматта іс-қимылды жалғастыру қажет, деген шешімге келдік, деп мәлімдеген Гаспар Мартинс. Ол бұл жерде әңгіменің Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері мен Марокко арасындағы екіжақты байланыстар туралы болып отырғанын нақтылаған.
БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің айтуынша, бейбітшілікті сақтау жөніндегі операциялар департаменті миссия жұмысын төтенше жоспарлауды жүзеге асыруда. Сонымен бірге, Батыс Сахараны (Полисарио) азат ету халық майданының БҰҰ-дағы өкілі Ахмед Букхари өңірде БҰҰ бітімгершіл миссиясының болмауы тараптардың тікелей бір-біріне қарсы тұруына апарып соқтыратындығын айтқан. Марокконың миссияны аяқтау туралы ұсынысы барынша қысқа мерзім ішінде соғысты қайта жандандыруға бастайтын жол болмақ. Миссия жоқ жерде – вакуум бар, яғни соғысқа шақыру бар. Қауіпсіздік Кеңесі оны білуі тиіс, деп атап көрсеткен Букхари БҰҰ-да журналистерге берген сұхбатында.
Айта кету керек, Батыс Сахарадағы референдум бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес 1991 жылы тағайындалған болатын.
Топтаманы дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».