14 Қаңтар, 2011

Бағалар бақылауда тұр

426 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өткен жылдың жетістіктерін жариялау мен басталған жылға қойылар міндеттермен таныстыру кезегі Бәсекелестікті қорғау (монополияға қарсы) агенттігіне де келді. Сәрсенбіде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Мәжит Есенбаев бастаған агенттік қызметкерлері өткен жылды қорытындылап, Үкімет басшысына есеп берді. Алқа мәжілісіндегі негізгі баяндама­лар­ды агенттік төрағасы Мәжит Есенбаев, Ауыл шаруашылығы вице-­министрі Сақташ Хасенов «Атамекен» одағы” ҰЭП төрағасы­ның бірінші орынбасары Екатерина Никитинская, “Қазақстан тұтынушылар лигасы” қауымдастығы төрайымы Светлана Романовская жасады. Баяндамашылар өз сала­лары бойынша қол жеткізген нәтижелері­мен таныстырып, сондай-ақ алдағы жылға артып отырған үміттерін де назардан тыс қалдырмады. Жалпы, Бәсекелестікті қорғау (монопо­лияға қарсы) агенттігінің құзырына тауар рыноктарына талдау-­сараптама жүргізу кіреді. Мұндай сараптамалар нәтижесінде ры­нок­тағы бәсекелестіктің жай­-күйі және даму деңгейімен танысуға болады, сондай-ақ бәсекелестікті шектейтін және монополистік қызметті жүзеге асыратын доминант субъектілер мен монополистерді анықтап, оларды ауыздықтауға байланысты шаралар­ды әзірлеп, жүзеге асырады. Осы қызметіне орай агенттік өткен жылы 78 тауар тобының 29 тауар рыногына зерттеу жүргізген. Мәжит Есенбаевтың айтуынша, жүргізілген тексерулер негізінде агенттік шығарған шешімнің ең бастысы электр энергетикасы, темір жол көлігі, телекоммуникация және басқа да салалардағы заңнаманы жетілдіру қажеттігі болып отырған көрінеді. Агенттік жүргізген тексерістер ішінде тұтынушыларға сезілген ең нәтижелісі еліміздегі ұялы байланыс операторларына қатысты тексеру жұмыстары екен. Өткен жылдың аяғында Ресейдің монополияға қарсы қызметімен бірлесе отырып, ірі байланыс операторларына қатысты жүргі­зіл­ген тексерулер аяқталған болатын. Қазір олардың ісі халықаралық роуминг қызмет­те­ріне бағаны жоғары белгілеуге бағыттал­ған монополиялық жағдайды асыра пайдалану ретінде қарастырылуда. Тергеу іс­қағаздары Алматы қаласындағы арнайы мамандандырылған ауданаралық сотына берілді. Қазақстандық ұялы байланыс опера­торларына жүргізілген тексерулер шеңбе­рін­де өздері ұсынатын қызметтерге тарифтерді өз еріктерімен төмендеткендігін ерекше атап өту керек, деді сала басшысы. Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде ба­сым­дығы жоғары ұялы байланыс оператор­лары интерконнект тарифтерін үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 20% азайту ниеттерін хабарлап отыр. Агенттік болашақ­та ұялы байланыс тарифтерін одан әрі төмендетуге болжам жасауда. Бұдан өзге интернет желісіне бастапқы қол жеткізу рыногында үстемдікке ие операторлар Үкімет бақылайтын мемлекеттік тізімге енгізілді. Бұл байланыс саласындағы өкілетті органға бастапқы провайдерлердің көтерме сауда тарифтерін ретке келтіруге мүмкіндік беріп, соңғы тұтынушылар үшін ғаламтор қызметіне тарифтерді төмендетуге әкеледі. Дәрілік заттар рыногына жүргізілген тексерулер барысында саладағы баға өсуі­нің негізгі себептері анықталыпты. Тексеру қорытындысы заң бұзушылықтардың алдын алуға алғышарт болып, дәрілік заттарды импорттайтын бастапқы 23 доминант субъек­тінің мемлекеттік тізімге енгізілуі агент­тікке күз-­қыс кезеңінде баға шарықта­мауын