18 Наурыз, 2016

Астана футбол федерациясының жаңа порталы ашылды (фото)

312 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
19.03.2016 AST-3 jpg АСТАНА. 18 наурыз. Бүгін Астана футбол федерациясының www.sportsffa.kz атты жаңа ақпараттық-сараптамалық порталының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Оған Астана мен Алматыдағы спорт журналистері қатысты. Тұсаукесерде жаңа портал туралы жан-жақты мәлімет берілді. Қалалық футбол федерациясының президенті Лашын Аймағамбетов қоғамдық ұйымның қызметі, осы кезге дейін атқарған жұмыстары туралы баяндап берді. «Біздің федерация  Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2014 жылдың 3 шілдесінде ресми түрде мемлекеттік тіркелімнен өтті. Федерация әр жас өкілдері үшін тұрақты түрде футбол, футзал, шағын футболдан турнирлер мен жарыстар өткізіп тұрады.  Бұл туралы www.sportsffa.kz порталының АФФ бөлімінен ақпарат алуға болады. АФФ басқа да жұмыстар атқарады. Мысалы, балаларды жаттықтыру, жаттықтырушылар, төрешілер, инспекторлар мен менеджерлерді дайындау сияқты жұмыстар бар. Осының барлығы футболды дамытуға септігін тизігіп жатыр», деді ол. Сонымен бірге ол федерацияның «С» санатындағы жаттықтырушыларды дайындауды қолға алғанын, олар үш күн оқып, тиісті сертификат алған соң әуесқой командалар мен балаларды жаттықтыра алатынын айтты. «Осы мақсатта былтыр мамыр айында федерация «Балалар футбол орталығын» ашты. Бұл жерде балалар жасқа бөлініп, көкмайса алаңда теңбіл доптың қыр-сырын үйреніп, жарыстарға қатысады. АФФ балалар футболын дамыту мақсатында Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасымен және қалалық білім басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандум жасап, алғаш рет футзалдан Оқушылар лигасын өткізді. Оған қаламыздың 52 мектебінен 85 команда қатысты», деді федерация президенті. Оның айтуынша, Оқушылар лигасы екі жас тобы бойынша өтті. 2001/02 жылғы жеткіншектер арасындағы жарыстар «Алау» мұз айдынының алаңында өтіп, №56 мектеп лицейі жеңіске жетсе, 2003/04 жылғы балалар арасындағы турнирде №37 мектептің оқушылары жеңімпаз атанды. Рәсімде федерацияның қызметі жайында басқа да қызықты мәліметтер берілді. Федерацияның вице-президенті Әлия Дүйсекеева жаңа портал туралы айтып берді. «Бұрын федерацияның электронды басылымы болатын. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, әлемде күн сайын жаңалықтар болып жатыр. Соның бірі – порталдар мен сайттар, әлеуметтік желілер. Осыған байланысты уақыт көшінен қалмай, басқа ұйым, мекемелердің алды болуы үшін қызметімізді жан-жақты таратып, насихаттау мақсатында жаңа портал ашып отырмыз. Ол Sportsffa.kz порталы деп аталады. Мұнда  онлайн жүйеде федерация аясындағы додалардың барлығы жарияланып отырады. Турнир хаттамалары, турнир кестелері, сұрмергендер, ойындарға шолу, фото-бейнерепортаждар – бәрі-бәрі біздің порталымызда көрініс табатын болады», деді ол. Әлия Дүйсекееваның сөзінен белгілі болғандай, 2016 жылдың 1 қаңтарында ашылған жаңа порталдың басты мақсаты – әуесқой футболдан бастап кәсіпқой деңгейдегі барлық додалардың барлығын қамту. «Порталда басымдылық сараптамалық мақалаларға беріледі. Яғни, Қазақстан футболындағы өзекті мәселелерді жан-жақты сараптап, талқылап, піскен күйде оқырманға жеткізу. Сондай-ақ, футболшы, жаттықтырушы, сарапшы, функционер мамандармен сұхбаттасу арқылы ақпаратты  бірінші болып жеткізіп, белгілі бір мәселе жайлы көзқарасын білу», деді ол. Осыдан