Еуропа мен Түркия келісімге келді
Үстіміздегі жылдың 18 наурызы күні Еуропалық одақ пен Түркия арасында босқындар проблемасына қатысты көптен күткен келісімге қол жеткізілді. Еуропалық кеңес президенті Дональд Туск пен Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы екіжақты келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде мәселені реттеудің ортақ келісіміне қол қойды. Қазіргі күні бұл келісімнің қорытындысын сарапшылар талқылау үстінде.
Олардың бірқатарының мәлімдеуі бойынша, Еуропа үшін Түркиямен аталған мәселе жөнінде келісімге келу құрлықтың осы бөлігін әбігерге түсірген миграциялық дағдарысты реттеуге мүмкіндік береді. Ал Түркия үшін мұның пайдасы, бұл ел енді Еуропалық одаққа мүшелікке өтуге бұрынғыға қарағанда біртабан жақындай түсті деуге болады. Оның үстіне Түркия азаматтарының Еуропаға виза алуына жасалынатын шектеулер жойылады.
Алайда, сарапшылар әскери жанжалдарға тап болып отырған елдегі мигранттар үшін бұл келісімнің бірқатар қиындықтар тудыратындығын айтып отыр. Олар үшін Еуропа қиындықтан шығудың соңғы үміті секілді болып келген болатын. Енді үміт есігі олар үшін жабылуға тиісті.
«Бұрын бізде Еуропаға жетудің өзіндік бір есігі болып келіп еді. Енді ол есік жабылды», дейді Еуропаға осыдан бірнеше күн бұрын жеткенімен, Түркияға қайта қайтарылған сириялық босқын Исси Адам. Оның айтуынша, енді ол өз болашағын Түркияға қатысты ойластыратын болады.
Қазіргі күні, яғни үстіміздегі жылдың 20 наурызынан бастап Еуропаға бару үшін Грекияға жеткен босқындар Эгей теңізі арқылы Түркия аумағына қайта қайтарылуда. Еуропалық одақ Түркиямен арада осындай келісім жасасу арқылы өз ішіндегі миграциялық проблеманы шешуге кірісті. Ал Түркия босқындарды Еуропалық одақ елдеріне жібермей, өзіне қабылдағаны үшін тиісті жәрдем алатын болады.
Келімсектер беті қайтар емес
Еуропалық одақ пен Түркия арасында тиісті келісім жасалғанымен, босқындар Еуропалық елдерге жетсек деген өз ниеттерінен бас тартпай отыр. Келісім күшіне енген алғашқы күннің өзінде бірнеше жүздеген мигранттар тобы Еуропалық одақ шекарасына өтуге әрекеттер жасаған. Бірақ, енді олардың жолын Еуропалық одақ пен Түркия арасындағы жаңа жасалынған келісімге сәйкес осы екі құрылымның бірлесіп атқару үстіндегі шаралары кесе бастады. Қолға түскен босқындар кері қайтарылуда.
Келісім әрекетке кіріскен күннен бастап 2 тәулік ішінде 875 мұсылман мигранттар Грек аралдарына келіп, рұқсатсыз тоқтаған. Қазіргі күні оларды Еуропалық одақтың тиісті органдарының өкілдері бақылауда ұстап отыр. Еуропалық одақтың ресми өкілдерінің мәлімдеуіне қарағанда, 19 наурыз күні түнде шығыстан Грек аралдарына келіп жеткен бұл босқындар енді Еуропалық одақ аумағынан шығарылып, кері қайтарылатын болады.
Алайда, Еуропалық одақ пен Түркия арасында тиісті келісім жасалынғанымен, заңсыз мигранттарды шығарып тастау үдерісі әлі толық қалыптаспаған секілді. Осыған байланысты, Грекия тарабы Еуропалық одақтан келетін 2 300 сарапшыны тосуда. Олардың арасында аудармашылар да болуы тиіс. Міне, осы сарапшылар тобы келгеннен кейін жасалынған екіжақты келісімді жүзеге асыру басталатын, яғни заңсыз келген мигранттар тиісті бағытқа қарай елден шығарылатын болады.
Мигранттардың пікіріне қарағанда, олар Еуропалық одақ пен Түркия арасында жасалған келісімге барынша наразылық танытуда. Олар өздерін Еуропалық одақ басшылары сатып кетті деп есептейді. Ал Түркия қалыптасқан қазіргі жағдайды пайдалана отырып, өз жағдайын ойластыруда. Бұл ел проблемадан пайда табуға ұмтылып отыр.
Жаңа келісімге байланысты пікірлер де әртүрлі. Бірқатар сарапшылар екіжақты жасалынған келісім халықаралық нормаларға сәйкес келмейді деп есептейді. Сондықтан, бұл құжат әлі сотқа жөнелтілуі мүмкін.
«Тіпті, келісім заңды деп саналғанның өзінде, оның орындалар-орындалмасына дұрыс кепіл жоқ», деп жазған Financial Times газеті.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия біріккен корольдігіндегі Amnesty International ұйымының директоры Кейт Аллен екіжақты қол жеткізілген бұл келісімді «Адамзат үшін қара күн» деп атаған. «Босқындарды келген бетте оларды жеткізген контрабандашылардың қолына қайта тапсыру – мейрімсіздік қана емес, сонымен қатар, нағыз ақымақшылық», деп жазады ол.
