31 Наурыз, 2016

Бағдарламалар орындалуымен тиімді

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
7840-6-vklad_zhenshin_v_vvp_ka_ruКеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымды­ғы­мен Президент жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.  Онда екі мәселе қаралды. Оның бірі «Өңірлерді дамы­ту­дың 2020 жылға дейінгі бағ­дарламасына» арналса, ал екінші мәселеде «Аг­ро­бизнес-2020» агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған бағ­дарламаны» іске асыру барысы және заңдылықты сақтау мен тиімділікті барынша арттыру жағы талқыға салынды. Г.Әб­ді­қалықова күн тәртібіндегі мәсе­лелерді талқылау алдында Ел­басы Парламенттің жаңа сессиясын ашардағы сөзінде бюджеттік бағдарламаларға қатаң бақылау жасау және оның орындалуын қадағалау бойынша нақты тапсырмалар бергендігін еске салды. Келтірілген мәліметтерге қа­ра­ғанда, өңірлерді дамыту бағ­дар­ламасына тек 2015 жылдың өзінде рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджет­терден 385 миллиард теңге бөлін­ген. Ал агробизнесті қолдау бағдар­ламасына 337 миллиард теңге жұм­салыпты. Жалпы, бұл бағдар­ламаларға бөлінген қомақты қаражат тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Бағдарламалардың ха­лық­тың тыныс-тіршілігі үшін қолай­лы жағдайлар жасауға арналған­дығына екпін түсірген Мемле­кеттік хатшы оның әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге, ауыз сумен қамтамасыз етуге, қазақстан­дық өнімнің бәсекеге қабілетті­лігін арттыруға және ауыл шаруа­шылығын қаржылық сауықтыруға бағытталғанын ерекше атап өтті. Сондықтан да Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына орай орта­лықта да, сондай-ақ жергілікті жерлерде де бағдарламаның ере­же­лерін дер кезінде әрі тиімді орын­дау маңызды. Айта кету керек, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес мә­се­лелері жөніндегі комиссия жұмысына бейне-селектор ре­жімінде облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкім­дері және өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комис­сияларының мүшелері қатыс­ты. Отырыс барысында, сон­дай-ақ, Бас прокурор Асхат Дауыл­баев, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамыт­беков, Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскен­баев баяндама жасады. Жал­пы құқық қорғау және бақы­лау­шы органдар Өңірлерді дамы­тудың 2020 жылға дейінгі және «Агробизнес-2020» агроөнер­кәсіп кешенін дамыту жөнін­дегі 2013-2020 жылдарға арнал­ған бағдарламаларын іске асы­ру кезінде жол берілген заң бұ­зу­шылықтар, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мен орын­сыз ысырап ету фактілерін анық­тап отырғандығы да аталмай қалмады. Бұл орайда, көп­теген құқық бұзушылықтар мем­ле­кет­тік сатып алу рәсімдерін өткізу­мен байланысты екендігін айта кет­кен жөн. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ете­тін себептер мен жағдайларды жою үшін Комиссия тарапынан Ұлт­тық экономика және Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лік­теріне, квазимемлекет­тік сек­тор субъекті­­­лері­не, жер­гі­лікті атқарушы ор­ган­­­­дарға сыбай­лас жемқорлық тәуе­­­кел­деріне ішкі талдау жүргізу ұсы­нылды. Бағ­­дар­ла­маларды іске асы­ру ба­рысын­­дағы ашықтықты және объек­тивтілікті барын­ша қам­тамасыз ету үшін мем­ле­кеттік бағ­­дарламалардың орын­далу барысы мен сапасы­на мониторинг жүргізу үшін қоғамдық кеңестердің өкіл­дерін белсенді түрде тарту қажет­тігі қошталды. Отырысты қоры­тын­ды­лай келе, Мемлекеттік хат­­шы Г.Әбді­­қалықова жаңа­дан қа­был­данған «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мониторингті уақ­тылы өткізудің қажеттігін қа­дап айтты. Бұл, өз кезегінде, заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Комиссия отырыс қорытындысы бойынша мем­ле­кеттік органдарға нақты ұсы­ным­дар мен тапсырмалар берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».