кейін ортаға федерацияның қызметкерлері шығып, жұмыстары туралы айтып, өз ойларымен бөлісті. Порталдың қазақ бөлімінің редакторы белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев, сайтта екі тілде жазатын жас әріптесіміз Әзиз Оразбаев, орыс бөлімінің редакторы Владимир Мальцев, материалдарды ағылшын тілінде дайындайтын Тілек Адрышев, жаттықтыршылар мен төрешілер, басқа да қызметкерлер қызықты мәліметтерден хабардар етті. Мысалы, Нұрғазы Сасаев федерация мен жаңа порталдың  жұмысына бір кісідей қызмет етіп жатқан әріптестерінің еңбегін айтты. «Қазір федерация бұқаралық спортты, балалар футболын дамытуда көп жұмыстар атқарып жатыр. Көптеген турнирлер өткізіле бастады. Бұл үшін федерация басшылығы қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап келеді. Сонымен бірге төрешілер алқасының төрағасы Ғалымжан Кенжалиновтің, менеджерлер  Данат Мұхаметғалиев, Ерік Шыншалинов, Ернар Құсайынов, Балалар футбол орталығының жаттықтырушысы Александр Черниковтің да еңбегін атап өтуге болады. Осы бес адам 50 адамның жұмысын жасап, жүгін көтеріп келе жатыр. Егер басқа федерацияларда 50-100 адам жұмыс істеп, оның өзін дұрыс әкете алмай жатса, біздің бес жігітіміз 100 адамның жұмысын атқарып отыр», деді ол. Ал порталдың жұмысы туралы Нұрғазы Сасаев ағылшын тіліндегі мақалалардың блог іспеттес жүргізілетінін, қазақ тіліндегі мақалалар мен орыс тіліндегі материалдар бір-бірінен аударылмайтынын ескертті. «Портал редакциясының командасы – елімізге белгілі, спорттық, оның ішінде футбол журналистикасында тәжірибелері мол, Еуропа және әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарында қызмет атқарған кәсіпқой мамандар», деді әріптесіміз. Кездесуде Әзиз Оразбаев осы жазда Журналистер лигасының ашылатынын, ол үш ай бойы, яғни маусым, тамыз, қыркүйек айларында өтетінін айтты. Орыс бөлімінің редакторы Владимир Мальцев «Тарих» бөлімінің жұмысына тоқталып,  порталда жарияланатын тарихи материалдар оқырмандар тарапынан тиісті бағасын алатынына сенім білдірді. «Бұл бөлімдегі материалдарды оқырмандар қызыға да құныға да оқитыны  сөзсіз. Мұнда сіздер ел футболы мен елорда футболының тарихынан қызықты мәліметтер таба аласыз», деді ол.. Тұсаукесер соңында федерацияның президенті, қызметкерлері журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауап пішінінде өткен кездесуде оқырмандар тарапынан Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымов, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының президенті Ілияс Омаров пен осы жолдардың авторы Астана футболы туралы өз ойларын айтып, жаңа  порталдың жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін федерацияның президенті Лашын Аймағамбетов портал редакциясының материалдарды кәсіпқой, сауатты түрде, әбден пісіріп барып оқырманға жеткізуді мақсат етіп отырғанын,  Астана футбол федерациясының АФФ аббревиатурасы да порталымыздың «Футбол. Фактілер. Ақпарат» ұранымен үндес екенін айтты. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел футболына бей-жай қарай алмайтын барша азаматтарымызды серіктестікке шақырамыз. «Футбол. Фактілер. Ақпарат» порталы сіздерді әріптестермен пікір алмасуға, ой бөлісуге және кәсіпқой байқауларға қатысуға шақырады», деді ол сөзінің соңында. Дастан Кенжалин. Дерек: egemen.kz Сурет: Астана қаласы футбол федерациясы. 19.03.2016 AST-4 jpg 19.03.2016 AST-5 jpg 19.03.2016 AST-6 jpg 19.03.2016 AST-9 jpg 19.03.2016 AST-12 jpg 19.03.2016 AST-11 jpg