22 Наурыз, 2016

*Сырт көз – сыншы

679 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
ERA_6826+77Еліміздің Орталық сайлау комиссиясына келуші шетелдік байқаушылар қарасы кеше де мол болды. Мүмкіндігіне қарай олардың бірқатарына жолығып, Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының қалай өткені жөнінде пікірлерін білген едік. Мохд Хашим АБДУЛЛА, Малайзия Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:  – 17 миллион халқы бар ел­деріңізде инфрақұрылым өте қар­қынды дамыған. Әсіресе, көлік сала­сының дамуын айрықша атап өтуге болады. Мен «Назарбаев Уни­верситетте» болдым,  қатты ұнады. Өзім білім алған факультетке ұқсас білім ордасына бардым. Мен малайзиялық студенттердің осы жерде білім алуына ықпал жасауға әзірмін. Қазақстандағы сайлау демократия ұстанымына сай өтті. Сайлаушылардың өз қалауларын білдіруге, шетелдік байқаушылардың жұмыс істеуіне барлық жағ­дай жасалғанын айрықша атап өткім келеді. Мені сіздер­дің сайлаушыларды қалай дауыс беруге тарта алатын­дық­тарыңыз таңғалдырды. 18 жасқа толғандарға, дәл сол күні туған күні болғандарға, сонымен бірге, жасы 70-тен асқандар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне сый­лықтар беріліп жатты. Бұл көпшілік елдерге үлгі болатын жақсы үрдіс. Иван ЩУРОК, Беларусь Орталық сайлау және референдумдар өткізу  жөніндегі комиссияның мүшесі:  – Сайлау учаскелеріне барған кезімізде біз тек қана сайлау ко­мис­сияларының мүшелерімен ғана емес, сонымен бірге, қарапайым адамдармен – сайлаушылармен де сөйлестік. Ел тұрғындарымен әңгі­мелесу біздер үшін де жағымды сезім туындатты. Біз қазақстандықтар тарапынан кең пейілділік қарым-қатынасты байқап, таңғалдық. Сондай-ақ, байқау барысында 10 сайлау учаскесінде болдық, дауыс беру барысымен жан-жақты танысуға барлық жағдай жасалған екен. Сайлау тамаша ұйымдастырылған. Меніңше, мұндай әрбір сайлауды байқау мүмкіншілігі тәжірибе алуға, өзіңнің достарың мен әріптестеріңнен үйренуге мүмкіндік береді. Қазақстан – біз үшін бауырлас ел. Біз доспыз, біздің Президенттеріміз де дос. Мұны әр уақытта да қолдау қажет. Георгий ШАРАБИДЗЕ, Грузия Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:  – Астана қаласындағы 10-нан астам сайлау учаскесіндегі жұ­мысты байқадық. Сайлау үдерісі тыныш әрі бейбіт ахуалда өтті. Сайлаушылар үшін, олардың еркін қалауын білдіруі үшін барлық жағдай жасалған. Учаскелік сайлау комиссиялары кәсіби тұрғыда жұмыс істеді. Байқаушылар тобы сайлау заңнамасының бұзылуына қатысты бірде-бір дерек кездеспеді. Сайлау учаскелерінің техникалық тұрғыда жақсы жарақтанғанын әрі логистиканың ыңғайлы ұйымдастырылғандығын атап өткен орынды. Сайлау жоғары кәсіби деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Зенонас ВАЙГАУСКАС, Литва Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:  – Сайлау ашық әрі сайлаушылар үшін барынша түсінікті болды және оның әділ өткендігі еш күдік тудырмайды. Кейбір учаскелерді дауыс берушінің аты-жөндерінің тізімде болмай қалуына байланысты аздаған кемшіліктер орын алғанымен, олар дер уақытында өз шешімін тауып отырды. Мен сайлау комиссиясының бұл мәселені қалай шешкенін өз көзіммен көрдім. Қалай десек те аты-жөні тізімде болмай қалған азаматтардың дауыс бермей кеткенін байқамадым. Яғни, проблема бірден шешіліп жатты. Біз дауыстарды санау барысында да олардың дұрыс