бақылауға мүмкіндік берді. Агенттіктің бәсеке­лестікке қарсы іс­әрекет­терді анықтау мен олар­дың жолын кесуге ба­ғыт­талған қыз­меті ин­фляциялық үде­ріс­терді тежеуге де оң әсерін тигізуде. Агенттік тарапы­нан әлеумет­тік маңызы жоғары ры­ноктарға ерек­ше назар ау­дарылып, азық-­түлік ры­­­нокта­рын­дағы жағ­дай­ды орнықтыру бойын­­ша кешенді жұмыстар жүргізілген. Бұл орайда азық-түлік рыногының 255 субъектінің қызметі тексеріліпті. Бағаны өзара сөз байласу ар­қылы көтеру және рыноктағы үстем­дік жағ­дайын асыра пайдалану фактілеріне (ұн, нан, өсімдік майын, қарақұмық жарма­сы, құс етін жеткізушілер және өндіру­шілер) қатысты 59 әкімшілік іс қозғалды. 2010 жылы жүргізілген тексерулер жекелеген рынок субъектілерінде бағаны өсіруге объективті себептің жоқ екендігін, оның өсуі негізсіз, алыпсатарлық жолмен болған­дығын анықтап берді, деді М.Есенбаев. Қантты көтерме және бөлшек саудада өткізу, ет өткізу рыноктарына жүргізілген тексеріс нәтижесінде осы өнімдерге баға­ның өсуіне, қантқа ықтимал тапшылыққа жол бермеу мақсатында осы рыноктағы үстем немесе монополиялық жағдайға ие субъектілер мемлекеттік тізілімге енгізілді, ендігі жерде олардың бағаны негізсіз көтерген іс-әрекеттері өз үстемдігін асыра пайдалану ретінде қарастырылатын болды. 2010 жылы азық-түлік тауарлары бойын­ша жұмыс тобына басшылық еткен агенттік аталмыш рыноктағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында жедел әрі жүйелі шаралар қабылдаған. Алқа мәжілісінде агенттіктің құзырына жататын мемлекеттік кәсіпорындардың қыз­ме­тін тәртіпке келтіру жөніндегі қызметінің қорытындысы да сөз болды. Мәжит Есен­баевтың айтуынша, агенттік мемлекет қаты­сатын тауар рыноктарын зерттеу бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесі бәсекелес­тікті шектеу туралы, сонымен қатар мемлекеттік активтерді тиімсіз басқаруды куәлан­дыратын бірқатар мәселелерді анықтаған. “Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңда бәсекелестікке қарсы норма бар екендігін мәлімдеді. Меморгандардың тауарды өнім шығаратын жерлерден сатып алу кезінде оларды рыноктық бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алуы “жасырын монополияның” белең алуына жол берген. Өткен жылы монополияға қарсы әрекет­терге қатысты 131 тергеу ісі аяқталып, айыппұл санкцияларының негізінде бюджет пайдасына 270 млн.теңге өндіріліпті. Үкімет басшысы агенттік төрағасы Мә­жит Есенбаевтың есебін тыңдай келе, еліміз алдында тұрған басты міндетті қайталап ескертті. Қазақстанның дамыған 50 елдің қатарынан табылуы күн тәртібінен түспеуі тиіс. “Елбасы қойған міндеттерге әр сала өз көрсеткіштері бойынша қол жеткізуі керек. Қазіргі кезеңнің басты міндеті бәсекеге қабілетті ортамен қамтамасыз ету. Өйткені онсыз даму мүмкін емес. Әлемде азық-түлік бағасының мәселесі өткір тұр. Болжамдар бойынша бұл ауқымды қатер болмақ. Осыған орай агенттіктің алдына 2011 жылға қойылатын басты талап – азық-түлік бағасына бақылау жасау және бақыланатын инфляция”, деді К.Мәсімов. Алқа мәжілісінің соңында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Бәсекелестікті қорғау (монополияға қарсы) агенттігі атқарған жұ­мыстардың қорытындысына оң баға беріп, агенттік алдына қойылатын 2011 жылдың мақсатты индикаторлары мен көрсеткіш­тердің орындалуына міндеттейтін меморан­думға қол қойды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.