Сонымен, Еуропалық одақ пен Түркия арасында үстіміздегі жылдың 20 наурызынан бастап Еуропалық одақ аумағына өткен босқындарды Түркияға қайтару жөніндегі келісім әрекетке кіріскенімен, бұл жағдай мигранттардың еуропалық елдерге жетсек деген әрекетіне әзірге тоқтам сала алған жоқ. Бірақ, енді оларға еуропалық есіктің ашылуы барынша қиындай түсті. Өйткені, қазірдің өзінде олар ұсталынып, қайта қайтаруға әзірленуде. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қолға түскен босқындар 4 сәуірден бастап Түркияға қайтарылатын болады. Мұнан әрі мәселенің қалай өрбитіндігін уақыт көрсетеді.
Бес түрлі сценарий
Еуроодақ пен Түркия арасындағы жасалған келісім босқындар ағынын ауыздықтай алмайды деп есептейді немістің SAT талдау орталығы. Оның болжауынша 2016 жылы Еуропалық одаққа бірнеше миллиондаған мигранттар келетін болады.
Бұл орталық мамандары компьютерлік модельдеу әдісімен оқиғаның өрбу нұсқаларын алдын ала есептеп шығарған. Зерттеудің алғашқы нәтижелері үстіміздегі жылдың ақпан айында жарияланып, онда Еуропалық одақ лидерлері Түркия мен келісімге қол жеткізген жағдайдың өзінде босқындар ағымын тоқтата алмайтындығы мәлімделген.
Зерттеу авторлары мәселе ең сәтті жағдайда реттелді дегеннің өзінде 2016 жылы ЕО-ға 1 миллионнан астам адам келетін болады деп есептейді. Осыған байланысты олар оқиғаның бұдан әрі өрбуінің 5 түрлі нұсқасын ұсынып отыр.
Бірінші нұсқа. Еуропа мен Түркия босқындар мәселесі жөнінде келісімге келгенімен, мигранттардың Еуропаға келуі тоқтамайды. Өйткені, бұл келісім Сирия жанжалын тоқтата алмайды. Құрамында сириялықтардан тыс ауғандықтар, ирактықтар және пәкістандықтар бар мигранттар енді Еуропаға Солтүстік Африка мен Кавказ арқылы келетін болады. 2016 жылы бұл жолмен орта есеппен 1,3 миллион, ал көп дегенде 2,1 миллион адам келетін болады.
Екінші нұсқа. Алдағы уақытта Сириядағы азамат соғысы тоқтап, босқындар проблемасы әлсіреуі мүмкін. Бірақ соған қарамастан SAT есебі бойынша Сирияда бейбіт жағдай орнады дегеннің өзінде 2016 жылы Германияға 1,8 миллион босқын келеді. Өйткені, «Балкан маршруты» ашық қалады. Бұл жолды Ирак пен Ауғанстаннан шыққан босқындар пайдаланатын болады.
Үшінші нұсқа. Егер Сириядағы азамат соғысын тоқтатып, осы арқылы босқындар ағынын азайтудың сәті түспесе, онда «Балкан маршруты» жартылай жабылатын болады. Ондайда бұл жолмен жүруге Сирия мен Ирактағы әскери іс-қимылдар жүріп жатқан аудандардан қашқан адамдар рұқсат алатын болады. Бұндай жағдайда 2016 жылы Германияға 2,3 миллион адам келу мүмкіндігі қарастырылады. Ал экономикалық мигранттар Еуропаға жетудің басқа да баламалы жолдарын, мәселен, Жерорта теңізі мен Италия арқылы жету жолдарын қарастырады.
Төртінші нұсқа. Алдағы уақытта Африка құрлығында да жағдай ушығуы мүмкін. Бұл өңірде де жаңа жанжалдар туындау ошақтары бар. Мәселен, мұнай бағасына барынша тәуелді болып отырған Нигерияда осындай жағдай орын алуы мүмкін. Өйткені, бұл елде «Боко Харам» ислам топтары әрекет етуде.
Сондай-ақ, Чад, Судан және Конго секілді елдерде де жағдайдың ушығу мүмкіндіктері байқалып отыр. Егер бұл елдер жанжал ошақтарына айналатын болса, сан мыңдаған жаңа босқындар пайда болады. Мұндай жағдайда олар Еуропаға Жерорта теңізі, Италия немесе Испания арқылы жетудің жолдарын қарастырады.
Мұның сыртында Ливия, Йемен, Египет елдерінде де жағдай мәз емес. Сөйтіп, алдағы уақытта Сирия жанжалы ауыздықталмайтын болса, Таяу Шығыс босқындарының қатарына енді Африка елдері мигранттарының пайда болу және қосылу қаупі бар. Мұндай жағдайда 2016 жылдың соңына дейін Германияға 3,7 миллион адам келуі мүмкін.
Бесінші нұсқа. Жоғарыдағы айтылған жайлар бойынша Сириядағы әскери жанжалдарға қатысты «Балкан маршруты» Сирия мен Ирак азаматтарынан басқаларына жабық деп есептелінді. Егер басқа елдер азаматтары үшін бұл жол ашық болатын болса, онда 2016 жылдың соңына дейін Германияға 6,4 миллион адам келуі мүмкін.
Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».