саналып жатқанына көз жеткіздік. Әрине, біз нәтижесін тағатсыздана күтеміз. Сайлаушылар өте көп болды. Дағдарысқа қарамастан, өз дамуымен алға қарай ілгерілеп келе жатқан елдеріңіз үшін қуануға болады. Маргарет Скок (Канада):  – Біріншіден, қазақстандықтарды сайлаудың сәтті өтуімен және Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Осы сайлауда байқаушы ретінде Астана қаласындағы 12 учаскеде болдым. Барлығында да дауыс беру рәсімі жоғары деңгейде жүргізілді. Халықтың бойынан мақтаныш сезімі білініп тұрды. Ерекше атап өтетін жайт, жасы келген адамдар да сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасап жатты. Олармен тілдескенімізде, жастарға үлгі көрсетіп, ел болашағы үшін дауыс бергендерін жеткізді. Сондай-ақ, кішкентай балалардың келуі де біз үшін таңсық жағдай болды. Халықтың сайлауға бейжай қарамайтыны қы­зық­тырады. Тіпті, дауыс беру үшін ерте келуінен жауап­кер­шілікті қаншалықты сезінетіндерін аңғардық. Осыған дейін бірнеше сайлауға байқаушы ретінде қатыстым. Бірақ, дәл кешегідей халықтың белсенділігін алғаш рет көрдім. Андреас Ян (Германия): – Қазақстандағы сайлау науқанына байқаушы ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Біз екі күн ерте келгендіктен, сайлауға дайындық жұмыстарын бақылауға да мүмкіндік алдық. Мен үшін бәрі өте қызықты болды. Біліктілігімді арттырып, мол тәжірибе жинадым. Дауыс беру аяқталғаннан кейін санау жұмыстарына қатыстық. Сайлау барысындағы барлық үдеріс әділ әрі ашық өтті. Дауыс беру кезінде 4 сайлау учаскесінде жұмыс істедім. Барлығында да сайлаушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Соның ішінде әйел адамдардың көптігін айрықша атап өткім келеді. Нәзік жандардың өз таңдауларын жасауға жауапкершілікпен қарағаны көңіл қуантады. Бұған дейін Албания, Өзбекстан және Того мемлекеттеріндегі президент сайлауларына байқаушы ретінде қатыстым. Одан басқа да саяси додалардың куәсі болдым. Алайда, дәл Қазақстандағыдай белсенділікті байқай алмадым. Тіпті, темірдей тәртіпке үйренген Германия халқының өзі дауыс беруге келгенде мұншалықты белсенділік танытпайды. Даниель Алан Витт (АҚШ): – Өзімді Қазақстанда өткен сайлаулардың «ардагерімін» деп санаймын. Себебі, бұл менің байқаушы ретінде алтыншы сайлауға келуім. Осыған дейін сіздердің елде өткен парламенттік және президенттік сайлауларда болдым. Байқаушы ретінде біз сайлауды басқалар тәрізді бағаламаймыз. Өйткені, техникалық сарапшы емеспіз. Дауыс беру рәсімін өзге қырынан бақылаймыз. Жалпы, Қауымдастығымыздың Орталық Азияда сарапшы ретінде жұмыс істеп келе жатқанына 75 жыл болды. Қазақстанмен 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Содан бергі елдеріңізде өткен барлық сайлауды тұрақты демократиялық институттарды қалыптастыру жолындағы сатылар деп бағалар едік. Ал кешегі өткен сайлауда Қазақстан халқы сол демократияны нығайту үшін кезекті қадамдарын жасады. Өз болашақтарына сеніммен қарап, таңдау жасаған барша қазақстандықты сайлаудың ойдағыдай өтуімен құттықтаймын. Кешегі сайлаудағы назарымызды аударған жағдай халықтың ерекше белсенділігі болды. Мысалы, АҚШ-та сайлаушылардың – 40 пайызы, Батыс Еуропа елдерінде 50-60 пайызы ғана өз мүмкіндіктерін пайдаланады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіштің 70-80 пайызға дейін жетуі ерекше атап өтетін жайт. Тіпті, ертемен келіп дауыс