07 Сәуір, 2016

Діни басқарма пәтуасы: «Азаматтық некеге» үкім қатал

628 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Азаматтык некеЖуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңе­сінің ХІ отырысында азаматтық некенің үкіміне қатысты пәтуа қабылданды, деп хабарлады ҚМДБ-ның баспасөз қызметі. Пәтуаның толық мәтіні төмен­дегідей: «Соңғы кезде қоғамда ер мен әйелдің ерікті түрде бір-бірін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, туған-туыстарына жарияламай ерлі- зайыпты болып бірге тұратын «азаматтық неке» ұғымы пайда болды. Кейбіреулер оны «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. Алайда, некесі қиылмаған «азаматтық неке» шариғатта неке­сіздікке жатады. Себебі, АХАЖ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмай жақындасу зина ұғымына кіреді. Осылайша, екі тарап «ерлі-зайыпты болуға дайын­дық, тәжірибе» деген желеу­мен ауыр күнә болып саналатын зи­нақорлықты ақтауға тырысады. Негізінде, мұсылман шариғатында халал мен харам анық ажыратылып көрсетілген. «Азаматтық некенің» шари­ғатқа қайшылығы мынадай:
  1. Азаматтық некеде неке қиыл­май ер мен әйел төсек қаты­насына барады. Ал неке қиылмай төсек қатынасына бару шариғи тұрғыдан зинаға жатады. Зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде зинаға мүлде жоламауды қатаң ескерткен:
«Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят) делінеді.
  1. Азаматтық некенің салдарынан дүниеге келген бала ойнастан туған болып есептеледі.
  2. Дүниеге келген сәби шариғи тұрғыдан мұрагерлік, қамқорлық құқықтарынан айырылады.
  3. Сәбидің ата-анасы шариғат бойынша зинақор деген атауға ие болып, Алланың құзырында ауыр есепке тартылады.
  4. Отбасылық жауапкершілік сақталмайды. Негізінде, ер-аза­матқа отбасын асырап-бағу, нә­пақа табу міндеті жүктеледі. Ұр­пақ тәрбиесі, үй шаруашылығы әйел­дің еншісінде. Ал азаматтық некеде мұндай жауапкершілік мүлде сақталмайды. Олар, бар бол­ғаны, бір-бірін сынау, тә­жірибе мақсатымен ғана бірге тұрады.
  5. Жетесіз нәсілдің қалып­та­суына апарып соқтырады. Себебі, қазақ жұрты өзінің тегін, ұлтын білмейтін ұрпақты жеті атасын білмегенді «жетесіз» деп атаған.
Үкім:
  1. АХАЖ бөлімінде ресми тір­келмей немесе мұсылманша неке қиылмаған «азаматтық неке» – зина болып саналады.
  2. Жоғарыда аталған теріс сипаттағы «азаматтық некенің» шариғаттағы үкімі – харам.
  3. Мұсылман баласы арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәдан аулақ болуы тиіс».