– дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы Аққали АХМЕТ
– Елбасының өткен аптада Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммиттегі әлемдегі бүгінгі ахуал туралы сөзімен танысқан боларсыз.
– Қазіргі уақытта, дәлірек айтқанда, соңғы он бес жылдан бергі кезеңде әлемде аумалы-төкпелі ахуал қалыптасып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған саммитте мұның бірнеше себебі барына тоқталды. Біріншіден, ең басты себеп ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отырғанына тоқталды. Демек, әлем елдерінде ядролық қаруды дамытуға ұмтылыс байқалатынын астарлап жеткізді. Екіншіден, әлемдегі халықтың қолында 1 миллиардтан астам атыс қаруы барын еске салды. Сол қарудың шүріппесі күн сайын басылып, әлемде мыңдаған адамның ажал құшуына себеп болып отыр. Үшіншіден, қазір әскери қауіп те бүкіләлемдік қасіретке айналатындай сипатқа ие болуда. Төртіншіден, халықаралық қатынаста жанжал тұтанатындай болса, әскери қақтығыстардың географиялық ауқымы кеңейіп, әлем тарихындағы соғыстар Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегінен асып түсуі ғажап емес.
Елбасы адамзаттың бейбіт өміріне қауіп-қатер төндіріп отырған осындай себептерді ашып айтып, халықаралық терроризмнің қаһарына да тоқталды. Өйткені, дау-жанжалдың кесірінен тұрақтылығынан, бейбіт өмірінен айырылған елдер көбейді. Миллиондаған адам туып-өскен жерін тастап, бұрын өзі түгілі, ата-бабасы аяқ баспаған мүлде жат елге, жат жерге босқын болып ағылуда. Соның ішінде әлі де бесіктен белі шықпаған бейкүнә періште кейпіндегі сәбилердің не кінәсі бар еді? Түптің-түбінде әсіресе, Еуропа елдерінде миграциялық соғыс өршіп кетуі мүмкін. Өйткені, әр елдің заңы басқа, салт-дәстүрі мен құндылықтары да өзгеше, тілдік кедергілер де бар. Осының бәрі босқындар тарапынан қылмыстық әрекеттерге ұласып жатса, мұның арты ұлтаралық жанжалмен жалғасуы да ғажап емес деген күдік те басым. Сонымен бірге, қазір әлемде қаншама адамдардың маңдай терімен тұрғызылған тарихи қалалар қирап жатыр. Әр елдің тарихы мен салт-дәстүрлері секілді ұлттық құндылықтарын паш ететін құнды ескерткіштер де бұзылды. Әр адам үшін кіндік кескен туған жерін тастап, босқын атану оңай дейсіз бе? Осындай түйткілдің кілті адамзат үшін тек соғыссыз әлем құруда екенін барша түсінеді. Алайда...
– Алайда деп қалдыңыз...
– Олай деуімнің мәнісі мынада. Қай кезде де ірі державалардың басшылары әр деңгейдегі басқосуларда әлемнің тыныштығын ойлаған сипат танытады. Алайда, іс жүзінде үнемі олай болмай жататынына көз жетіп отыр. Бұған мысал ретінде әлемдік экономикада көшбасшылыққа ұмтылған ірі елдердің экономикалық санкциялар салып, бір-бірін тұқыртуға ұмтылуын айтуға болады. Ал мұндай қырғи-қабақ көзқарастың әсері көптеген елдердің экономикасына теріс ықпалын тигізіп отырғаны да жасырын емес. Егер бүгінгі ірі державалар өткеннен сабақ алып, адамзаттың бейбіт өмірін сақтауға мүдделі болса, әлем қазіргідей ұстараның жүзінде тұрғандай кейіпке енбес еді. Олар Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, адамзаттың тыныштығын көздеген Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінен үлгі алса, бүгінгі босқындар мәселесі, әр елде көрініс тауып отырған жанжалдар да, экономикалық дағдарыс та орын алмаған болар еді.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқымды бағдарламаның қажеттігін көтерді ғой.
– Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі ізгі арманы. Сол кездің өзінде-ақ біздің бейбіт ел екенімізді танытып, ядролық қарудан бас тартты. Осы мақсатта Семейдегі ядролық тажал ордасына айналған полигонды жауып, әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындай пәрмен беретін ядролық қарудан бас тартқан тарихи шешім қабылдады. Өйткені, Семейдегі полигонда сынақтан өткізілген ядролық қарудың халқымызға орасан зор зияны мен зардабын тигізгенін жақсы біледі. Ядролық сынақтың кесірі халқымыздың ұлы ойшылы Абай мен көр құдықтың зардабын тартқан Шәкәрімдей, солардың ізбасарындай Мұхтар Әуезов секілді заңғар жазушы дүниеге келген, Алаш туы тігілген Семейдей тарихи жерге де улы запыранын төкті.
Елбасы әлемді уысында ұстағысы, жаһанға әмірін жүргізгісі келетін мақсатты көздеген болса, Семейдегі полигонды жаппас еді, ауыр зардабы бар ядролық қарудан бас тартпаған болар еді. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев кейбіреулердің көкейін тескен әміршіл мақсатты емес, адамзаттың бейбіт өмірін қалайтын, әлемнің тыныштығын көздейтін даналық қасиеті барын көрсетті. Және үнемі ядролық қарусыз әлем құрудың өзектілігін айтып келеді. Президентіміздің бұл бастамасы әлемді елең еткізді. Тіпті, БҰҰ Бас Ассамблеясы да Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл идеясын қолдап, 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдады.
Міне, осының өзінен адамзатқа соғыссыз әлемнің қажеттігін ұғыну қиын емес. Енді «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқымды бағдарламаны әр ел, әр елді басқарып отырған басшылар, жалпы, адамзаттың бейбіт тіршілігін аңсайтын әр адам қолдайтынына сенемін. Жалпы, қауіп-қатерді болдырмауға, адамзаттың бейбіт өмір сүруін қалайтынын ең басты дамудың кілті – бейбіт өмір. Қырғи-қабақ көзқарастан, түрлі экономикалық санкциялар мен басқыншылық әрекеттен туындайтын соғыстың зардабы өте ауыр болады. Ең өкініштісі, соғыста құрбан болатындардың көбі бейбіт тұрғындар, яғни бұл – адам ресурсы. Ал адам ресурсының орнын толтыру және өте қиын. Сол себептен, Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыссыз әлем қажеттігін көтерген ұсынысын қолдаймын. Иә, адамзатқа соғыссыз әлем кұру қажет.
Әңгімелескен
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.