бергендер де кездесті. Олардан не үшін осыншалықты ерте келгенін сұрағанымызда, бұл әрекеттерін елдегі тұрақтылықтың, гүлденудің және бірліктің белгісі ретінде түсіндірді. Сондай-ақ, дауыс берушілер өз болашақтарын қазіргіден де жақсартқысы келетіндерін, сайлауға соның бір жолы ретінде қарайтындарын айтты. Ричард Уильям (АҚШ): – Мен Қазақстанға сайлаудан бір күн бұрын келіп, Назарбаев Уни­верситетте, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және басқа да жерлерде студенттерге дәріс оқыдым. Сол кезде мені Қазақстандағы жастардың болашаққа деген көзқарастары, олардың көрегенділігі ерекше таң қалдырды. Жергілікті сарапшы мамандармен кездескенімде де осы ерекшелікті байқадым. Меніңше, қазақстандықтар АҚШ-та болып жатқан динамикалық үдерістерді лайықты деңгейде түсініп, әлемдік ахуал жайында өз ойын толық жеткізе алады. Бұл сіздердің елдеріңіздегі халықаралық ақпараттарға қолжетімділіктің көрінісі. Тағы бір байқағаным, Қазақстандағы болашақ саясаткерлер кез келген келеңсіздікті жеткілікті деңгейде түсініп, одан шығудың жолдарын таба біледі. Сондықтан болашақ сіздің жастардың қолында екенін айтып, барша қазақстандықты құттықтағым келеді. Владимир Сокор (АҚШ): – Сайлау кезінде 30-дан астам учаскеде болып, дауыс беру үдерісіне бақылау жүргіздік. Одан бөлек, сайлау комиссиясының мүшелерімен, өзге байқаушылармен және сайлау­шылармен әңгімелесіп, олардың пікірлерін білдік. Нәтижесінде өткен сайлаудың сәтті болғанына көз жеткіздік. Бұның демократиялық сайлау процесін нығайтатын институттарды құруда маңызы зор. Сонымен қатар, дауыс берушілердің басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына сенім артатынын байқадық. Бұл халықтың партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген сенімі. Өйткені, сіздердің президенттерініз жаһандық және өңірлік дағдарыстарды еңсерудің жолын білетін көшбасшы. Мен 2012 жылдан бері сайлауларға байқаушы ретінде қатысып келемін. Содан бері Қазақстандағы сайлау комиссиясының жұмысы да жаңғырып, жандана түскенін айтқым келеді. Одан бөлек, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгенін, әсіресе, партиялар арасындағы телевизиялық пікірталастың ұйымдастырылуын жоғары бағалаймын. Дональд Бонкер (АҚШ): – Астанадағы сайлау барысында айтарлықтай заң бұзушылықтар болған жоқ. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен ең алдымен сайлаушылардың бойынан мақтаныш пен патриоттық сезімді байқадым. Халық өздерінің азаматтық құқықтарын пайдаланып, таңдау жасауда белсенділік танытты. Бұл қазақстандық сайлаушылардың саяси сауатының артқандығын білдіреді. Демек, Қазақстан дамудың даңғыл жолын жаңылмай тауып, дұрыс бағытта алға жылжып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Вальтер Швиммер (Австрия): – Сайлау кезінде қазақстандық байқау­шы­лардың қатарында жастар өте көп болды. Бұдан мұндағы қыз-жігіттердің саяси өмірге деген қызығушылығы қандай деңгейде екенін көруге болады. Сондай-ақ, комиссия мүшелерінде әйелдердің басым болуы да ерекше назарымды аударды. Бұл да елдегі әйелдер қауымының саясатқа бей-жай қармайтынын білдірсе керек. Дауыс беру кезінде сайлау құпиялығы толық сақталып, барлығы заң аясында жүзеге асты. Сондай-ақ, аты-жөні бойынша дауыс беру де демо­кра­тия­лық стандарттарға сай жүргізілді. Сондықтан сыни пікір білдіруге еш себеп жоқ. Аболхассани