19 Наурыз, 2016

Науқанға 13 399 комиссия тартылған

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_30190" align="aligncenter" width="680"]4 4[/caption] Кеше Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау­да сайлау алдындағы үгіттің аяқталуы және дауыс беру күніне дайындық мәселелері туралы брифинг өткізді.  2016 жылғы 18 наурыз күнгі сағат 24.00-де Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіті, сондай-ақ, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау науқаны аяқталды. Ортсайлауком хатшысы Б.Мелдешовтің атап өткеніндей, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге барлығы 13 399 сайлау комиссиясы тартылған. Олардың ішінде 9 840 учаскелік сайлау комиссиясы, 171 аудандық, 37 қалалық, 16 облыстық, Астана және Алматы қалалары аумақтық сайлау комиссиялары, сондай-ақ, аудандық мәслихаттарға сайлау жөніндегі 2 160 округтік сайлау комиссиясы, қалалық мәслихаттарға сайлау жөніндегі 625 округтік сайлау комиссиясы және облыстық мәслихаттарға сайлау жөніндегі 550 округтік сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, олардың құрамында 93 мыңнан астам мүше бар. «Олардың барлығы тиісті дайындық пен оқытудан өтті. Электораттық науқан кезеңінде аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды ұйымдастырушыларды құқықтық оқыту жөнінде 900-ге жуық семинар, кеңес, тренинг және өзге де іс-шаралар өткізді, – деді ОСК хатшысы. – Орталық сайлау комиссиясы үш республикалық семинар – сайлау­ды ұйымдастырушылар үшін, БАҚ өкілдері үшін және сайлауға қатысатын саяси партиялар үшін ұйымдастырды. Сонымен қатар, Ортсайлауком барлық сайлау комиссияларын қажетті әдістемелік материалдармен қамтамасыз етті. Атап айтқанда, ОСК тапсырысы бойынша аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары, саяси партиялар мен олардың сенім білдірген адамдары, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар мен олардың сенім білдірген өкілдері, байқаушылар мен БАҚ өкілдері үшін ақпараттық плакаттардың 8 түрін және жадынамалардың, құралдардың, жинақтар мен басқа да баспа өнімдерінің 14 атауы әзірленді. ОСК тапсырысымен басып шығарылған әдістемелік құралдар www.election.gov.kz ресми интернет-ресурсында орналастырылған». Комиссия хатшысының мәлім етуінше, учаскелік сайлау комиссиялары үшін «Сайлау күні дауыс беру рәсімдері туралы» арнайы оқыту фильмі әзірленді, ол еліміздің аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына жіберілген. Учаскелік сайлау комиссиялары барлық қажетті құжаттармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сайлау бюллетеньдері сайлау учаскелеріне жеткізілді. Қазіргі кезде дауыс беру күніне белсенді дайындық жүруде. «Бүгінде сайлаушылар тізімдерін нақтылау үдерісі жалғастырылуда. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылар тізімдеріне 9 791 165 адам енгізілді, – деп жалғастырды сөзін Б.Мелдешов. – Сайлау күні сайлаушы еліміздің кез келген сайлау учаскесінде дауыс беруі үшін, ол алдын ала дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алу қажет. Сайлаушылар оны 19 наурыз күнгі сағат 18.00-ге дейін ала алады. Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келген сайлаушыларға берілмейтінін атап өткім келеді. Өйткені, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда еліміздің барлық аумағы сайлау округі болып табылады. Сондықтан осы сайлауда есептен шығару куәлігі бар сайлаушылар еліміздің кез келген нүктесінде дауыс бере алады. Ал мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға өз сайлау округі шегінде ғана дауыс беруге болады». ОСК хатшысы дауыс берудің уақтысынан да хабардар етті. Дауыс беру 20 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден бастап 20.00-ге дейін 9 840 сайлау учаскесінде өтеді. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 817 байқаушысы алдағы сайлауды байқауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта шетелдік БАҚ-тардың 147 өкілін аккредиттеді. Қазіргі уақытта барлығы 964 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттелген. «Сонымен қатар, дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін байқауға кандидаттар мен партиялардың сенім білдірген адамдары, қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады», – деді Б.Мелдешов. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».