Шахреза Али, Ислам Ынтымақтастығы ұйымының өкілі: – Дауыс беру кезінде Ислам Ынтымақ­тас­тығы ұйымының өкілдері бірнеше сайлау учаскесінде болды. Сол кезде қазақ­стандықтардың елдегі демократиялық үдеріс­терге қызығушылық танытатындарын бай­қадық. Бізді әр қазақстандықтың елдің даму жолындағы жауапкершілікті сезінетіні тәнті етті. Сайлауға дейін де Астана қаласындағы кейбір учаскелерде болып, дайындық барысымен таныстық. Барлық жұмыстар лайықты деңгейде жүргізілгенін атап өткіміз келеді. Сайлау кезінде халық емін-еркін келіп, дауыс берді. Ешқандай қысымшылық немесе басқа да заң бұзушылық байқалмады. Сондай-ақ, шағымданушылар да болған жоқ. Біздің Ұйым алдағы уақытта бұл сайлау туралы ресми мәлім­демесін жасайды. Барлық қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен және сайлаудың өтуімен құттықтаймын. Яо Пэйшэн (Қытай): – Қазақстан халқы кезектен тыс өткен Парламент сайлауына асқан жауапкер­ші­лікпен қарады. Бұл жолы мен Қытай елі атынан байқаушы ретінде қатыстым. Бұрын Қазақстанда елші қызметін атқарғандықтан, бұл елдегі сайлауға қатысу мен үшін зор құрмет. Сайлауға дейін «Нұр Отан», «Ақ жол» ҚКХП сынды партиялардың жетек­шілері­мен кездестім. Бұл басқосудан Қазақ­стан халқының Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдай­ты­нын ұқтым. Оның елді дамыту жолындағы экономикалық рефор­малары халықтың көңілінен шыққаны байқалады. Сол себепті де сайлау кезінде ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ деп ойлаймын. Жалпы, Қытай үшін әрдайым Қазақстанның орны ерек­­ше. Әсіресе, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі шеңберіндегі бастамаларды бірлесіп іске асыруда біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Аталған істі Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолдауынсыз жүзеге асыру мүлдем мүмкін емес. Халүк Ипек (Түркия): – Сайлау кезінде Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) ха­лық­аралық сайлау миссиясының өкілдері 6 учаскедегі дауыс беру рәсіміне және бір учаскедегі санау үдерісіне қатысты. Ол жерлерде барлығы ұлттық заңнама мен халықаралық сайлау стандарттарына сәйкес өтті. Кейбір техникалық олқылықтар болғанымен, олардың саяси доданың өту барысына ешқандай кері әсері тимеді. Біз қазақстандықтарға дауыс беру үшін барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтеміз. Одан кейінгі дауыс санау кезінде де жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілді. Аталған үдеріске сайлауға түскен барлық саяси партияның өкілдері қатысқаны науқанның әділ және ашық өткенін білдіреді. Сондықтан ТүркПА миссиясы Қазақстандағы сайлаудың өту барысына жоғары баға береді. Еркан Айдын (Түркия): – Біз сайлауға дейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрған­құловпен кездесіп, дайындық жұмыс­тары­мен таныстық. Сонымен қатар, ТүркПА миссиясының мүшелері саяси партия­лардың өкілдерімен жүздесіп, сұхбаттасты. Аталған кездесулер барысында байқау­шы­лар әзірлікке қатысты атқарылған жұмыс­тар туралы толық хабардар болып, құқық­тық және ұйымдастыру-техникалық жағдай­лар­дың лайықты деңгейде екеніне көз жеткізді. Ал сайлау кезіндегі халықтың белсенділігіне келер болсақ, бұл қазақстандықтардың өз болашақтары үшін жауапты екенін және демократиялық бағытты таңдайтынын білдіреді. Біздер өз қызметтерімізде Қазақстанның сайлау заңнамаларын, сондай-ақ, бейтараптық және емеурін танытпау қағидаларын басшылыққа алдық. Низами Джафаров (Әзербайжан): – Алдымен, байқаушы ретінде сайлау­дың өту барысына көңілім толғанын айт­қым келеді. Біздің алаңсыз жұмыс істеуі­мізге жағдай жасаған Орталық сайлау комиссиясының барлық қызметкеріне алғыс айтамын. Қазіргі таңда бүкіл әлемде қиын эко­но­­ми­калық ахуал қалыптасқан. Соған қара­мастан Қазақстан алдағы бағыт-бағ­дарын айқындап, нық қадам басып келеді. Саяси және экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан сайлау өткізу батылдықты талап етеді. Бұл Қазақстанның қандай жағдай болса да шығар жолды алдын ала белгілеп, тек қана алда болуды қалайтынын аңғартады. Жаңадан сайланған депутаттардың жұмыстарына сәттілік және жеміс тілеймін. ТүркПА миссиясының өкілдері сайлау барысында ешқандай заң бұзушылықтың анықталмағанын және барлық техникалық жұмыстар жоғары деңгейде жасалғанын жеткізеді. Александр Цинкер (Израиль): – Мен сайлау кезінде ерекше назарымды аударған екі жайтты атап өткім келеді. Оның біріншісі халықтың белсенділігі болса, екіншісі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы. Расымен, қазақстандықтардың сай­лауға осыншалықты мән беруі барлық халықаралық байқаушылардың таң­данысын тудырды. Бұл көріністі сырттай бақылап тұрудың өзі керемет әсерге бөлейді. Себебі, халық сайлауды мереке ретінде қабылдап, ән айтып, би билеп жүрді. Сондай оқиғаның бірін ұялы телефоныма түсіріп алдым. Себебі, ол сәт менің балалық шағымды есіме түсірді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының белсенділігі жөнінде де ауыз толтырып айтуға болады. Бүгінде ХҚО-ның Қазақстанды өзге мемлекеттерден ерекшелеп тұр десек те қателеспейміз. Себебі, басқа елдерде сайлаушы тізімде өз аты-жөнін таппайтын болса, оның дәл сол күні дауыс беруі қиынға айналады. Көбінесе сотқа жүгінуге тура келеді. Ал кейбірі қолды бір сілтеп, өз азаматтық құқығын пайдаланбай жатады. Осыдан барып, берілуі тиіс дауыс жоғалады. Ал Қазақстанда бәрі керісінше. Тізімде жоқ сайлаушыларға бірден лайықты қызметтер көрсетіліп, барлық мәселе сол мезетте-ақ шешіледі. Вольфганг Гроссрук (Австрия): – Бұрындары Қазақстанда өткен алғашқы сайлау кезінде бірқатар ора­лым­сыздықтар болғаны белгілі. Бұл сай­лау комиссиясына, сайлаушылардың өздеріне, процесс сапасына қатысты. Ал осы сайлаудан ондай олқылықтардың бірде-біреуін кездестірмей, керісінше ілгерілегенін көріп, көңіліміз толып отыр. Кеше күні бойы сайлау учаскелерінде болып, биылғы сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқадық. Жоғары сапа көрсету үшін қызметкерлер де үлкен дайындықтан өткені атқарған істерінен аңғарылып тұрды. Австрияда мүмкіндігі шектеулі адамдардың хат арқылы дауыс беру жүйесі дамыған. Бұл Еуропада да бар тәжірибе. Қазақстан осы жүйені дамытып, келесі сайлауда үдеріске енгізеді деп Кристиан Миш (Швейцария): – Қазақстандағы сайлау жоғары дең­гейде өтті. Швейцария Парламент дең­гейінде Қазақстанмен тығыз қаты­на­с­та. 2014 жылы бұл елге алғаш рет кел­­ген болатынмын. Демократиялық про­­­­цестің сіздердің елдеріңізде дамып жатқанын өз көзіммен көрдім. Сон­дай-ақ, президенттік сайлау кезінде де кел­дім. Өткен сайлауға қатысты еш­қан­­­дай ескертуім жоқ. Техникалық жағы­­нан бәрі жоғары деңгейде өтті. Бұл тұрғыдан Қазақ­стан­­ның алға қарай қадам басқанын аңғару қиын емес.